Sport

ЖІГІТТЕР ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Таяуда Швецияда тай боксынан өткен халықаралық чемпионатта елордалық төрт спортшы – Алексей Магдеев, Николай Самсуев, Аян Тажанов, Дмитрий Зуев әлем чемпионы атанды. Жат жерде еліміздің көк байрағын желбіреткен жеңімпаздарды Астанадағы Есіл ауданының әкімі Сәбила Мұстафина қабылдап, сый-сияпат көрсетті.

KBB_2958

Соңғы жылдары елімізде тай боксы жақсы дамып келеді. Әсіресе, елордалық жастардың оған деген қызығушылығы жоғары.  Бас қаланың іргесіндегі Заречный кентінде орналасқан «Төбет» спорт клубы осы бағытта жемісті жұмыс атқаруда. Бүгінде аталған клубтан жасөспірімдер арасында Қазақстанның 20-дан астам чемпионы шыққан. Оның сыртында  50-ге жуық жас күміс және қола жүлдегер атанған. Қысқасы, бас қалада спорттық клубтың атағы дүркіреп тұр десе болады.

 –Мамыр айының 19 мен 29 аралығында Швецияның Йончепинг қаласында тай боксының әлемдік додасы өтті. Оған көптеген елдің спортшылары қатысты. Тай боксы – спорттың қатал түрі саналады. Соған қарамастан біздің жігіттер аянып қалған жоқ. Бар шеберліктерін салды. Ел намысын қорғады. Төртеуі де әлем чемпионы атанды.  Осындай жеңіспен оралғанымызда бізді жақсы қарсы алып, құрмет көрсетіп жатқан Есіл ауданының әкімдігіне алғыс айтамыз,  – дейді Астанадағы тай боксының жасөспірімдер арасындағы аға бапкері Диас Қабдуов.

Сәбила Сапарқызы да еліміздің абыройын асқақтатып, Астананы әлемге тағы бір танытып келген жүлдегерлермен еркін сөйлесті. Спорт саласындағы жетістіктерімен бөлісті. «Әрқашан осындай биіктен көрініп, еліміздің көк байрағын желбірете беріңіздер» деп оларға жылы лебізін білдірді.

                                                                               Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button