Имантаразы

«ЖИҺАД» ҰҒЫМЫ «ҚАСИЕТТІ СОҒЫСТЫ» ЕМЕС, «ӨЗ НАДАНДЫҒЫҢМЕН КҮРЕС» ДЕГЕНДІ БІЛДІРЕДІ

Қайрат Лама Шариф,  ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы

Ұлт көшбасшысы – Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарих тол­қы­нында» атты кітабында «Тарих бәрін сыйға тарта алады, бірақ ішкі еркіндіктің формасы ретіндегі тәуел­сіздікті сыйға алуға болмайды. Тәуелсіздік – бұл тарих толқынында субъект болу құқығын түсінетін және осы үшін жауап беретін халық болмысының бірден-бір формасы» деген болатын.

Тәуелсіздікті жалғастырудың бас­ты ресурсы мемлекет пен оның көпұлтты және көпконфессиялы халқының біріге отырып, берік әрі бәсекеге қабілетті мемлекет құру және «Мәңгілік Ел» қалыптастыру жолындағы ұлы мақсатқа өзінің материалдық және рухани мүмкін­діктерін жұмылдыра білуінде екен­дігін жас Қазақстанның 20 жылдан асқан тарихы көрсетіп берді.

Жас мемлекеттің мүмкіндіктері руханияттың рөлін күшейтіп, діндерді жандандыру және діни құндылықтар жүйесін қайта жаңғырту бағытымен байланысты болды. Елбасымыз бел­гілеп берген басымдықтардың арқасында материалдық прогресс пен халықтың іргелі рухани-діни құндылықтарын тұтастандырып, үйлестіре алғанда ғана қазақстандық қоғамды тиімді дамытуға, мәдениеттер мен дәстүрлердің қақтығысын бол­дырмауға бағытталған кон­фес­сияаралық сұхбат пен келісімді ны­ғайтуға қол жеткізуге болатындығы жөнінде нақты түсініктер қалыптасты.

Бүгінде бізге тәуелсіздіктің ал­ғашқы күнінен бастап өзіміз таңдап алған конфессияаралық келісім үлгісі тарихи өлшеммен алғанда осынша қысқа мерзім аралығында қоғамның тұрақты дамуына мықты негіз қалануын қамтамасыз етіп, заманауи сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қасқая қарсы тұруға мүмкіндіктер берді, әлемнің санаулы елдері қатарында экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан тұрақты және қарқынды дамуға қол жеткізді деп айтуға толық негіз бар.

Дін саласындағы таңдап алынған мемлекеттік саясат үлгісі өзінің сындарлылығының және қоғамдық қолдауға ие болуының арқасында екі онжылдық бойы нық тұрып, әлемдік және қазақстандық сарапшылар қауымдастығы мойындағандай, радикалды жамағаттардың қылмыстық әрекеттерінің алдын алуда және оларды бейтараптандыруда шешуші рөл атқарды.

Әрбір өркениеттің түп негізінде өз ұстанушыларының өмір сүру мәнерін айқындайтын қандай да бір дін тұратындығы баршаға аян. Бұл, негізінен, мұсылман адамның тұрмыс-тіршілігінің барлық қырларын рет­тейтін ислам дініне көбірек қатысты.

Осы мақалада «ислам және жи­һадизм» тақырыбына назарымызды аударудың себебі исламның қоғамды тұрақтандырушы фактор болып табылатын идеологиялық тәжірибесінің маңыздылығында болып отыр. Бұған қоса, мемле­ке­тіміздің болашақ тұрақтылығын қарастыруда қазақстандықтардың басым көпшілігін құрайтын мұсыл­мандардың мүддесін ескермей жа­сақталған кез келген стратегия экс­тремистік көріністердің көбеюіне алып келуі мүмкін деп па­йымдауға болады.

Ең алдымен, діни сауаты жоқ жас­тардың бүгінде Құрандағы «жиһад» терминін саясиландырып отыр­ған­дығын атап айту қажет.

Жиһадшылыққа жаңадан елігіп жүргендердің теориясына сәйкес, бүкіл әлем «ислам аумағы» (дәр әл-ислам) және «соғыс аумағы» (дәр әл-харб) болып бөлінген. Бірін­шісіне мұсылмандар билігіндегі елдер, екіншісіне – «дінсіз» билеу­шілер басқаратын елдер енеді. Террор­шылардың сенімі бойынша «дәр әл-ислам» «дәр әл-харбпен» мәңгілік соғыс жағдайында болуы тиіс.

Сонымен қатар, радикалды көз­қарастағы кейбір идеологтар «бейбіт келісімдегі аумақ» (дәр ас-сулх) деген санаттағы тағы бір аумақты бөліп көрсетеді. Бұл мұсылмандарға тиесілі емес және олар билік жүргізбейтін жерлер, бірақ оның билеушілері өздерін мұсылман мемлекеттерінің вассалы (боданы) санауға және сол үшін белгілі бір мөлшерде салық – «жиза» төлеуге міндетті.

Радикалдар, экстремистер мен террористердің түсінігінше, мұндай «жаһил» (надан) қоғаммен Қиямет қайымға дейін талмай күрес жүргізу керек. Осы үшін олар өздерінше түсіндірілген «жиһад» ұғымын қолданады.

Дегенмен, ислам дінінде «қасиетті соғыс» ұғымы жоқ екендігі белгілі. Ол – христиандық термин. Ал шариғат бойынша соғыс не әділ (қорғаныстық сипатта), не әділетсіз (жаулап алу сипатында) болуы мүмкін.

Мұсылмандық діни әдебиеттерде «жиһад» ұғымы «дін үшін күрес» деген түсінікке ие және ол мынадай формаларда жүргізіледі:

– «жүрек жиһады» немесе «нәп­сіге қарсы жиһад» – адамның өз бойын­дағы кемшіліктермен күресі;
– «тіл жиһады» – «жақсылыққа шақыру және жамандықтан тыю»
– «қол жиһады» – адамгершілік нормаларын бұзушыларға қатысты тиісті жаза қолдану.

«Жиһад» діни термині қасиетті Құранда төрт рет кездесетінін атап өтеміз.

1). «әт-Тәуба» сүресінің 24-аятында: «Оларға айт: «Егер әкелерің, балаларың, туыстарың, әйелдерің, ағайындарың, тапқан малдарың, тоқтап қалудан қорыққан саудаларың, жақсы көрген үйлерің сендерге Алладан, оның жіберген Пайғамбарынан әрі оның жолында соғысудан артық көрінсе, Алланың әмірі келгенге дейін күтіңдер. Алла бұзық қауымды тура жолға салмайды» делінген.
2). «әл-Фурқан» сүресінің 52-аятында: «Енді кәпірлерге бағынба және олармен Құран арқылы ұлы күрес жүргіз» деп айтылған.
3). «Қажылық» сүресінің 78-аятында: «Алла жолында шынайы түрде күресіңдер. Енді намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер және Алладан мықтап ұстаңыздар. Ол – сендердің Иелерің» делінеді.

Бұл аяттарда жүрек жиһады туралы айтылып отырғаны айдан-анық. Мұхаммед пайғамбарымыз жиһад туралы айтқанда «жиһадтардың ең ұлысы – адамның өз нәпсісіне қарсы жиһады» деген. Бұл нағыз иманды адам ең алдымен өз жан дүниесіне үңіліп, кемшіліктерін көре білуі керек, содан кейін өзінің барлық кемшіліктерін түзетуге ұмтылуы тиіс дегенді білдіреді.

«Тіл жиһадының» мағынасын қазақ халқының ұлы ойшылы Абай өзінің «Ғылым таппай мақтанба» атты тамаша туындысында баршаға түсінікті тілде жеткізе білген:

Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ —
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой —
Бес асыл іс, көнсеңіз.

4). «Мумтахина» сүресінің 1-аятында: «Әй, иман келтіргендер! Менің дұшпандарымды да, өз дұшпандарыңды да дос тұтпаңдар. Олар сендерге кел­ген шындыққа қарсы келсе де, оларға сүйіспеншілік көрсетудесіңдер. Олар Пайғамбарды да, сендерді де Жа­ратқан Иелерің – Аллаға иман келтірдіңдер деп жұрттан қуғындады. Сендер Менің жолымда ризалығымды іздеп, соғысқа шыққанда, оларға жасырын дос болмаңдар» делінеді.

Әрине, Құран мәтіндерін бірінші рет оқып отырған адамға «пұтқа табынушыларды» өлтіруге шақырып тұрғандай көрінуі мүмкін. Оның үстіне бұл аяттың мән-мазмұнын дұрыс түсіну үшін қасиетті Құрандағы «жиһад» тақырыбына арналған басқа аяттарды да білген жөн. Сонымен қатар аяттардың не себептен түскендігін білу де абзал. Сондықтан, Құран аяттарын дұрыс түсіну және мағыналарына ой жүгірту үшін ол аяттардың қай уақытта және қандай жағдайларға байланысты Алла тағаладан Жебірейіл періште арқылы Мұхаммед пайғамбарымызға жеткізілгенін білу қажет. Бұл нақты оқиғаларға қатысты түсірілген аяттарды тым кең мағынада жорымау үшін, сонымен қатар оларға теріс немесе екіұшты мағынадағы түсініктер бермеу үшін қажет.

Шын мәнінде Құранда «жиһадқа» қатысты аяттардың шығу төркінін зерттеу үшін ең алдымен Мұхаммед пайғамбардың Меккедегі өмірі мен қызметі туралы баяндайтын тарихи деректерге көз жүгірту қажет.

Баршаға белгілі, 613 жылы Мұ­хаммед пайғамбар Мекке тұрғын­дарын ислам дініне ашық шақырып, өз достары мен туыстары және Меккенің өзге де тұрғындары арасынан көптеп жақтастар таба бастады. Олардың басым көпшілігі бас бостандығынан айырылған құлдар болатын. Ал исламның кең тарала бастауы Мекке билеушілеріне ұнай қоймады, өйткені олар Қағбаға тәу ететін араб тайпаларының қажы­лықтарынан түсетін кірістен айы­рылып қалудан қорықты. Пұтқа та­бынушылардың бұл наразылықтары алғашқы мұсылмандарды қуғындауға ұласып, соның салдарынан бірқатар мұсылмандар 615 жылы Эфиопияға қоныс аударуға мәжбүр болды. Осынау алғашқы мұсылмандар үшін қиын-қыстау кезеңде Алла тағала Мұхаммед пайғамбарға мыналарды әмір етті:

1)- «меккелік көпқұдай­шыл­дар­мен» кикілжіңге түспей, оларды ақиқат дінге «даналықпен және жақсы насихатпен» шақыру. Осы жағдайға байланысты «ән-Нахл» сү­ресінің 125-аятында: «Адамдарды Жа­ратқан Иеңнің жолына даналыққа және жақсы насихатқа шақыр. Әрі олармен сыпайы түрде сұхбаттас. Жаратқан Иең ақиқат жолынан адасқандар кім екенін жақсы біледі. Әрі Ол тура жолды тапқандарды да жақсы біледі» делінген.
2)- Ислам дұшпандарымен қор­ғаныс түрінде соғыс жүргізу. «Ба­қара» сүресінің 190-аятында: «Өз­деріңмен соғысқандармен Алла жолында шайқасыңдар да, шектен шықпаңдар. Негізінен Алла тағала шектен шығушыларды жақсы көр­мейді» делінген.

Келтірілген аятта Алла тағала Мұ­хаммед пайғамбарға өзіне қарсы шыққандармен тек қорғану үшін күресуді бұйырады. Бұл «Бақара» сүресінің 192-193-аяттарында нақ­тылана түскен: «Олармен райларынан қайтқанға дейін, әрі дін Аллаға тән болғанға дейін шайқасыңдар. Егер олар соғысуын қойса, Алла оларды жарылқайды, мейіріміне алады. Жау жеңілгеннен кейін залымдармен ғана ымырасыз күресу керек».

Құранның осы аяттары қорғану және қорғансыздар мен әлсіздерді қорғау мақсатында ғана соғысу қажет­тігін меңзейді. Онда да тек дін­бұзар жаулармен және оның ашық одақтастарымен соғысуға рұқсат етілген. Сондықтан қарулы соғысқа тыйым салынғанымен Мұхаммед пайғамбарға және оның жақтастарына туып өскен шаһары Меккеде соғыс жүргізуге тура келді. Мұндай жағдайда діншілдерге ыждаһатты болып, дін үшін күш-жігерін жұмсау бұйырылған. Алғашқы мұсылмандардың жоғарыда келтірілген аяттарға берген түсінік­темелері оларды осылай түсіну ке­ректігін меңзейді.
Көріп отырғанымыздай, «жиһад» сөзінің осы аяттағы мағынасы ең жинақталған мағынасы болып табылады. Әртүрлі кезеңдерде өмір сүрген Құран тәпсіршілері «жиһадтың» мағынасын «соғыс» деген түсінікпен шектемеген.

Бізге, яғни XXI ғасырда өмір сүріп жатқан мұсылмандарға үмбетіміздің алғашқы буыны исламды қалай түсін­генін білу және дәл сондай түсінікті ұстану қажет.

Бірде Мұхаммед пайғамбарға бір адам келіп, соғысқа баруға рұқсат алмақ болады. Мұхаммед пайғамбар одан: «Ата-аналарыңның біреуі тірі ме?» деп сұрайды. Әлгі кісі: «Екеуі де тірі» деп жауап береді. Мұхаммед пайғамбар: «Сен Алланың сауабын іздеп жүрсің бе?» деп сұрайды. «Иә» дейді ол. Сонда Мұхаммед пайғамбар: «Ата-анаңа бар да, оларға дұрыс қара» деп бұйырады.

Ол кезеңде Мұхаммед пайғам­бардың өкімі бойынша әскери шай­қастардан кәмелеттік жасқа тол­мағандар, әйелдер, қариялар, ақыл-есі толық еместер, науқастар мен әлсіздер, сондай-ақ шайқасқа қатысуға өз ата-анасынан рұқсат алмағандар босатылды. Сонымен қатар, басқыншы жауға тойтарыс беріп, майдан шебі дұшпанның жерінде болғанда, ол жерлердегі егін алқаптары мен бау-бақшаларды жоюға да тыйым салынған болатын.

Жоғарыдағы айтылғандарды қо­рытындылай келе, мұндай жан-жақты талдау Пайғамбарды үлгі тұтатын сүннет жолындағы мұсылмандарға әсер етуі тиіс, қазіргі мұсылмандар ислам заңдылықтарына сай шешім шығару үшін тұтас мәтінге ерекше назар аударғаны жөн деп санаймыз.

Тағы бір атап айтарымыз, Құранға оның толық мәтіні мен аяттарының түсу тарихын білетін ғалымдар ғана дұрыс түсіндіре алады. Осы ретте 2012 жылы 25-27 мамыр күндері Мәскеуде, одан кейін Грозныйда Ресей, Кувейт, Қатар және басқа да мұсылман елдерінің белгілі дін қайраткерлерінің ұйымдастыруымен «Ислам доктринасы радикализмге қарсы» атты халықаралық конференция өткізілгенін атап өткім келеді.

Форумның қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияда былай делінген: «Исламдағы «жиһад» сөзі көптеген жан-жақты мағынаға ие. Жиһад «ұрыс жүргізу» және «қарсыласқа қару қолдану» мәнінде ғана түсінілмеуге тиіс. «Жиһад» ұғымын тек ұрыс жүргізумен шектеп, жиһадтың Алла жолында жасалатын басқа игі амалдарын ескермей тастау дұрыс емес. Мұндай қадам жалған жала мен орынсыз ойларға жетелейді. Жиһад Алла жолында жасалады және ол бүлікке айналмауы керек. Жиһадтың ізгі мән-мақсаты осында жатыр. Жиһад адамдардың ақиқатқа қарай тура жолмен жүруінің және Құдайға құлшылық етуінің маңызды құралы болып табылады».

Жиһадқа мұндай түсінік берілу себебі – бұдан бір жыл бұрын дін ғұламалары тарапынан арнайы тұжырымдама жасалып, оның мәні мен мазмұны жиһадты «жойқын жоба» немесе «кек алу жоспары» ретінде санамайтын мұсылман дінінің өркениеттік сипаты мен миссиясына сәйкестендірілгендігінде. Исламның өзі әділетсіздіктің кез келген көрінісіне жол бермейді. Жалпылай алғанда, жиһадты «адамдардың ақиқатқа қарай тура жолмен жүруінің және Құдайға құлшылық етуінің маңызды құралы» ретінде тану – оның ешбір жалған қоспасыз, шынайы сипатын білдіреді.
Осыған байланысты айтылған Ресей Мүфтилер кеңесінің төрағасы Рафил Гайнутдиннің мына тұжырымы атап айтуға тұрарлық: «Жекелеген экстремистік жалған исламдық топтардың жиһад жөніндегі түсін­дірмелері, сондай-ақ кейбір БАҚ-тың жиһадты «кәпірлерге қарсы соғыс» ретінде түсіндіруі жалған әрі Құран мен сүннетке қарама-қайшы болып келеді. Өйткені соғыс арқылы өз дініне кіргізу өзгенің мүлігін иелену секілді исламда мүлдем жол берілмейтін жайттардың қатарынан саналады».

Қоғамымызда кеңінен таралған «жиһад» туралы жаңсақ түсініктің қасаң қателіктерін жоққа шығару үшін мынадай маңызды жайтқа да баса назар аударғым келеді. Ислам терминологиясында «жиһад» сөзі Алла жолындағы күрес, яғни, Алла­ның әміріне сәйкес өмір сүру үшін мұсылмандар тарапынан жасалатын іс-әрекет мәніндегі жалпылама мазмұнда қарастырылады. Бұған Алла Тағаланың Құранда айтылған сөздері дәлел: «Шынайы иман келтіргендер – шын мәнінде Аллаға және оның Елшісіне сенгендер, сосын күдіктенбей, Алла жолында мал-жанын сарп еткендер. Міне, солар – шыншылдар» («әл-Хұжырат» сүресінің 15-аяты).

Осындай алғышарттардың шы­найылығы мен маңыздылығымен қатар Құранда да, ислами әдебиетте де араб тіліндегі «жиһад» сөзінің мағынасы «тырысу», «талпыну», «бар күшін салу», «мақсатқа жету жолындағы қиындықтарды табан­дылықпен көтере білу» дегенді білдіретінін, ал қазіргі заманауи түсі­нікте бұл ұғым мүлде басқа: «Алла жолында малы мен жанын аямау, Алла жолында тер төгіп, қызмет ету» се­кілді терең және ізгі ұғымға ие екенін атап айтқан жөн.

Құранға сәйкес «жиһад» ұғымы адам өмірінің көптеген қырларына әртүрлі деңгейде қатысты болып табылады. Қазіргі таңда мұсылман әлемінде «жиһадты» әлеуметтік-экономикалық даму мен нақты мақсаттарға жету жолында барынша күш салу үрдісі ретінде кең мағынада түсіндіріледі. Мысалы, құнарлы жерлердің шөлейтке айналуымен күрес, астық науқаны, сауатсыздықты жою және т.б. жөнінде сөз қозғалғанда, «жиһад» ұғымы қолданылады. Сон­дықтан да болар, Иранда Ауыл шаруашылығы министрлігін «Ауыл шаруашылығындағы жиһад министр­лігі» деп ресми атайды.
Өкінішке қарай, терроршылар «жиһад» тұжырымдамасын өздерінің көзқарастарын қолдамайтын жандарды өлтіруін ақтау мақсатында пайдаланады. Қылмыскерлердің осы тобы жиһадты мұсылманның бір парызындай қабылдап, Алла тағала белгілеп берген бес парызды алтауға шығарып жіберді. Басқаша айтқанда, бүгінгі таңда бұл жалған сенімді жасанды түрде енгізу радикалды ислам топтарында айқын көрініс беріп, мемлекет пен қоғамға қарсы қауіп-қатерлермен байланысты болып отыр.

Исламдық радикализмді ұста­нушылардың мұндай әдістері мен стратегиялары заманауи әлемде діни экстремизм көріністерін туындатып, тіпті, дами келе, халықаралық терроризмге дейін ұласуда.

Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, дүниежүзінде жыл сайын 320-дан 660-қа дейін террористік актілер жасалады, олардың төрттен үші ислам атын жамылған лаңкестерге тиесілі.

Терроризмнің барлық түрлерінің ортақ тұсы – өз арамза мақсаттарына қол жеткізудің басты құралы ретінде өздерінің дүниетанымын, идеологиясын, мінез-құлқын, өмір сүру салтын күштеп таңу, бейбіт тұрғындарды қасақана өлтіру немесе өлтірумен қорқыту және зорлық-зомбылықтың басқа да түрлерін пайдалану болып табылады.

Дін атын жамылған экстремистік және террористік идеологиялардың таралу үрдісі соңғы кездері бүкіл әлемде кең көлемді сипат алуда, бұл адамзат қоғамының тұрақтылығына төнген айқын қауіп болып отыр.

Міне, сондықтан да Ұлт көшбас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында радикализм, экстремизм және терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне қарсы күрес жүргізуді мемлекет пен оның институттарының маңызды қызмет бағыты ретінде белгіледі. Сондай-ақ Елбасымыздың Жолдауында қоғам ішінде, әсіресе, жастар арасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қажеттілігіне, сонымен қатар, халқымыздың зайырлы мемлекет – Қазақстан Респуб­ликасының салт-дәстүрлері мен мә­дени құндылықтарына сәйкес келе­тін діни санасын қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінді.

Қазіргі таңда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен бес жылға жоспарланған Қазақстан Республикасындағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жасалды. Бұл бағдарламаның мақсаты – діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қаупін болдырмау арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету.

2017 жылға қарай Қазақстан халқы, соның ішінде жастар, әсіресе, діни негіздегі радикалды идеология ықпалына бейім немесе соған ұшырағандар – экстремизм мен терроризм идеяларына қарсы сананы қалыптастыруға бағытталған ке­шенді алдын алу жұмыстарымен қам­тылатын болады.
Осы орайда ағымдағы жылдың басынан бері Дін істері агенттігі 5 ірі республикалық форум өткізді, олар: «Дін және әйел» тақырыбында – Алматы, Атырау және Көкшетау қалаларында; «Таблиғи жамағат – елге жат ағым» тақырыбында Жам­был облысында; «Жастар және дін» конференциясы мен «Жастар экстремизмге қарсы» жастар акциясы Атырау қаласында; «Ислам терроризмге қарсы» атты республикалық конференция Көкшетау қаласында; «Тәкфіршілік – діни экстремизмнің ең қауіпті түрлерінің бірі» тақырыбында Жезқазған қаласында және «Ислам және жиһадизм» атты конференция Ақтау қаласында өтті.

Үстіміздегі жылдың аяғына дейін еліміздің басқа аймақтарында да Қазақстан қоғамын нығайтуға, жас­тарды отаншыл рухта тәрбиелеуге, қоғам мен жеке тұлғалардың жалған діни ағымдардың ықпалына қарсы иммунитетін қалыптастыруға ба­ғытталған бұқаралық және саяси ма­ңызы зор іс-шараларды өткізу көз­деліп отыр. Атап айтқанда, Агенттік Ақтөбе қаласында «Сәләфизм – радикалды ағымдардың негізі», Семей қаласында «Уаһһабизм – біздің жолымыз емес», Петропавл қаласында «Дін және отаншылдық» және тағы басқа өзекті де өткір мәселелер бо­йынша республикалық конференциялар өткізуді жоспарлауда.

Қорыта айтқанда, Мемлекет бас­шымыздың діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жүргізу бойынша біздің алдымызға қойған міндеттерін тиімді түрде орындау үшін Дін істері агенттігінің қыз­меті алдағы уақытта бұрынғыдан да жоғары қарқынмен жалғаса бе­ретінінін атап айтқым келеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button