Мәдениет

«Жезтаңдайлар» сайысы

Айтулы ақын Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына орай Астанадағы №71 мектеп-лицейінде «Жезтаңдай» тақырыбында шешендік өнерден сайыс өтті.

Қазақтың шешендік өнерін дәріптеу, ата-баба мұрасын жаңғырту, жас ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, жеткіншектерді ата-баба тарихының шежіресін білуге, ана тілімізді қастерлеуге, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында өткен бұл іс-шара Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өтті.

«Сөз қадірін білетін жас өренмін», «Шешендік – дәстүрлі тіл өнері», «Қанекей сөйле, қызыл тіл!» сынды үш басқыш бойынша өткен сайыста қатысушылар өлең оқып, сөз тапқыштығын, сүрінбей сөйлеу мәдениетін көрсетті.

– Таңдайы тақылдаған, сөзге жүйрік, ойы ұшқыр жас өрендерді елге таныту мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шара 2021 жылдан бері өтіп келеді. Бұл сайыстан озып шыққан өнерпаздар алдағы уақытта Мұқағали оқулары сынды Республикалық көркем сөз сайыстарына қатысады, – деді жарысқа қазылық жасаған, осы жобаның авторы, қалалық руханият мекемесінің идеологиялық жұмыстар және жобаларды жүзеге асыру жөніндегі бөлім басшысы Серік Молдабек.

– Мен бұл сайысқа жыл сайын қатысып келемін. Өзім өлең оқуға, өлең жазуға қатты қызығамын. Сөз өнеріне құштармын. Бүгінгі жарыста да өз өнерімді көрсетіп, жүлделі орын алып жатқаныма қуаныштымын, – деді жарыста бас жүлде алған №71 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Айару Есқожаева.

Қазақ халқының шешендік өнері – атадан балаға мирас болған тамаша тәрбие тәсілі. Мектеп қабырғасынан бастап осы өнерді дәріптеу – оқушылардың тіл байлығын арттырып қана қоймай, олардың ойлау жүйесін жетілдіреді, сөз саптау мәдениетін қалыптастырады. Шешен сөйлей білген бала кез келген ортада өз ойын еркін жеткізіп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Бұл – қазақ тілінің мәртебесін көтерудің, бабалар аманатына адал болудың жарқын үлгісі.

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button