Мерей

Жетпістің жотасында жігерін жоғалтпады

Жақында Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы бекітіліп, жұмысына кірісіп те кетті. Оған бұрынғы құрамнан екі-ақ адам өтті. Соның бірі Марат Мұстафинді елорданың тыныс-тіршілігіне сергек қарайтын белсенді азамат ретінде жақсы білеміз. Қоғамдық кеңестердің тарихы басталған 2016 жылдан бері газет тілшісі ретінде отырыстарына қатысып жүріп, есімін жиі тілге тиек ететін едік. Оның себебі Марат Кәрімұлы бас қала мен шаһар тұрғындарына тікелей қатысы бар аса маңызды, өзекті мәселелер талқыланғанда үнсіз қалмайтын. Сөзіміз жалаң болмасын, бірнеше деректі де келтіре кетейік.

[smartslider3 slider=2887]

Елорданың Байқоңыр ауданының құрылғанына төрт жыл ғана болды. Марат Мұстафин былтыр көктемде осы ауданға қарайтын «Кирпичный» тұрғын алабындағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны жөндеу мәселесін көтерді. Ақыры мәселе оң шешілді. Марат Кәрімұлы шаһардың шеткі аймақтарын абаттандыру мәселесіне де жауапты мекемелердің назарын жиі аударатын. Үш жыл бұрын ономастика мәселелеріне арналған отырыста бас қалада көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек ­Тәшеневке ескерткіш орнату керектігін айтты. Сөйтіп көптің көкейіндегі мәселені дөп басты. Өткен жылы Жұмабек Ахметұлының ескерткіші елордада бой көтергенінен жұрт хабардар болуы керек.

Марат Кәрімұлы қаланың Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамында да белсенділігінен жаңылмайтынына сенімдіміз. Мәселен, жуырда «Жемқорлыққа қарсы стратегия­ны жүзеге асыру – Президент Жолдауынан шығатын маңызды міндет» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі ұйымдастырылды. Сонда сөз сөйлеген кейіпкеріміз әлеуметтік зерттеулер нәтижесіне сүйеніп, мемлекеттік мекемелердегі жемқорлық фактілерді әшкерелегендей болды.

Марат Мұстафин қоғамдық кеңестің энергия тиімділігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және экология мәселелері жөніндегі комиссияның мүшесі. Бұл – жанына етене жақын салалар. Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын он жылдықты үздік бітірген ол Қазақ химия-технология институтының инженерлік-құрылыс факультетін бітірді. Қолына дипломын ала саласымен, «туған жерге туың тік» демекші, өзін түлетіп ұшырған қасиетті Торғай топырағына қайтып оралып, еліне қызмет етуді бастады.

Бұл уақытта Торғай облысының құрылғанына көп бола қоймаған. Жиырма жастан жаңа асып, жастық жігері жалындап тұрған жігіт Есіл қаласындағы керамзит-бетон бұйымдары зауытында еңбек жолын бастап, шебер болып жұмысқа орналасты. Әрі қарай цех бастығы, зауыттың бас технологы қызметтеріне көтерілді. Арада Есіл аудандық партия комитетінің өнеркәсіп-көлік бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеп, өзін тәжірибелі маман ретінде қалыптастырған зауытқа директор болып тағайындалды.

Марат Кәрімұлының кіндік қаны Жангелдин ауданының Ақкөл ауылының топырағына тамды. Бұл топырақта биыл 150 жылдық мерейтойы ел көлемінде ғана емес, ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілетін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келді.

Марат Мұстафин да ұлағатты ұстаздардың шаңырағында туды. Әкесі Кәрім мен анасы Нәбира сол өңірден шыққан талай азаматтарды білім нәрімен сусындатып, тәрбие­леді. Елге қызмет етіп, абыройға кенелді. Сондай өнегелі отбасында туған Марат Кәрімұлы да ұяда көргенін істеп келе жатыр. Торғай облысы бір жабылып қалып, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қайта ашылғанда Марат ағамыз Арқалық қаласына әкім болды. 1997-2014 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Торғай, Ақмола облыстары бойынша Баға және монополияға қарсы саясат комитеттерінің, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекені қорғау және шағын кәсіпкерлікті қолдау агенттігі департаментінің төрағасы, агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы болып қызмет атқарды.

2014 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарды. Сол 2016 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі болып үзбей сайланып келе жатыр.

Осы күндері Марат Кәрімұлы мерейлі жетпіс жастың жотасына шығып жатыр. Зейнеткермін ғой деп қол қусырып отырған жоқ. Жігерін жоғалтпады.  Жоғарыда жазғанымыздай, қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі және «TSM Logistics» тасымалдау процесіне қатысушылар қауымдастығы» ЗТБ вице-президенті.

Алматы экономика және статис­тика институтының «Экономика» факультетін сырттай бітірді. АҚШ (Вашингтон, Аризона штаты) және Ұлыбритания (Лондон) елдерінде басқарушылықты жетілдіру орталықтарында білім алды.

Ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, «Құрмет» орденімен және көптеген медальдармен марапатталды. 2008 жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Жыл адамы» атанды. АҚШ-тың Аризона штатындағы Тусон қаласының (1995 ж.) және Арқалық қаласының (2002 ж.) «Құрметті азаматы». Бірнеше рет Целиноград, Торғай облыстары және Есіл ауданы кеңестерінің депутаты болып сайланды. Жақында мерейтойының алдында оған Есіл ауданының «Құрметті азаматы» атағы да берілді.

Марат Мұстафиннің әкесі Кәрім ғасыр жасады. Кезінде Жангелдин ауданына ресми іссапармен барған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа батасын берген ақсақалдың 100 жасқа толу құрметіне 2010 жылы бүкіл Торғай елі ат шаптырып, той жасады.

Марат Кәрімұлы жары Гүлнәр Малғаждарқызымен бірге үш бала өсіріп, тәрбиеледі. Қазір үш перзенті де өмірден өз жолдарын тауып, ата-анасына немере сүйдіріп отыр. Марат Кәрімұлын мерейтойымен құттықтап, шөбере, шөпшек көріңіз дейміз.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button