Жол байлаған кептеліс жеңілдей ме?

Қарқынды дамып келе жатқан кез келген қалада кептеліс мәселесі туындайды. Халқының саны көші-қон есебімен жылына 50 мыңнан астам адамға көбейіп жатқан елордада бұл мәселе өзекті бола түсті. Қозғалысты шектеп, қала тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне кедергі келтіретін көше кептелісі мәселесін қалай шешуге болады?
Биыл 13 ақпанда елордада қызмет етуге келісімшарты әрі қарай созылмай, жұмысы басқа шетелдік компанияға берілген бұрынғы Sergek ITS сарапшылары соның алдында ғана Астанадағы көлік кептелісі бойынша ең проблемалы жерлерді атап, ақпарат берген болатын. Олар қаланың көше қиылыстарына түсіп жатқан жүктемені зерттей келе, елордадағы 15 қиылыста ең көп кептеліс болатынын нақтылады.
Қай көшеде қарбалас?
«Атап айтқанда, Тұран даңғылы мен Қорғалжын тас жолының, Достық пен Ақмешіт көшелерінің, Тұран даңғылы мен Сарайшық көшесінің, Достық және Түркістан көшелерінің, Сарайшық және Ақмешіт көшелерінің, Қабанбай батыр даңғылы мен Сарайшық көшесінің, Қабанбай батыр даңғылы мен Д.Қонаев көшесінің, Қабанбай батыр даңғылы мен Достық көшесінің, Достық пен Сауран көшелерінің, Д.Қонаев пен Түркістан көшелерінің, Қабанбай батыр даңғылы мен Қорғалжын тас жолының, Тәуелсіздік пен Б.Момышұлы даңғылдарының, Кенесары көшесі мен Жеңіс даңғылының, Республика даңғылы мен С.Сейфуллин көшесінің, Ш.Уәлиханов және С.Сейфуллин көшелерінің қиылысында күн сайын көлік кептелісі жиі болады» делінген аталған компания берген мәліметте.
Зерттеу жүргізу барысында олар қозғалыс қарқынын, қиылыстардағы көлік ағынының орташа жылдамдығын, автокөлік кезегінің ұзындығын, жолдарға түсетін жүктеме деңгейін, кептелістің қайталануы мен қанша уақытқа созылатынын есепке алған. Аталған қиылыстарда ұдайы кептеліс болып, соның кесірінен қаладағы жалпы қозғалыс нашарлайды және көлік жүргізушілерінің жолда жүруге кететін уақыты да созыла түседі.
Қоғамдық көлік көбею керек
Кептелісті тудыратын жеке көліктер саны 8 пайыз өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елордада қазіргі таңда 425730 автокөлік тіркелген. Бұл – тек ресми мәлімет, күніне шеттен келіп-кететін көліктерді қосқанда саны одан да асады. Соның кесірінен елорда көшелеріндегі кептеліс деңгейі 10 балдық меженің 9-ына жеткен.
Биыл 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласы әкімдігіне кептеліс мәселесін шешу үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек бұл мәселені шешу үшін тұрғындар қоғамдық көлікпен көбірек жүруі керектігін айтады.
– Кептеліс мәселесін шешудің жалғыз жолы – қоғамдық көлікті барынша тиімді пайдалану және жеке автокөліктерді қолдануды азайту. Сол үшін соңғы екі жылда елордадағы автобус паркінің 46 пайызы жаңартылды. Қазіргі таңда шаһарда 1642 автобус болса, соның 1272-сі күн сайын 105 бағдар бойынша тұрғындарды тасиды. Автобустар саны тағы да көбейе түседі. Одан бөлек, жаңа көпірлердің құрылысы да қолға алынуда. Былтыр ғана Сарайшық ауданында Тәуелсіздік даңғылында жаңа көпір аштық. Қазіргі уақытта тағы екі көпірдің жобасы әзірленуде. Көлік қозғалысын жақсарту үшін жол картасы әзірленуде, – дейді әкім.
Урбанистер не дейді?
Астана қалалық Урбанистика орталығының мамандары елордадағы кептелістің бірнеше себебін атады. Жолдардың өткізу қабілетінің шектеулілігі, көліктердің әсіресе «қарбалас кезінде» көбеюі, қоғамдық көліктердің жеткілікті деңгейде дамымауы, заңсыз автотұрақтар мен инфрақұрылымның шектеулі болуы – сол себептер қатарында.
– Кептелістің көбі оң жағалаудан сол жағалауға немесе керісінше жүретін жолдарда болады. Тағы бір себебі – көшелердің аздығы. Қала ішінде үйлер арасындағы бос кеңістіктер ауқымды, кварталдар үлкен, ал көшелер аз. Тәжірибе баяғыда-ақ көрсеткендей, жолдарды кеңейту кептеліс мәселесін шешпейді, тіпті 10 жолақты жол салсаңыз да кептеліс содан азайып кетпейді, керісінше, ол көбейе түседі, – дейді Астана қаласы Урбанистика орталығы басшысының орынбасары Бақтияр Бекенов.
Осы деректер негізінде қала басшылығы мен көлік басқармасы жол қозғалысы жағдайын жақсартуға арналған кешенді шаралар әзірлеуі тиіс. Бұған көпірлер салу, қоғамдық көлікті дамыту, бағдаршам арқылы басқарылатын интеллектуалды жүйені енгізу, сонымен қатар көлік ағынын оңтайландыру жұмыстары жатады.
– Біздің ұсынысымыз – бағдаршамдар жүйесін оңтайландыру, яғни қозғалысты реттеудің «ақылды» жүйесін енгізу. Сондай-ақ жаңа автобус бағдарын көбейтіп, қаланың автобус паркін жайлы қоғамдық көліктермен толықтыру, жеңілрельсті көлік (LRT) жүйесін дамыту керек. Жеңіл көлікке қажеттілікті азайтпаса болмайды. Ол үшін әр үй аумағында 15 минутта жететін қашықтықта жайлы қоғамдық кеңістіктер, жасыл аймақтар, гүлзарлар мен бақтар болуы қажет. Бұл қатарда дүкендер, кафелер, дәріханалар, мәдени ойын-сауық ғимараттары мен кеңселер бар, – дейді орталық өкілі.
Қалада көлік кептелісін азайту үшін қоғамдық көлік паркі жаңартылып қана қоймай, жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйесі енгізілді. Велосипед жүретін және жаяу жүргіншілер жолдары кеңейтілуде. Көпірлер салумен қатар көлік ағыны тиімді бағыттарға бөлініп, кептеліс картасы әзірленуде.
Көлік кептелісінің дер кезінде азайып, мәселенің шешілмеуі автокөліктер санының одан сайын артып, автотұрақтардың жетіспеушілігіне, қоғамдық көлікке түсетін жүктеменің артуына, инженерлік инфрақұрылымның тозуына, ауаның ластануы мен жасыл аймақтардың азаюы сияқты экологиялық мәселелердің туындауына әкеп соғады. Бұған қоса, қала маңындағы елді мекендермен арадағы көлік қатынасын реттеу қажеттілігі мәселесі пайда болуы мүмкін.
Әлемдік тәжірибеден не аламыз?
Астанада халықаралық жиындардың көп өтуі оның көлік қозғалысы мәселесін шешуді басқаша қарастыруды қажет етеді. Демалыс, мейрам күндері немесе маңызды іс-шаралар өтетін кезде адамдар жеке көліктерімен сол орындарға ағылып барады. Өзге қалалардан келетін көліктердің де көптігі кептеліс мәселесін қиындата түседі.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, дүние жүзінде көлік инфрақұрылымын дамытудың бірнеше үлгісі бар. Мәселен, Еуропада жеке және қоғамдық көлік арасында теңгерім сақтауға ерекше мән беріледі. Еуропалықтар көбіне жылдам, ыңғайлы әрі тиімді болғаны үшін автобустар мен пойыздарға мінуді жөн көреді. Тіпті жеке көлігі бар адамдар да күнделікті тұрмыста автобусқа мінеді, ал өз көлігін көбіне қала маңы сапарына ғана пайдаланады. Сингапурда жеке көліктер санының артып кетпеуіне қатаң бақылау қойылған. Билік аралдағы жолдар саны мен оған қанша көлік жүргізуге болатынын есептеп шығарып, көшелерге жүктеме түспес үшін жүргізушілерге көліктің өз бағасынан 3 есе қымбат лицензиялар сатады. Бұл кептеліске байланысты жағдайды бақылауда ұстауға септік етеді.
Кей қазақстандық сарапшылар Астанада көлік кептелісі мәселесін шешу үшін қоғамдық көлікті көбейтумен бірге қалаға кіруді ақылы ету, автотұрақтар бағасын көтеру керек деп санайды. Дегенмен ең бастысы, қоғамдық көлік жылдам әрі жайлы болуы керек. Автобустар кестеге сай жүріп, жүргізуші мұқият, ереже бұзбай жүрсе, автобус іші қыста жылы, жазда қоңыр салқын болып тұрса, ішінде қыстырылмай, емін-еркін отыра алса, жылы аялдамалар көбейсе ғана халық жеке көлігінен түсіп, қоғамдық көлікті көз жұма отырып таңдайды. Тіпті «қарбалас сәтте» де қолайлылық пен жылдамдық сақталып, қоғамдық көлікпен қатынаудың сапалы деңгейі еш төмендемеуі керек.