Мәдениет

Жиырма жылдық би ғұмыр

«Наз» мемлекеттік би театрының «Жиырма жылдық би ғұмыр» атты мерейтой концерті өтті.Арқаға астана көшіп келгенде іргесі қаланған өнер ордасының бүгінде жеткен жетістігін ауыз толтырып айтуға болады. Қазір ол – еліміздегі алғашқы кәсіби би театры. «Наз» деген сөздің өзі нәзік­тікті, сұлулықты білдіреді.
Театрдың қалыптасуына мәдениет қайраткері Еркебұлан ­Ағымбаев пен ұжымның көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хадиша Ағымбаева көп еңбек сіңірді. «Назбен» бірге халқымыздың би өнері де жаңа белеске көтерілді. Өнерпаздар ұлттық бояуы мол шығармаларды ғана емес, өзге халықтардың дәстүрлі биле­рін де керемет орындайды. Өнер ордасы алғашқы күннен бастап, қазірге дейін репертуардағы әрбір биге ұлттық өрнек, халқымызға тән салт-дәстүрді енгізуге мән берген. Айталық, «Серпін», «Көңілашар», «Желдірме», «Сарбаздар» билерінен осыны көресіз.
2005 жылы «Наз» елімізде алғаш­қы болып хореография тілі­мен «Тұйғындар» атты би спектаклін қойды. Жұртшылық оны жылы қабылдады. Одан кейін халқымыз­дың ардақты перзенті, дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиев туралы «Нұрғиса» би қойылымын сахналады. Сондай-ақ шығыс ертегілер желісімен «1001 түн» қойылымы және «У-сана» хореографиялық спектаклі көрерменге жол тартты. Биыл тарихта өз орны бар қолбасшы «Шыңғысхан» қойылымының премьерасы өтті.
Мерейтой концертінің ашы­луында Мәдениет және спорт вице-­министрі Нұрғиса Дәуешов театр ұжымын жиырма жылды­ғымен құттықтап, өнерпаздарға ізгі лебізін білдірді. Одан кейін кеш би қойылымдарына ұлас­ты. Жоғарыда айтып өткен спектакльдерден үзінділер көрсетілді. Өзге халықтардың да билері орындалды. Домбыра күмбірлеп, әуезді ән айтылды. Сонымен бірге театр мерейтойына орай «Би – сезімнің падишасы» атты республикалық жыр мүшәйрасы жарияланған еді. Кеш аясында соның жеңімпаздары марапатталды. Бұл жыр бәйгесінің бас жүлдесін ақын Азамат Мәлжанбай иеленді.
Қорыта келгенде, қазақ өнерінің шаңырағына бір уық болып қадалған «Наз» театрының жиырма жылдық асуы ел көңілінен шықты деп нық айтамыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button