Басты ақпаратМәдениет

ЖЕТПІС ЖӘНЕ ЖИЫРМА БІР

Осы тұрғыдан Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театры алғаш шаңырақ көтерген күннен-ақ белгілі режиссерлар Ж.Омаров, Қ.Жетпісбаев, Халық Қаһарманы Ә.Мәмбетовтің табанды еңбектерінің арқасында осалдық танытқан емес. Соның арқасында сахна төрінен М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтановтармен қатар орыс, ағылшын, француз, қырғыз, әзірбайжан, өзбек классиктерінің шығармалары бір түсіп көрген жоқ. Академиялық атақ алуы театрдың қазіргі басшысы Еркін Жуасбек қызмет істеп тұрған шаққа тұспа-тұс келуінде де заңдылық бар. Ол жастай театр сынымен айналысты, театр қайраткерлері одағын басқарды, неміс және М.Әуезов атындағы академиялық театрдың басшылығында жүріп қайнаған еңбектің тезінен өтті.

Өзі де белгілі драматург. Басқаша айтсақ, театрға қатыстының бәрін толық меңгерген білікті басшы деуімізге әбден болады оны. Мысалы, мен жақсы білетін Алматы облыстық Б.Римова атындағы драма театрында аптасына екі-үш қана қойылым көрсетілетін. Театр маусымы қараша айының басында ашылып, мамыр айының орта тұсынан аса бере жабылып қалатын. Ал Қ.Қуанышбаев атындағы Астана театрында бір ай еңбек демалысы кезінде болмаса, жылдың басқа уақытында күн сайын спектакль қойылып, сахна еш уақыт бос тұрмайды екен. Сонымен бірге, мұнда театр репертуарын жарнамалау, өнер ордасының имидждік беделін қалыптастыру, көтеру шаруасы да жақсы жолға қойылған.

Ақпараттық құралдар өз алдына, қалалық жолаушылар көлігі – автобусқа кіріп келсең де, маңдайдағы монитордан кешке не болатынын, алдағы жаңалығын сол жерден-ақ біліп аласың. Әрине, театр үшін ең бастысы – жарнама, оның репертуары, артистерінің ойын өрнегі екендігі даусыз. Тақырыптық жағынан да, жанрлық жағынан да мұнда репертуар үлкен талғаммен іріктелген. Маусым жабылар ауызда Ғ.Мүсіреповтің атақты «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы сахналанып, көрермен сарабына ұсынылуының өзі де театрдың өрлеу үстіндегі тегеурінін көрсетеді.

Осы орайда, өнер ұжымындағы шығармашылық жаңа леп, жемісті ізденіс басшы біліктілігі мен менеджерлік қабілеттілігіне де тікелей байланысты болатынын айта кеткеніміз жөн.

Осындай өрлеу үстіндегі академиялық театрда атақтарын адал еңбектен тапқан, өзіндік шығармашылық өрнегі, бояу палитрасы, көзқарас пайымы, темпераменті бір-біріне ұқсамайтын үш режиссер жұмыс істейді. Бұған дейін «Ізгілік формуласы», «Бір түп алма ағашы», «Гамлет» спектакльдері туралы газет бетінен пікір айтқанымызда, үшеудің екеуі Ә.Оразбеков пен Б.Ұзақовтың режиссерлық ерекшеліктеріне де шама-шарқымызша аз-кем тоқталып өткен болатынбыз.

Бұл жолғы негізгі әңгіме «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклі жайында болғандықтан, әрине, оны қойған режиссер Н.Жұманиязовқа да соқпай өте алаймыз. «Ақан сері – Ақтоқты» – әдебиетіміздің көрнекті сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің алтын қаламынан туған асыл жауһарлардың бірі. Алғаш рет 1942 жылы 3 қыркүйекте қойылған. Басты ролдерде, ол кезде өрімдей жас, кейін қазақ театры мен киносының жарық жұлдыздары болған атақты әртістер ойнап, Ақан сері образын Ш.Айманов, Ақтоқтыны Ш.Жандарбекова, Науан хазіретті Қ.Бадыров, Жалмұханды Е.Өмірзақов, Қоңқайды С.Қожамқұлов, Мылқауды Қ.Қуанышбаев сомдаған еді. Әу дегеннен шығарма қазақ драматургиясы мен театр тарихының жарқын жаңа бір белесі деп бағаланды.

Сол күнмен есептесек, «Ақан сері – Ақтоқтының» сахна төрінен түспей келе жатқанына биыл тура жетпіс жыл толыпты.

Классикаға тән нағыз шуақты өнер ғұмыр. Бір сүйсінерлігі, біз сөз етіп отырған Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театры да алғаш шаңырақ көтергенде, шымылдығын

1991 жылы 15 қарашада осы спектакльмен ашқан-ды. Сахналаған Астана театрын құрғандардың бірі, белгілі режиссер марқұм Жақып Омаров болатын. Оған да міне, аттай жиырма бір жыл толып отыр.

Жетпіс жылдық тарихы бар, барлық театрларда қойылған, 1958 жылы қазақ мәдениеті мен өнерінің он күндігі өткенде «Ақын трагедиясы» деген атпен Мәскеу сахнасында көрсетілген пьесаны сахналаудың, бір қарағанға, еш құпия сыры қалмағандай көрінуі мүмкін. Жоқ, олай емес. Советтік кезде, коммунистік дүниетанымдық идеология қалыбынан шыққан шығармалардың, бүгінгі көзбен қарағанда, осы қалай дегізетін түсініксіз тұстары аз кездеспейді.

Мысалы, ол заманда елдің санасына дін қызметшілері – қожа, молдалар халықты қанаушы үстем тап өкілдері, олар бай манаптармен бірігіп, қарапайым қалың бұқараны тұқыртып қараңғылықта ұстады дегенді; халықты өнер-білім жарығына жолатпады, елге көзін аштырмас үшін ақыл-ойдың тұтануына жол бермей, ондайды дереу дін апиынмен әдейі улап тастап отырды дегенді тықпалаумен болды.

Сол себепті бұрынғы көрермен Науан хазіреттің образына «өзіне сол керек» деп қыбы қана жек көріп қараса, сол кешегі дінсіздіктен мәңгүрттеніп кете жаздап, қазір ғана ес жинап, дүниені жаңаша парасат көзімен тани бастаған бүгінгі көрермен, әрине, бұларды мүлде басқаша пайымдайды. Осы ретпен, Қызылжардың Уәли мешітінде молдадан дәріс алған діни сауатты Ақан серінің кейбір қылықтарына секемдене қарауы да мүмкін. Иә, бұрынғы өткен классиктердің шығармаларындағы артта қалған ескі замана үнін, яғни сол қоғам адамының басынан кешкен тағдыр тәлкегін бүгінгі күнмен үйлестіру театр тіршілік тынысының бір саласы екені даусыз. Ендеше, «Гамлетті» сахналағанда да, «Ақан сері – Ақтоқтыны» қолға алғанда да ұжым осы ұстанымды тірек еткен болар деп ойлаймыз. Десек те, «Гамлеттен» гөрі «Ақан сері – Ақтоқтыны» сахналау қиындау соққаны байқалады.

Өйткені, жоғарыда ескерткеніміздей, Ғ.Мүсірепов шығармасындағы оқиға желісінде кезіндегі кертартпа идеологияның шырмауығына шырмалған тұстары аз емес қой. Қуанышқа орай, сол жасанды түйіндерді режиссер да, актерлар да біршама тарқата білген. Қанаушы, қаналушы жақ боп өзара өліспей беріспейтін өштікпен бет жыртысатын антоногизм, пьесада жазылғанындай, бұрынғыдай бадырайып көзге ұрмайды. Қайта, дау-дамайдың дауылы ел бірлігі, ел тыныштығы, имандылық деген мәні терең әлеуметтік ұғымдарға қарай ойыстырылған. Премьераның екінші күні мен режиссер Н.Жұманиязовтан пьеса мәтініне үстінен қосқандарың жоқ па деп сұрадым әдейі. «Жоқ, деді ол, бар болғаны діни ұстанымдарға байланысты автор ремаркасындағы кейбір емеуріндерді сәл-пәл ғана байыттық». Мұнысы ізеттілігі еді оның.

Өйткені, осы «сәл-пәл» спектакль болмысының тұздығына айналған. Сол ≪сәл-пәлдің≫ арқасында құран оқылатын, бата берілетін, иман келтірілетін тұстары толыққанды шыққан. Соның арқасында мұсылмандыққа иілген, исламды рухани арқауы еткен қазақ ортасын көреміз.

Соның арқасында Науан хазіреттің қоғамдағы орны да, оның жеке бас тұлғасы да пьесадағыдан көп биіктетілген. Спектакльде Науан образын кезекпен сомдаған ҚР халық артисі Тілектес Мейрамов та, әртіс Жанқалдыбек Төленбаев та хазіретті осы біз байқаған биігінен көрсете алды. Т.Мейрамовтың сомдауында Науан ешқандай мәмлеге бармайтын да көнбейтін бірбеткей, тым қатыгез боп көрінсе, ал Ж.Төленбаевтың Науаны көп қырлы: шегінеді де, алдайды да, кісіге қарағандағы қас қабағынан, дауыс ырғағындағы бірде жеңілгендей боп мәймөңкелеуінен, бірде шегедей қадалатын ызғарлы кейпінен шиеленісті болдырмауға тырысатын, бола қалған жағдайда оны ақыл айламен шешуді жөн көретін парасатты тұлға кейпінде есте қалады.

Ақан сері ролінде әртістер, ≪Дарын≫ жастар сыйлығының лауреаты Сайлау Қамиевтің және Жасұлан Ерболат ойындарын тамашаладық. Сайлау Ақан әндерін нәшіне келтіріп айтатын сұлу сазды асқақ әуенімен сүйсіндірсе, Жасұлан қазандай қайнаған ішкі әлемінің сыртқа тепкен ызалы қуатымен, илікпес жігерлілігімен, кейіпкерінің жанды жеген ішкі азабын көрсетуге талпынған шарасыздық асаулығымен ерекшеленеді.

Алайда, екеуінде де Ақандай шын талант иесіне тән басты қасиеті – сезімталдығымен қатар жүретін салиқалы сырбаздығы, ойшылдық салмағы жетіспей жатқаны да байқалады.

Бәлкім, жұрт көңілін әнімен аулаған Ақандай ел еркесі сері мойнына оның өз болмыс-табиғатынан тыс міндет жүктелгендіктен бе екен? Әрине, ол Гамлет емес. Гамлет тақ иесі – заңды мұрагер. Ал Ақан… Біздің ұлттық фольклорымызда, аңыз әңгімелерімізде билікке қарсы өзіндік басқа ұстаныммен күреске шығып жүрген күштер туралы айтылмайды. Сондықтан ба, большевиктік идеологияның айтағымен өткен қоғамнан таптық қайшылық іздегендер көбіне ондай тұлғаны әнші-күйші, ақындар арасынан тапқан сияқтанатын. Батыста күйші Құрманғазы, Арқада ақын, сазгер Мәди дегендейін. Әрине, Махамбеттің жөні бөлек. Ол – қолына қару алған адам. Халықтың мұңын мұңдау, жоғын жоқтау – өнер адамының қалыпты табиғи ұстанымы.

Әйтпесе, олар әні мен жырын кімге тыңдатар еді. Дауылды күйлерін кімдердің алдында тартып бере алар еді. Осындайды саясатқа айналдырып, олардан төңкерісшіл күрескер жасауға тырысу әлгіндей ақ жүрек өнер адамдарына да, шынайы тарихқа да қиянат болатын.

Танымдық талғамды бүлдіргеннен басқа түк пайдасы жоқ құр далбаса еді ғой. Сонда бұл жерде не қалады?

Өнер мен діннің шарпысуы қалады. Сөз жоқ, мешіт алаңы, оның іші жан-жақтан Құдайға құлшылық етуге шұбырған көпшілік үшін қасиетті орын. Құранның талабы бар, мешіттің келіп кетер жамиғатқа арналған Құранмен бекітілген тәртібі бар. Сол бойынша мешіт тұрған жерде жұртты иіріп қойып ән айтуға болмайды. Басқа жерде мейлің білсін.

Басқа жерде жұртпен бірге ән тыңдауға, оны көппен бірге сүйсінуге хазіреттің өзі де қарсы бола қоймас.

Мұсылмандық парызға жатпайтын бұзақылық қылықпен Құранның талабын белден басып, Мәрзияның (әртістер А.Бермұхамбетова, Г.Жүсіпова) мешіт алдында дарылдап ән салмақ болғаны дін ұстаушы хазіреттің түсінік көзімен қарасақ, шайтанның ісі, нағыз ібілістік екеніне кім күмән келтіреді. Мұның өзі Алла жолына күпірлік жасау, жын-шайтанға ергендік емей немене? Әрине, дін де, өнер де өз ісінің нәрін адамның жүрегіне бағыттайды. Бірақ әрқайсысы өз жолы өрісімен жүруге тиіс. Бірінің жолын бірі кеспеуі керек. Сен ығыса тұр, менің жолым сенікінен артық деуге тиіс емес. Діні бөлек барлық ұлттар мен ұлыстарда солай. Тіпті, дүниедегі әдеби ұлы шығармалардың көбі жарық дүниеге туарында дін нәрінен қуат алғаны мәлім. Абай шығармаларының қадір-қасиетін арттырған да оның өзегіндегі адами шынайы құндылықтарға негізделген діни наным сенімдер болғанын қазір ешкім де жоққа шығармайды. Әттең, өнбес жер- ден дау шықты, егес туды. Оның аяғы ушыға келе Ақан сері мен Ақтоқтының махаббатын улады. ≪Ұрыста тұрыс жоқ≫ дегендей, мұндай жерде күштер топтасады. Сұңғыла Науан хазірет қолынан билік кетіп, басынан бағы тайып, қара халықтан түрткі көріп, шарасыздықтан әруақ шақырып, бақырып жүрген Жалмұханды қолтығына тартып, оған аяқ астынан жал бітіре қояды. Дегенмен, ол да, актерлер Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

Ақыш Омар мен Қуандық Қыстықбаевтың кестелеуінде, қара жаяу қарабайыр емес. Оның адам ретінде кісілік болмысы, әсіресе, Ақтоқты (әртістер А.Танабаева, А.Жетпісбаева) екеуінің неке су ішетін көрінісінде жақсы айшықталады.

Мұны ұлттық болмысымызды мерейлендіретін көрініс десек те ләзім. Некелесіп жатқандардың бір-бірінен басқаға сырттағы әлдекімге көңілі болмауға тиіс. Сол үшін неке су ішер алдында молда арқылы жұбайлық адалдық пен тазалықты сақтауға Құдайға ант беріледі.

Керемет! Ақтоқты дәрменсіз, ол ата-ана алдындағы парызынан аттап кете алмайды. Еріксіз неке суы – ант суын ішеді. Ал әкесі Қоңқай (әртіс С.Үсіпәлиев) бақыттың шыңында, шексіз мәз. Қазақ әдебиетінде ≪Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы≫ Жантықпен қатар зерттеушілер сынына көп іліккен, жиі мақталған кейіпкер. Жантық қазақ әфсаналарының ешбірінен кездеспейді, Шекспир ықпалымен көлденеңнен, ойдан қосылған, ұлттық менталитеттің табиғатынан тысқары тұрған жасанды бейне деп көрнекті классиктеріміздің бірі Ілияс Есенберлиннің жақтырмай айтып кеткенін білеміз. Қоңқай туралы ондай пікірді өз басым ешкімнен естіген де, оқыған да жоқпын.

Бірақ қазақ қыздары әкелерінің бәрі балаларына солай қарады десек, ұлтқа жасалған қиянат болар еді. Әділі, бодандықтың құрсауы қазақ қоғамының тынысын тарылтып алқымдай бастаған кезде пайда болған тұрмыстық һәм рухани жүдеуліктің салдарынан еді бұл бейшаралық. Ғабаңдармен қатар шығып, ерте өліп кеткен ақын Сәбит Дөнентаевтың бақытсыз бойжеткен туралы белгілі өлеңі бар ғой. Сондағы ≪Шайтан алсын, шал алсын, Төкең байғұс мал алсын≫ деген жолдар шығармашылық тапқырлықтың шыңына баланып, кезінде әдеби оқулықтардан еш түспейтін.

Қоңқайдан сол Төкең шалдың сілемін көруге болады. Тек, әттең-ай десейші, қазіргі кейбір қыздарға малы көп шалға барасың ба деп сұраудың керегі жоқ, өздері–ақ жүгіреді, жылағанды айтасыз, дегені болса, бақытқа қолым жетті деп есептейді… Жә, біз сөз етіп отырған спектакльде Ақтоқты неке суын ішіп алып, артынан ант бұзады. Ақан сері сүйгені Ақтоқтының шешіміне көніп тұрып, артынан ши шығарады. Жалпы, Ақан бейнесінде бұлтақ жерлер көп.

Бірде ол Құран аяттарынан мысал келтіріп, дін туралы өз білігінің тереңдігін, Науан хазіреттің дүмшелігін дәлелдегісі келгендей болса, енді бірде батаға қол жаймайды, тағы бірде оның қолындағы таспиғын тартып алып, әнші серіге жараспайтын қылықтарға барады.

Мұндайда ол өзіне дейінгілерді мансұқтайтын, өмірдегі ешнәрсеге көңілі толмайтын орыс әдебиетінде И.Тургенов суреттеген Базаров секілді нигилистерге ұқсап кетеді.

Әйтеуір, қоғамда қалыптасқан үрдістерге қарсы жүрсе болғаны.

Ара-тұра өстіп елге өнерімен емес, осындай оғаштау қылықтарымен жағатын бірдүкес жанға да ұқсап кетеді. Келісіп тұрып келіспей қалған шалт мінезі Ақтоқтыға мезгілсіз ажал құштырады.

Тағы да І.Есенберлиннің ≪Қозы Көрпеш – Баян сұлу≫ туралы айтқан сыны – спектакльдің бір емес, бірнеше финалы бар дегені еске түседі. Мына қойылымда да Ақтоқтының өлімін күтпейтін сияқтысың. Аяқ астынан кенет өле қалғандай. Өйткені, ойынның бүкіл желісі мүлде басқаша шешім болатынын аңғартқандай еді…

Қалай болғанда да, ойын ешкімді немқұрайды қалдырмайды. Өте күрделі әрі қызықты болғандықтан, әркім өзінің өмірлік тәжірибесіне қарай, спектакльдегі көркем өмірді, кейіпкерлердің іс-әрекет, тағдыр талайын әр қырынан танып, бағалап, әркім өзінше ой түйіп шығары даусыз. Осы жерде режиссер Нұрлан Жұманиязовтың желілі, сюжетті, көпшілік мол қатысатын іс-әрекет пен қимылға толы шығармаларға бүйрегі бұрыңқырай ма деген ойымызды да білдіре кетпекпіз.

Осының алдында ғана ≪Даланың күйші Динасы≫ деген шығарманы қалай сахналағанын көріп, жоқтан бар жасағандай болған режиссерлық шеберлігіне тәнті болған едік.

Міне, енді тапсырыспен жасалған спектакльдерден қолы босап, белгілі классикаға қомағайлықпен бас қойғанына куәміз. Көргендер сүйсінді.

Ақан серінің тамаша әндеріне бойлары балқыды. Суретшілер Б.Бөрібаев пен А.Сырбаеваның сахналық шешімі көрерменнің оқиға орнын бажайлап, заман келбетін тануына жәрдемін тигізіп, сөйтіп, жалпы ойынды біртұтас жақсы қабылдауына көмектесе алды. Ал ойымызды түйіндесек, жетпіс жыл емес, жүз жыл өтсе де алғашқы қойылымдағы Шәкен, Шолпан, Қапан, Елубай, Қалибек, Серкелердің ойын өрнегін ешкім де екінші қайталай алмасы хақ. Заман да, адам да, талғам да өзгереді.

Сондықтан, біз қарастырған ≪Ақан сері – Ақтоқты≫ спектаклі бұрынғы үлгілерін қайталағанжоқ, бүгінгі күн тұрғысынан өз деңгейінде қойылды демекпіз.

Біз байқаған немесе байқамаған басқа да кемшіліктерге келсек, олардың алдағы қойылымдар барысында түзеліп кетеріне кәміл сенеміз. Спектакльдің ширығуы мен шыңдалуы премьералық бір-екі қойылыммен шектелмейтінін көзі қарақты көрермен, әрине, жақсы біледі.

Өтен АХМЕТ, өнертанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button