Қоғам

Жігерлі жауынгер – мерейлі мұғалім

Биыл – Кеңес әскерінің  шектеулі контингенті Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл. Тарихтан белгілі, 1979 жылдан бастап он жылға созылған соғысқа қазақстандық жауынгерлер де қатысты. Ауғанстан жерінде интернацио­налдық борышын өтеп, отансүйгіштік пен патриотизмнің ерен үлгісін көрсеткен батырлардың арасында астаналық тұрғын Нұралы Әубәкіров те болды.

Он жылға созылған жат жердегі соғыс кезінде Кеңес әскері 15 мыңнан астам жауынгерінен айырылды, 53 мыңнан астам адам түрлі жарақат алды. Қазақстаннан 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстанға 21 мыңнан астам адам интернационалистік борышын өтеуге жіберілді. Оның ішінде 947 боздақ қаза тапты, 1770 адам жарақат алды. Сол жиырма бір мыңның бірі – біздің кейіпкеріміз Нұралы Әубәкіров. Қостанай облысының тумасы 1981 жылы мамыр айында Қарағандыда Дене шынықтыру және спорт техникумында оқып жүрген жерінен әскерге шақырылады. Самарқанд қаласында екі ай арнайы дайындықтан өтіп, Кабулға аттанады. Кейін осы аймаққа жақын Панджшер шатқалына жіберіледі.

«Ауғанстанға келгенде жас болдық, көп дүниені білмейміз. Ол жақтағы 50-60 градус аптап ыстықта өз-өзіңді қалай ұстау керектігіне кейін үйрендік. Елдің тұрмысы мүлде басқа еді. Капиталистік жүйенің дендеп енуімен психоактивті заттар, есірткі мен қару-жарақтың түр-түрі сатылғанын көрдік. Бізде тыйым салынса, олар мұны шырпының қорабындай қабылдап, емін-еркін сауда жүргізетін еді. Сауда демекші, ол жерде алып-сату Чехославкия, Болгария, Польша секілді Кеңес Одағы елдері арасында «талон карточкасы» арқылы жүргізілетін. Орналасақан жеріміз таулы аймақ болған соң, қажетті азық-түлікті ұшақпен әкеп тастайтын. Бір аптада азығымыз болса, екінші аптада аш жүретін едік. Себебі ұшақты атып, құлатқан жайттар да болды. Соғыс алаңындағы біздің міндет – белгілі бір нысанның бақылау-өткізу пункттерін жіті қадағалап отыру. Осы тапсырманы орындау барысында 1982 жылы бақылау пункттері екі жақтан қоршалып, қиян-кескі шайқастан көп адамды жоғалттық. Одан бөлек, келесі міндеті – жол бойын және елді мекендерді қарулы дұшпандардан қорғау. Сол кезде кез келгенмен сіз-біз деп, «бетегеден биік, жусаннан аласа» ғана болып жүретін едік. Өйткені жағдай өте қауіпті, әркімнің қару-жарағы дайын-ақ тұратын. Әрине, бұл соғыс адамзат өміріне қасірет алып келді. Қаншама жас жігіттер қыршын кетті. Оның арасында менің де достарым бар еді. Туған жерге мүгедек болып оралғаны да қаншама. Соғысты көзбен көріп, адамға қару кезену өте ауыр екенін түсіндік» деп естелігімен бөлісті ардагер.

Нұралы Әубәкіров Ауғанстандағы Кеңес әскерлері құрамында №94777 әскери бөлім сапында 1983 жылдың маусымына дейін, табаны күректей екі жылдан астам уақыт әскери борышын атқарыпты. Сарбаз болып келген ол рота старшинасы қызметіне дейін көтерілді. Демобилизация туралы бұйрық келгеннен кейін елге оралып, Қарағандыдағы оқуын тәмамдап, 1984-1989 жылдары аралығында Алматы қаласының Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтында «Алғашқы әскери дайындық» кафедрасында білім алды.

Ауған соғысына қатысып қайтқан азамат келешек ұрпаққа үлгi-өнеге көрсету жолын ұстаздықпен байланыстыр­ды. Кешегi Ұлы Отан соғысы ардагерлерiнiң жолын ғасырлар тоғысындағы ұрпақтар сабақтастығы ретiнде Ауған соғысы ардагерлерi жалғастыруы керек деген ол мектеп оқушыларына білгенімен бөлісуді құптайды

Нұралы Әубәкіров 2007 жылы елордаға отбасымен бірге көшіп келеді. Ал 2009 жылы Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа қабылданады. Осы күнге дейін айтулы мектептің «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің мұғалімі. Биыл аталмыш мектептің ашылғанына 15 жыл болса, ардагер білім ордасының ашылған күнінен бастап осында қызмет етеді.

Ауған соғысына қатысқан азамат келешек ұрпаққа үлгi-­өнеге көрсету жолын ұстаздықпен байланыстырды. Кешегi Ұлы Отан соғысы ардагерлерiнiң жолын ғасырлар тоғысындағы ұрпақтар сабақтастығы ретiнде Ауған соғысы ардагерлерi жалғастыруы керек деген ол мектеп оқушыларына білгенімен бөлісуді құптайды. Болашақ сарбаздарға спортпен айналысу, алғашқы медициналық көмек көрсетуге әзір болу, ер жігіт үшін әскери борыштың маңызын түсінуді үйретуден жалықпайды. Ол тәуелсіз елде бейбіт өмір сүріп жатқанымызға, балаларының соғыс көрмей, түн ұйқысының тыныштығына шүкіршілік етеді.

Жат жердегі соғыстың жаңғырығы санасында, ал жарықшағы денесінде қалғаны сөзсіз. Жалпы майданда болған адамның бейбіт өмірге бейімделуі де оңайға соқпайды. Жүйке жүйесінің жұқаруы, болмашы нәрсеге күйінуі және тағы сол сияқты жайттарды ардагер бастан кешірген екен. Тек туған-туыстың, зайыбының және ең бастысы өзінің ерік-жігерінің арқасында барлық қиындықты жеңіп шығыпты. Бүгінде Нұралы Әубәкіров төрт қыз тәрбиелеп, он немересінің қызығына бөленуде. Жүрегі кең әке, немерелеріне үлгілі ата, білікті ұстаз келесі жылы зейнетке шыққалы отыр. Жауынгер-ұстаз Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі аясында өтіп тұратын іс-шараларға белсенді қатысады.

Осылайша ауған соғысы ардагері егемендi елiмiздiң өркендеу жолында қажымай еңбек етiп, болашақ ұрпақтың бақыты үшiн қызмет етіп келеді. Соғыс жаңғырығын көрген ардагерлер үшін 15-ақпан – мәңгі есте қалар ерекше күн. Өйткенi олар осы күнi зұлмат күннен арылып, бейбiт замандағы бейбiт өмiрлерiне оралды. Сондықтан да бұл күндi олар мереке ретiнде атап өтiп қана қоймай, Ауған жерiнен қайтпай қалған ер боздақтарды еске алады.

 

 

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button