Әлеумет

«Жол МЕНІКІ» ДЕМЕГІН немесе жүргізушілер мәдениеті неге төмен?

Ресми деректер бойынша Астана қаласында 165 мың автокөлік тір­келген. Оған елордаға келімді-кетімді адамдардың көлігін қоссаңыз, күн сайын қала көшелері қандай қарбаласта болатындығын байқау қиын емес. Бүгінде «темір тұлпар» тізгіндегендер арасында егде жаста­ғылардан гөрі, отыз беске дейінгі жастардың қарасы басымдау. Әрі олардың көпшілігі нәзікжандылар екенін де көріп жүрміз. Рас, уақыт үнемдеу, қолға алған істің оңтайлы шешілуі, барар жеріңе тез жету үшін автокөліктің қажеттілік екенінде сөз жоқ. Әсіресе, бұл қоғам жұмысы мен үй шаруасын қатар алып жүретін қаракөздерімізге керек-ақ. Оның үстіне автокөлік байлық ретінде емес, күнделікті қажеттілік ретінде мойындалып отырған заманда қалтасында қаржысы бар жан қалағанына қол жеткізе алары да сөзсіз. Тек кейінгі кезде шетелден машина кіргізудің қиындап кеткендігі болмаса. Шынын айтқанда, оған да қарап жатқан жастар жоқ.
Дегенмен, біздің негізгі айтпағымыз ол емес. Бізді қатты толғандырып жүр­ген мәселенің бірі – қаламыздағы авто­көлік жүргізушілердің мәдениеті мен ішкі тәрбиесі. Екінші сөзбен айтқанда, жол үстіндегі сыйластық. Өмір болған соң күнделікті тіршілікте әртүрлі жағдайлар кездесіп жатады. Әсіресе, желмен жарысып жүйткіп келе жатқан көліктің жүргізушілері бірінің-бірі алдын кесіп, орағытып немесе біріне-бірі жол бермей өтіп кететін жайлар аз емес. Бұл – темір тұлпар тізгін­де­гендерге белгілі жағдай. Әрине, жол ережесін сақтаған, заңға бағынған дұрыс. Дегенмен, асығыстықта алдын кескен адамды бірден соққыға жығу, ар-намысына тиіп балағаттау қандай тәрбиеге жатады.

Сайран түбі – ойран

Астана қаласындағы «Самал» шағын ауданында адам өліміне соқ­тырған оқиға болды. Түн жарымда қабатты үйлердің ауласына кіре бе­рісте «БМВ» автомашинасында отырған екі жігіт ауладан шығып келе жатқан «Мерседес» автокөлігінің жүр­гізушісіне жол бермей, шекісіп қалады. Сол жерде 20-25 жастардағы «БМВ»-дағы екі жігіт қарсыласын көп сөзге келмей сұлатып салған.
Тағы бірде қоғамдық автобус пен «Тойота камри» қақтығысты. Аялдамадан шығып бара жатқан автобусқа жол беру керектігін ұмытқан «Тойота» жүргізушісі автобус жүргізушісін былапыт сөздермен көміп тастады. Өрт сөндіруші, «жедел жәрдем», полиция машиналарына қай кезде де жол беріп өткізіп жіберуге тиісті жүргізуші өз қателігін түсінбестен, жұдырық ала жүгірді.
«Апатты да көбейтіп отырған – жүргізушілер арасындағы түсіністіктің жоқтығы, менмендік. Жалпы, бізде жүргізуші мәдениеті төмен. Жол ортақ, ереже біреу десек те, рөлде отырған жанда желік бола ма, кім білсін, былай қарағанда, сабырлы көрінетін адамның өзі темір тұлпарға отырысымен өзгеріп сала береді. Кейде машинаны иіріп қойып жол­дың дәл ортасында келіспей қал­ған жүргізушілердің білек сыбанып тө­бе­лесіп жататыны да кездеседі. Сонда бас жарып, көз шығаратындай еш­теңе жоқ. Асыққан біреу екі көліктің ортасындағы арақашықтықтың ашық қалғанын пайдаланып ортаға кіріп кетеді, болмаса, асыққан жүргізуші екінші қатардан бірінші қатарға өт­пек болады немесе ебін тауып озып кетпек болады. Бұған түсіністікпен қарайтындар бар. «Е, асығып тұрған ғой, бара берсін» дейді ондайлар кең пейілдік танытып. Ал жаңағыдай «намысы тапталғандар» өйтіп жайбарақат отырмайды. Өзін аттап кеткен көлікті қуып жетіп алдына шыққанша шетке тықсырып, одан қалса дабылын безектетіп, іште отырған жүргізуші көзіне қораш көрінсе терезесін аша салып доқ көрсету, кейде жұдырығын ала жүгіру әдетке айналған. Тіпті, қалыпты жағдай секілді.
Жүргізушілер ерегесінің кесірінен орын алатын апат та аз емес. Бұрын қара жолдың бойында келіспей қалған пенделердің керілдесіп жататынын, төбелескенін естісек. Енді жағдай атысуға дейін жетіпті. Көлігінің үл­кендігіне, сүйенерінің мықтылығына қарап қимылдайтындарды жол ере­жесіне қатысты жаңа айып­пұлдар­дың да тәубаға келтіре алмағаны өкінішті, әрине. Енді, бәлкім, сол заңнамаға «көлік басқарып келе жатып басқа тұлғаны балағаттағаны үшін», «Жол бойында төбелескені үшін», «Арнаулы жолақтан өтіп бара жатқанда жаяу жүргіншілерге бөгет жасағаны үшін», «Жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру қызметінің көліктерін жібермегені үшін» деп арнайы айыппұлдар енгізу керек шығар. Себебі, қазір адам­дық­пен, ақылмен ешкімді түзей алмай­сың, бүгінгі заман қорыққанды сыйлайтын, сескенген жағдайда ғана аяғын абайлап басатын заман болды ғой» дейді Айнұр есімді оқырман.
Көкейдегі түйткілді дөп басып, дәл айтып отыр. Заң қатал, айыппұл қо­мақты болғанымен, жүргізушілердің мәдениеті мен жол үстіндегі сыйлас­­тығы түзеліп кете қойған жоқ. Көп­шілігі ережені сақтамайды. Қара­пайым
қауіпсіздік белдігін тағуды «ұмы­тып» кетеді. Жылдамдықты белгілі межеден асырып жібереді. Ты­йым салынған белгілерді ескер­мейді. Көлік жүргізіп келе жатып ұялы телефонмен сөйлеседі. Осы­ның барлығы заң бұзушылық екенін түсін­бейтін сияқты. Әйтеуір, жүр­гінші­лер де, көлік жүргізушілері де асығыс. «Асы­ғыстық – шайтанның ісі» демекші, құқық бұзушылық пен жол апатына асығыстықтың себебі көптеп тиіп жатыр.

Жаяуға да жаза бар

Екінші бір ойланарлық жағдай, автокөлікті кез келген жерге қойып жүре беретін жүргізушілердің жауап­кершілігі туралы. Ымырт түсе қаланың кез келген ауласына бас сұқсаңыз, қаз-қатар қойылған машиналардан аяқ алып жүре алмайсыз. «Осы үйдің тұрғылықты тұрғыны ретінде же­кеменшік көлігімізді аулаға қоюға құқымыз бар» дейді үй иелері. Солай-ақ болсын. Алайда, бетін аулақ қылсын, кездейсоқ өрт шығып немесе біреу қысылып ауырып, «жедел жәрдем» машинасын шақыртатын жағдай бола қалса, ауладағы машиналардан олар діттеген жеріне өте алмайды ғой.
Сонда қайтпек?
Сәуле есімді оқырманның пікірі де ойлантады.
«Бүгін мені құдай сақтады. Бөгенбай батыр көшесімен зымырап келе жатыр едім, жан-жағына қарау деген жоқ, бір әйел алдымнан жүгіре шығып, жолдың екінші бетіне өтті. Мыжып кете жаздадым. Өзі мас, теңселіп, түк болмағандай кетіп бара жатыр. Дер кезінде тежегішті басып үлгердім. Жылдамдығым аса қатты емес еді. Егер қаладағы тиісті жылдамдық – сағатына 60 шақырым алып келе жатқанымда, анық басып кетер едім және сол үшін басым пәлеге қалар еді… Ол өліп кетсе, өзі кінәлі болса да, мен сотталар едім. Сонда деймін-ау, өзі мас, өзі белгіленбеген жерден жүгіріп өтіп, кеткеніне қарамастан, мен кінәлі боламын ғой… Айдың-күннің аманында абайсызда кісі өлтіріпті деп түрмеге қамалсам, бала-шағамның күні не болар еді?… Осы орайда заңға өзгеріс енгізу керек деген ой келді. Біреудің өзіне керек болмаған өмірі үшін мен неге жауап беруім керек? Өзі менің көлігімнің астына кеп түссе, мен неге жауапқа тартылуға тиіспін?!! Оны айтасыз, бағдаршамның жасылынан немесе «жаяу жүргіншіге» арналған жолақ жолдардан тез-тез өтудің орнына, керісінше, адамдар жайылымдағы қой сияқты мамырлап қалады. Жайбарақат, маң-маң басып, шайнаң-шайнаң сағызын күйсеп, қо­лында сотка… Соны күтіп, оң жаққа бұрыла алмай бір керуен көлік тоқтап тұрады…» дейді.
Жолда жүру, көшеден өту мәде­ниетін қашан меңгереді екенбіз?… Біз осы сауалды Астана қаласы ІІД ЖПБ ұйымдастыру, алдын алу және бақылау бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Әуезхан Жақсылықов мырзаға қойғанымызда, ол былай деді: «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде жүргізушінің мәде­ниетіне қатысты жауапкершілік қа­растырылмаған. Көлік жүргізушілері жол жүру ережесінің талаптарын бұз­ған жағдайда ғана жауапкершілікке тартылады.
Қазақстан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексі­не сәйкес көліктерін кез келген жерге қойып кетіп, тәртіп бұзғаны үшін 5 ай­лық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Осы ережені қайта­лап бұзса, үш есе көп айыппұл төлейді.
Жаяу жүргіншілер жол жүру ере­жесі талаптарын бұзғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жүйелі түрде бұзса, 15 айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді немесе 3 тәулікке қамауға алынады».
Бұл – ресми адамның берген
жауабы.
Әйтсе де, мұндай қатаң талаптардың қала көшелерінде көбіне ескеріле бер­мейтіні қиын-ақ. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда жол үстінде де сыйласа білгенге не жетсін!

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button