Қала тіршілігіМәдениет

«ЖІБЕК ЖОЛЫ» АШЫЛДЫ

DSC_6390

«Астана Опера» театры ұйымдастырған «Жібек жолы» халықаралық фестивалі басталды. Фестиваль шымылдығы Джакомо Пуччинидің әйгілі «Тоска» операсымен ашылды.

Тоска партиясын Анна Пироцци, Скарпия партиясын италиялық опера әншісі Альберто Газали орындап, әлемге әйгілі тенор – Массимо Джордано Каварадоссидің рөлінен көрінді. Лука Ронконидің сарқылмайтын режиссерлік қиялымен астасқан «Ла Скала» театрының айрықша қойылымы расымен де таңдай қақтырады. Көрермендер Наполеон әскері Италияға басып кірген тарихи кезеңді қамтыған қойылымның декорациялары мен костюмдеріне сүйсініп жатты. «Тоскаға» келгендер Италияда жүргендей күй кешері сөзсіз» деген теңеумен келіспеуге болмас. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын жарық көрген музыкалық жауһар бүгінде әлемдік операның бестігінен түспей келеді. Елорда көрермендеріне ұсынылған жаңалықтар бұл ғана емес. Қазанның алтысына дейін жалғасатын фестиваль аясында «Астана Опера» театры сахнасының төрінде Италиядан бөлек, Франция, Қытай, Ресей және Қазақстанның опера және балет жұлдыздары өнер көрсетеді.

Көрермен назарына ұсынылатын С.Прокофьевтің атақты «Ромео мен Джульетта» балетіндегі Ромео рөліне Франциядан Роман Михалев шақыртылса, Джульеттаны Мәдина Баспаева сомдайтынын айта кеткен жөн. Ал, М. Төлебаевтың «Бiржан-Сара» операсына Санкт Петербургтегі Мария театрының жетекші солисі Ахмет Ағади мен Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева қатысады. Сондай-ақ, айтулы шара бағдарламасына КСРО халық әртісінің 85 жылдық мерейто­йына арналған «Сүю, үміттену және сену» атты Бибігүл Төлегенованың бенефисі еніп отыр. Ұлттық опера саңлағы құрметіне ұйымдастырылған концерт бағдарламасында Қазақстан және шетел композиторлары операсынан ариялар, халық әндері, романс­тар, аспапқа арнап жазылған туындылар орындалады.

Сонымен бірге, Мария театры ұсынатын Р.Вагнердің «Нибелунг сақинасы» тетралогиясының екі бөлігі, «Рейн алтыны» және «Валькирия» операсы Қазақстанда бірінші рет орындалмақ.

«Астана Опера» мемлекеттік Опера және балет театрының директоры Төлеген Мұхамеджановтың айтуынша, астаналықтар аталмыш фестивальге ерекше ықылас танытуда. «90-жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының директоры болғандықтан, көрермен жинаудың қиындығын білемін. Залды толтыра алмай, кейіңкіреп жүретін едік. Ал, қазіргі жағдай басқа. Халықтың театрға деген қызығушылығы едәуір артқанын байқадық. Әсіресе, «Тоска», «Біржан-Сара» опералары, «Ромео мен Джульетта» балетінің билеттері шыққан күннен-ақ тез сатылып кетті. Кей қойылымдардың билеттері тау­сылып та қалды. Ал, бағасына тоқталар болсам, әрине, әркім отыратын орынды қалтасына қарай таңдайды ғой. Бірақ әжептәуір қолжетімді, өйткені билет құны 500 теңгеден басталады» дейді ол.

Фестивальге байланысты өткізілген брифингте шетелден келген өнер майталмандарына қойылған бір журналистің «Қазақстан опера саңлақтарынан кімдерді білесіз? Еліміздің шығармашылығымен қаншалықты таныс едіңіздер?» деген сұрағына, өкінішке қарай, көңіл көншітерлік жауап естімедік. Массимо Джордано біздің сахнада алғаш рет өнер көрсететіндігін айтып, әріптестермен танысып, шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік туғандығына өз ризашылығын білдірсе, Анна Пироцци «білмеймін» дегендей, үнсіз ғана иығын көтерді.

«Біздің әнші-бишілер де ешкімнен кем емес. Мәдина Бас­паева Франциядағы «Бордо» театрында бірнеше рет Джульетта рөлін сомдады. Медет Шотабаев бүгінгі күні италиялықтарға қолтаңбасын беріп жүр. Жұпар Ғабдуллинаны Румыния театры «Аида» операсының басты партиясын орындауға шақырған болатын. Ал, «Аида» – кез келген әнші қол жеткізе бермейтін биіктік. Бухарест сахнасында ол үздік өнер көрсетті. Осындай-осындай серіктестік арқылы опера әншілерінің әлемдік жолын ашуымыз керек. Жан-жақты байланыс орнатылғаннан кейін өнерпаздарымыз дүние жүзі тыңдаушыларына таныла бастайды» деген сөзімен Төлеген Мұхамеджанов азғантай ғана үнсіздікті бөліп жіберді.

DSC_6280

Ал, Алберто Газали:

– Ғажап театрдың өмірге келгеніне куә болып отырмын. Мен үшін бұл Лондондағы Корольдік театр мен Метрополитен Опера театры сахнасында өнер көрсеткенмен бірдей, – деп театрымызға жоғары баға берді.

 Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button