Басты ақпарат

Жігерлі жастар қаласы

Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асырылып жатқан «Елорда жастары» бағдарламасы аясында астаналық жастардың жұмыспен қамтылуына, қолжетімді әрі сапалы білім алуына, тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне және басқа да бағыттар бойынша жан-жақты қолдау көрсету жөнінен нақтылы шаралар атқарылып отыр. Кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес мүшелері және жастар көшбасшыларының қатысуымен «Төртінші онжылдықтағы тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында өткен жиында елордалық жастардың тыныс-тіршілігі айтылды.

[smartslider3 slider=931]

Елорда әкімінің орынбасары Асхат Оралов кеңестің негізгі міндеттеріне тоқталды. «Кеңестің атқаратын жұмысы – мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу, мемлекеттік жастар саясатының міндеттерін іске асыру тиімділігін талдау, мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарын іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қатысты мәселелерді талқылау» деді ол.

Бүгінде аталмыш бағдарлама 6 бағыт бойынша іске асырылуда. Қолжетімді әрі сапалы білім, жұмысқа орналасу, денсаулық сақтау, бұқаралық спортты дамыту, тұрғын үймен қамту, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау бағыттары бойынша қазірдің өзінде біраз жұмыс атқарылған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров мәлімдеді.

– Жас мамандарға жеңілдікпен үй алуға мүмкіндік беретін «Елорда жастары» және «Жалдамалы баспана» бағдарламалары келер жылы да жалғасын табады. Аула клубтарының жұмысын дамытамыз. Алдағы екі жылда тағы 20 аула клубы ашылады. Одан бөлек, спорт мектептеріне баратын балалардың санын екі есе, ал жаттықтырушылардың санын 50 пайызға арттырамыз, – деді басқарма басшысы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде.

[smartslider3 slider=992]

Сондай-ақ ведомство басшысы волонтерлікпен айналысатын жастар мәселесіне де тоқталды. «Қазіргі таңда «Астана жастары» орталығы жанында еріктілердің қалалық штабы жұмыс істейді, ол 2021-2023 жылдары волонтерлікті дамытуға арналған жол картасын іске асыруда. Штаб жұмысына 15-тен аса волонтерлік ұйым, 20 бастамашыл топ, 8 үкіметтік емес ұйым, 5 меценат, 2 мыңнан аса тұрақты волонтер қатысады. Олар «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Адреса заботы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem» акциялары аясында 530 іс-шара ұйымдастырды» деді ол.

Қ.Қамбаровтың айтуынша, биыл маусымда елордадағы Сарыарқа ауданында жастарға қызмет көрсету орталығы ашылған. Бүгінге дейін аталған мекеме 750-ден астам консультациялық көмек берген. Ертең тағы үш ауданда, атап айтсақ, Сәтпаев, 13 мекенжайындағы «Alcato» бизнес орталығында, «Биг Шанхай» базарында және «Базар» сауда үйінде жастарға қызмет көрсету орталығы өз жұмысын бастайды. Жиын барысында елордалық жастардың белсенді өкілдері де сөз алып, атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісті. Солардың бірі – «Көбелек балалар» қайырымдылық қорының директоры Сұлтан Аллабергенов.

– «Көбелек балалар» деп отырғанымыз – терісі өте жұқа, жазылмайтын дертке шалдыққан балалар. Бұл – генетикалық ауру, оны жазатын ешқандай дәрі-дәрмек жоқ. Күтім ғана керек. Бүгінде мұндай аурудан 105 адам зардап шегетін болса, соның 80-і – балалар. Олар күнделікті күтімнің өзіне қатты қиналады. Мысалы, жай ғана бинтті орау процесі 2 сағатқа созылуы мүмкін. Біздің қор осы процестерді стандарттап, сол күтімді жеңілдетудің жолдарын қарастырады. «Көбелек балаларға» арнап арнайы бинт алдырдық, өйткені қарапайым бинт олардың терісін жыртып кетуі мүмкін. Сол секілді оларға арналған арнайы тамақ түрлері де бар. Осындай дүниелерді қолжетімді етумен айналысамыз. Бұйырса, 9 желтоқсан күні біз алғашқы пациентті Санкт-Петербургке ем-дом алып, сауықтыруға жібергелі жатырмыз, – дейді ол. Айта кетейік, елорда әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің құрамына 44 адам кіреді. Оның 13-і – мемлекеттік қызметкерлер, 15-і – жастар және қоғамдық ұйым өкілдері, 16-сы – елордалық жоғары оқу орындарының өкілдері.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button