Әлеумет

ЖИЫРМА СЕГІЗДІҢ «ЖЫРЫ»

урылар

Жай жүрмейсің. Жарықтық Жұматай Сабыржанұлынша айтқанда, «ішіңде бір­деңе уілдеп тұрғаны» жақсы. Іштей өлең оқып тұрғанбыз. Өлеңнің Қадырға сай қатаң қалыппен құйылған ырғағын бірде жүріп, сосын қайта кідіретін көлікке орай әрі-бері ретсіз итінген дене қозғалысымен үйлестіре алмай әлекпіз.

Ойша қайталап жатқанымыз Қадыр Мырза Әлидің мына шумағы еді:

Құсбегі қарттар көп мұнда,

Құмарлығы әлі қанбаған.

Қазақтың үйі жоқ мұнда,

Қарлығаш ұя салмаған.

 

Қарлығаш әрбір сенені,

Баспанам дейді кіретін.

Бір үй жоқ мұнда себебі

Есігін жауып жүретін.

Көк шынылы зәулімдері аспан тіреген Астана көшесінде келе жатып шеттерінен бүркіт баулитын шалдар тұратын ауылды көзге елестету рахат. Жаңа ғана есігіндегі екі кілттің әрқайсысын екіден айналдырып жауып кеткен бөлмең мен ауылдың ашық-шашық сенегін салыстырсаң және рахат. «Ішіңде бірдеңе уілдеп тұрсын» деген осы.

Біздің Әмен Хайдаров атамыз сияқты жапонның Хаяо Миядзаки деген анимация режиссері: «Қимастық – ең көп тараған сезімнің бірі, әрі адамды адам ететін нәр­сенің алдыңғысы» депті. Жаңа заманның қа­ласында тұрып бұдан елу жыл бұрын Қадыр ақын сипаттаған ауылдың қасиетін еске алуымыз да сол қимастық сезімінен шығар.

Сәлден соң қимастық сезім екі шумақ өлеңмен бірге жайына қалды. Назарымыз мүлде басқаға ауды. Ойымыз да дереу солай қарай ойысты.

…Төрт қатар болып тізіліпті. Әр қатарда жетіден екен. Сонда ұзын саны 28. Жоқ, бір кезде Мәскеуді қорғаған 28 батыр емес. Мыналар Астанада. Солдат та емес. Сап түзеп бірге тұрған да жоқ. Сап түзеп бірге тұратын жер болса, ол – тек түрменің ауласы болар еді. Себебі, бұлар – ұрылар. Әзірге қатар тұрған – суреттері.  «Сақ болыңдар, бұлардың біреу-міреуін байқасаңдар, дереу полицияға хабарлаңдар» деп жар салып тұрған жарқағазға шапталған. Жарқағаз қоғамдық көліктің ішіне жапсырылған. Қарадық та таң қалдық.

Біріншіден, тепсе темір үзетін жігіттер. Көшеде әлдебір жағдайда кездессе, кез-келгеніне «бауырым, көмектесіп жіберші» дейтін азаматтың түрлері. Ал, жарқағазға сенсек, бәрі баукеспе ұры. Қоғамның азға­нын байқатып, көзге ұрып тұрған осы жар­қағаздан 28 ұрыны қайдам, өзіміз ұялдық.

Екіншіден, тегіс қазақ жігіттері. Мәскеуді қорғаған 28 батырдың, депутаттардың, министрлердің, чемпиондардың, студент­тердің, әнші-әртістердің, тіпті экранға шығатын айташылардың арасында түрлі ұлт өкілдері аралас жүретін елде тұрамыз. Қалта қағар ұрылардың ғана біздің ұлттан сайланып шыққанын көргенде, осы құрғыр автобустан түсіп қалғымыз келді. Жаз бойы Астанада жаяу жүргенбіз. Қазір қыс. Көшеде аяз бетті қариды. Ал автобустағы ұят бетті күйдіреді. Манағы өлеңді енді қайтіп іштей қайталай алар ма екенсің, одан гөрі қалтаңа ие бол, Қайнеке?

… Бір үй жоқ мұнда себебі,

Есігін жауып жүретін.

Әрлі-берлі шайқалақтаған автобус тағы бір аялдамаға тоқтап жатты.

Қайнар ОЛЖАЙ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button