Жаңалықтар

ЖОЛ-ЖӨНЕКЕЙ ҚАБЫЛДАУ ЖҮЙЕСІ

ERA_3724-1 (249)

Астана жол-патрульдік полициялары халықтың өздеріне деген сенімін арттырып, жұмыстарын жетілдіре түсу үшін «Жол үстіндегі қабылдау» акциясын ұйымдастырды. Жұртшылық көп жиналатын арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында, үш ауданның ішкі істер мекемелері мен автобус парктерінде өткен шарада жол қауіпсіздігі мен ережелері, жүргізушілердің құқылары мен міндеттері, құқық саласындағы тың тәсілдердің бәрі қамтылды.

 «Жол үстіндегі бақылау» деген жазуы бар автобустардың бір бөлігі Қарағанды бағытындағы «Қызылжар» бекетін бетке алды. Діттеген жеріне жеткен Астана қаласы Ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жол бойында

тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап берді. Арнайы жабдықталған автобусқа қызы­ғушылық танытып, тоқтаған көлік жүргізушілерінің негізгі сұрағы қауіпсіздік белдіктері мен 12 жасқа дейінгі балаларға арналған автокресло төңірегінде өрбіді. Әлі күнге «ыстық-суығы» басылмаған бұл мәселеге қатысты жүргізушілердің пікірі әртүрлі екенін байқадық. Жол полициялары жаңа ереже ең алдымен жолаушылардың, әсіресе, кішкентай балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтінін түсіндірді.

Көлікті қатты айдағанды жақсы көретін кейбір жүргізушілер қаланың тағы қай жерінде жыл­дамдықты өлшейтін жаңа құ­рылғылар орнатылатынын сұ­рас­тырып жатты.

Акция барысында жол полиция­ларының заңды қаншалықты сақ­тайтыны жөнінде тұрғындар арасында сауалдама жүргізілді. Оған 200-ден астам адам қатысып, өз пікірлерін білдірді.

Астана қаласы Ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Елжан Чупековтың айтуынша, мұндай акция жыл сайын өткізіледі. Себебі, «Жол үстіндегі қабылдау» барысында жол-патруль полицияларының жұмысындағы кемшін тұстар айқындалып, оны түзетудің мүмкіндіктері арта түседі.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button