Мәселе

Жолақы неге төленбейді?

Жақында Нұр-Сұлтандағы қоғамдық көлік жұмысын үйлестіретін «Сity Transportation Systems» компаниясы елордада қоғамдық көлікте жолақыны төлемейтіндердің көбейгенін, әсіресе тәуліктің қарбалас кезінде көптеген жолаушы төлем жасамай жүре беретінін айтып дабыл қақты. Аталған компания мәліметінше, өткен жылы 222415 адам жолақы төлемеген. Неге? Жолақы қымбат па? Жоқ, әлде жолаушылар әдейі төлегісі келмей ме? Біздіңше, мұның бірқатар себебі бар.

[smartslider3 slider=2624]

Көше автобусы – қала тұрғындарына ең қолайлы қоғамдық көлік. Ол қала тұрғындарының қалтасына түсетін салмақты азайтып қана қоймай, қаладағы көлік кептелісін және шуылды азайтуға, сондай-ақ қала экологиясын жақсартуға көмегі тиетін маңызды көлік. Сосын да дамыған елдерде жұмысқа жеке көлікпен барудан гөрі қоғамдық көлікпен жүруді көбірек қуаттайды. Біздіңше, елордаға да осындай бастама керек, егер жұрт бұл бастаманы қолдаса, жолда кептеліс азайып, автотұрақ жетіспеу мәселесі де өздігінен шешімін табар еді. Алайда бұл деңгейге бас қаламыз әлі толық жете алған жоқ. Себебі қалада бүгінге дейін автобус та, автобус жүргізушісі де жетіспейді. Кейбір жолдар тар болғаннан кейін, арнаулы «Bus Lane» ашуға қолайсыз. Міне, осы себептен автобустардың жүру аралық уақыты алшақ болады да, жолаушылардың көп уақыт күтуіне тура келеді. Кейде тіпті жолда кептеліс болған немесе жол апатынан көлік бөгеліп қалған жағдайда, жарты сағаттан бір сағатқа дейін күтуге тура келеді. Демек, қоғамдық көлік санының аздығы және 5-10 минутта бір көлік жүруге кепілдік етілмеуі бекетте жолаушы шоғырын молайтып, автобусқа түсетін күштемені арттырады. Міне, осының салдарынан жолаушылар көлікке сығылысып мінеді де, кейде жолақысын төлейін десе де төлей алмайтын жағдай туады. Әйтпесе 90 теңге жолақы астаналықтар үшін тым қымбат емес. Бәрінің қалтасы көтереді. Бұл – бір.

Екіншіден, бас қалада автобусқа міну, түсу тәртібі де дұрыс емес. Тек біздің бас қалада ғана емес, әлемнің көптеген елінде қазір автобустар кондукторсыз жүреді. Жолаушылар автобусқа мінген сәтте (алдыңғы есіктен мінеді) саналы түрде жолақысын төлейді. Олардың жолақысын төлеген-төлемегенін автобус жүргізушісі де бақылап отырады. Сондай-ақ ақша төлейтін орынға бақылау камерасы да орнатылған. Яғни жолаушылар мәдениетті түрде алдыңғы есіктен мініп, артқы және ортаңғы есіктен түседі. Ал керісінше істеу – мәдениетсіздік. Мұндай әрекетке жолаушылар да жол бермейді, асығыс кезіңізде артқы есіктен міне салсаңыз, жолаушылардың өзі ұрысып тастайды. Еуропаны қойып, іргеміздегі қаптаған халқы бар Қытайдың өзінде автобусқа осындай тәртіппен мінеді. Артқы және ортаңғы есіктен көлікке мінуге, алдыңғы есіктен көліктен түсуге тыйым салынған. Егер жолаушылар артқы есіктен көлікке мінсе, жауапкершілікті жүргізушіден сұрайды. Сосын да Қытай сияқты елдерде жүргізушілер жолаушыларды белгіленген тәртіппен ғана көлікке мінгізіп, түсіреді. Бұған халық та үйренген. Яғни бізде сияқты автобусқа кез келген есіктен мініп, кез келген есіктен түсіп жүре бермейді. Демек, Нұр-Сұлтандағы көліктерге де осындай тәртіп орнатып, яғни алдыңғы есіктен ғана шығарып, сол есіктен жолақы төлеу әдісін қолданса әрі жүргізушілердің бақылауда ұстауына міндеттесе, жолақысын төлемейтіндер болмас еді, көп ұзамай халық та бұл әдіске үйреніп кетер еді. Миллиондаған халқы бар Қытайда қолданған бұл әдісті бір миллион халқы бар Нұр-Сұлтанда қолдану түк те қиын емес.

Жолақысын төлемейтіндердің жолын кесудің тағы бір әдісі – жабық аялдама жасау. Яғни ақша төлейтін құрылғыны аялдама есіктеріне орнатып, жолаушылар жолақыны аялдамаға кірерде төлеп тастайтын әдісті қолдануға да болады. Алайда бұл қосымша қаржыны қажет ететіндіктен, әзірге автобусқа міну мен түсу әдісін ретке келтіруден басқа тиімді шара жоқ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button