Мәдениет

Жеткіншектер ықыласын оятты

Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №3 балалар кітапханасында жас жазушы Елдос Тоқтарбайдың «Тау құсы» кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға белгілі журналист-жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жанат Елшібек қатысып, авторға ағалық ақ тілегін жеткізді.

Бұл кітапқа балаларға арналған әңгімелер мен ертегі-хикаяттар енген. Туындыға жеткіншектердің ықыласы өте жоғары болып жатыр. Кітаптың бірінші, екінші, үшінші басылымдары лезде таралып кетті. Қазір 10 мың данамен шыққан төртінші басылымы сатылып жатыр. Кітап «Абай» телеарнасының «Үркер» бағдарламасында да талқыланды.

«Социалистік реализм балалар әдебие­тіне де әсер еткен. Елдостың жаңа кітабы осының бәрін түсініп барып жазылған» деді бағдарлама жүргізушісі, көрнекті жазушы Жүсіпбек Қорғасбек.

Ал автордың айтуынша, кітапта мораль оқу мен дидактика жоқ. Кітапты оқып отырып, бала өзінің қателігін өзі түсінеді. Кітаптағы әр шығарманың тілі көркем, жеңіл оқылады. Әр туынды өз оқырманының көңіліне әсер етіп, елі мен жерін сүюге, төл тарихын қастерлеуге шақырады.

Тұсаукесерде автор оқырмандарға игі тілегін айтып, кітап оқуға деген ықыластарының күннен-күнге артуына тілектестігін жеткізді. «Тау құсы» балалардың сүйікті кітабына айналады деп сенім білдіріп, жас оқырмандарға қолтаңба жазып берді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button