Жаңалықтар

«ЖИЕН ЕЛ БОЛМАС» ДЕМЕЙДІ…

_MG_0375

Елордалық жеке кәсіпкер Амангелді Ахатов биыл күзде бұйыртса, алпыстың асқарына шығады. Оның осы жасқа келгенге дейінгі өмір жолына үңілсек, біраз лауазымды қызметтерді атқарғанын көреміз. Өзінің таңдаған мамандығына сәйкес жиырма жылдан астам уақыт қаржы саласында еңбектеніп, банк директоры дәрежесіне дейін көтерілді. Амангелді ағамыздың есімі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының тарихына ойып тұрып жазылды. Сенаттың бірінші шақырылым депутаты болғанын меңзеп отырмыз. Алайда, қандай биікте жүрсе де, қарапайым қалпынан айныған емес. Адамдарды қызметіне, әлеу­меттік жағдайына қарап бөлмейді. Барлығына жүрегі ашық, пейілі кең. Мұны редакция тапсырмасымен хабарласқанымызда байқадық.

Хабарласуымыздың мән-жайын түсіндіре кетейік. Амангелді Ахатовтың берекелі шаңырағы биылғы «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушылардың қатарына кірді. Өздерін көрсетуді мақсат етпеген еді. Амангелді ағаның жиен немересі Мұсаның мектептегі мұғалімі отбасы мүшелерінің бірінің-біріне деген жылы қарым-қатынасын, атасының жиенінің тәрбиесіне деген жіті назарын көріп, қолқа салды.
«Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, Амангелді Қапенұлы үшін шынымен де Мұсаның жөні бөлек. Ел ағасы «жиен ел болмас, желке ас болмас» дейтіндердің қатарынан емес. Мұса халқымыздың ежелден бастау алған дәстүріне сәйкес атасы мен әжесінің қолында тұрып жатыр. Өзі спортпен, соның ішінде футболмен шындап айналысады. Республика көлемінде өтетін спорттық жарыстарға үзбей қатысады. Осы істе қолдаушысы да, қорғаушысы да атасы. Тіпті, Амангелді аға басқа қалаларда өтетін кейбір жарыстарға Мұсамен бірге барып жүреді. Жиенінің тәрбиесіне қа­тысты он үш тармақтан тұратын тұтас бағдарламаны да жасап шығарғаны бар. Соңғы тармағында Астананың тұрғындары бас қала мәртебесіне сай биік мәдениет иесі болуы керек дейді. Мұсаның құлағына да үнемі осыны құйып отырады.
Амангелді ағаның өзі де жасында спортқа бейім болды. Алайда, бірқатар жарыстарда топ жарса да, ол жөнінде шешіліп айта қоймады. «Жас кезде адамның басынан не өтпейді? Спортқа қазір де бейжай қара­майтынымды ғана айтайын» дейді ол бұл туралы.
Аз-кем Мұсаның анасы Гүлзада жөнін­де де хабар берейік. Ол мектепте оқыған жылдары бимен кәсіби түрде айналысты. Халықаралық байқаудың жүлдегері де атанған. Амангелді аға мен Шакира жеңгейде Гүлзададан басқа Абай, Әлия, Жанар есімді балалары бар. Кейіпкерлеріміз олардан да немере-жиендерді сүйіп отыр.
Амангелді ағаның өзіне оралсақ, ол экономика тақырыбына бірнеше кітап және сөздіктерді жазып шығарған. Жалпы, қаламгерлерге деген құрметі ерекше. Олардың арасында дос­тары да кездеседі. Мәселен, «Мен өз басым Амангелді Қапенұлының отбасын тәуелсіз еліміздегі мақтауға лайық отбасылардың бірі дер едім» деді журналист Сайлау Байбосын одан Амангелді аға жөнінде сұрағанымызда.
Ал, Ахатовтар отбасының барлық мүшелері туралы сөз сабақтасақ, олар демалыс күндері барлығы бір кісідей кең дастарқан басына жиналуды, табиғат аясына шығуды дәстүрге айналдырған. Отбасының бір мүшесі киноға немесе циркке, әлде белгілі бір концертке баруды жоспарласа, міндетті түрде өзгелеріне хабарлап, реті келсе ертіп әкетеді. Бір сөзбен айтқанда, берекесі мен бірлігі ұйып отырған шаңырақ.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button