Басты ақпарат

Жол апаты – жауапсыздықтан

«Жол-көлік оқиғасы – төрт дөңгелектің үстіндегі тілсіз індеттің бір түрі» деп баға берді өткен аптада Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ­ассамблеясының залында жиналған БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің өкілдеріне сөйлеген сөзінде ұйымның Бас хатшысы. Расында да, жыл сайын дүние жүзінде 1,3 миллион адам жол-көлік оқиғасынан қайтыс болып, яғни әрбір 24 секунд сайын бір адам ажалын жол бойынан тауып жатыр.

[smartslider3 slider=3569]

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік жұмысын қорытындылады. Департамент бастығы Марат Төлебаев жол қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылатынын айтты.

«Елордада жол қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді. Сонымен қатар 2022-2023 жылдарға арналған жол қозғалысы қауіпсіздігінің жаңа кешенді жоспары қабылданды. Жыл басынан бері жазатайым оқиға саны 24,5 пайызға, зардап шеккендер саны 29,3 пайызға артқан. Қабылданған шаралар жолдағы өлім-жітім көрсеткішін 41,7 пайызға төмендетті» деді Марат Төлебаев.

Бүгінгі таңда елорда жолдарындағы өлім-жітім, жазатайым оқиға мен көлік кептелісін азайту мақсатында бірқатар нақты шаралар атқарылуда. Жол-көлік оқиғасының себебін және жол-көлік оқиғасы орын алған жерлерде қалыптасқан қозғалыс жағдайын зерделей отырып, 67 учаскеде бағдаршамдардың жұмыс режимін өзгерту бойынша шаралар қабылданды. 22 қиылыста «тыныштандыру» режимі енгізілді, яғни қызыл сигнал барлық бағыт үшін бір уақытта 6 секундқа дейін қосылады. Мәселен, осы режим енгізілгенге дейін Бөгенбай батыр-Жеңіс қиылысында 315 жол-көлік оқиғасы орын алып, 22 адам зардап шекті, режим енгізілгеннен кейін зардап шеккендер мен ЖКО тіркелген жоқ.

Жол сапасы бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 141 елдің ішінде 93-орынға тұрақтады

Бүгінде 5 пен 29 жас аралы­ғын­дағы жастардың өмірін баудай қиып жатқан көлік апатынан келген 10 адам өлімінің тоғызы орташа және төмен табысы бар елдерде орын алған.

Ал дамыған елдерде жол-көлік оқиғасынан көз жұмғандар статистикасы басқаша. Сол себепті қауіпсіз жол инфра­құрылымын барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей етіп жасалуы керектігі белгілі. Бұл жаяу жүргіншілерге, велосипедшілерге және мотоциклистерге де ортақ қолайлы жағдай жасауды білдіреді. Жолдағы қауіпті азайту үшін жаяу жүргіншілер жолы, веложол, қауіпсіз өткел және қозғалысты бәсеңдететін басқа да құралдар сияқты нысандарды салу қажет. Қауіпсіз көліктер де күрделі түйінді шешудің басты амалы еді. Алайда еліміздегі деректерге ден қойсақ, көңіл көншітпейді.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің автокөлік паркі төрт еседен астам өсті. 1991 жылы республикада 800 мың автокөлік немесе 1000 адамға 48 автокөліктен келеді. 2020 жылдың жазына қарай Қазақстанда 3,88 миллион автокөлік тіркелген. Бұл ретте халықтың меншігінде 3,45 миллион автокөлік бар. Бұл – жалпы көлемнің 93,9 пайызы. Осылайша қазақстандық әрбір бесінші адамның жеке көлігі бар. Сонымен қатар тіркелген көліктердің үштен екісіне жуығына 10 жылдан асқан.

Елдегі көлік санының көбеюіне қарамастан, жолдар барлық жерде дерлік өзгеріссіз қалды. Жол сапасы бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 141 елдің ішінде 93-орынға тұрақтады. Өткен жылы шамамен 500000 шақырымды қамтитын 25000 жолға барлау жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде талдау республика жолдарында қосымша 23 мыңнан астам жол белгілерін орнату қажет екенін көрсетті. Сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсер ететін 57,5 мың жол инфрақұрылымының ақауы анықталды. Жолдарды күтіп ұстауға жауапты 3 мыңға жуық шенеунікке айыппұл салынды.

Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге көмек көрсетуде уақыт факторы маңызды: бірнеше минуттық кешігу адам өмірін қиюы мүмкін. Оларға көмек көрсетуді жақсарту үшін дәрігерге дейінгі медициналық көмекті уақытылы жүргізуді, сондай-ақ, мысалы, оқыту бағдарламалары арқылы дәрігерге дейінгі және стационарлық көмектің сапасын арттыру қажет.

Егер сіз апатқа ұшырасаңыз, не істеу керек? Алдымен зардап шеккендердің бар-жоғына көз жеткізіңіз, егер бар болса, жедел жәрдем шақырыңыз. «Апаттық белгіні» қосу және авариялық тоқтату белгісін орнату қажет. Оқиғаның куәгерлері болса, олардың байланыс дерегін жазыңыз. Бұл ерекше жағдайларда пайдалы болуы мүмкін. Әкімшілік полиция қызметкерлерін және сақтандыру агенттерін шақырыңыз.

Шығасыға, әрине, иесі басшы болады дейміз. Жалпы адамдардың жолда жүріп-тұру мәдениеті мен көлік иелерінің бір-біріне жол беріп, жол қауіпсіздігін сақтауына да көп нәрсе байланысты. Үйден шыққаннан бастап жаяу жүргінші болса да жол қозғалысына қатысады. Бағдаршамда жолды кесіп өтеді, тағы басқа қозғалысқа дайын болудың бір шарты – жол қауіпсіздігін мәдениет ретінде қалыптастыру қажет. Өмірімізге тікелей байланысты болған соң, ағылған көліктің арасынан аман жүрудің ережесін сақтауға міндеттенуіміз керек. Оқушыларға жастайынан жолда жүру ережелерін үйретіп, балалар ержеткенде көлікке отырмас бұрын білім мен дағдысын қалыптастырып барып үлкен жолға салу ересектердің міндеті болуы тиіс.

Сонымен, барыс-келісімізді жеңілдетіп, діттеген жерімізге тез жетіп, тез келу үшін тым қымбат адам өмірімен есептесуден бас тартуымыз керек.

Жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол-көлік оқиғасын болдырмау жатады. Жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың денсау­лығына зиян келтірмеуге, апат зардабының ауырлығын азайтуға, сондай-ақ осындай зардапты жоюға бағытталған қызметке уәкілетті органдардың жауапкершілігі артып, жүргіншілер мен көлік иелері атсалысқанда ғана жол бо­йындағы қауіпсіз қозғалысқа қол жеткізуге болатын сияқты.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button