Басты ақпарат

Жолақыдан неге жалтарады?

Елордада қоғамдық көлікте жолақыны төлемейтіндер азаймай отыр. Әсіресе, тәуліктің қарбалас кезінде көптеген жолаушылар төлем жасамай жүре беретін болған. Бас қаладағы қоғамдық көлік жұмысын үйлестіретін «Sity Transportation systems» компаниясының мәліметінше, өткен жылы 222 415 адам жолақы төлемей жүргені тіркелген. Бұл жағдай биыл да жалғасуда. Осы мәселені шешу үшін қандай шаралар жүргізіледі? Елорданың қоғамдық көлік жүйесін қамтамасыз ету және дамытудағы маңызды жұмыстардың бірі – ескі автобустарды қолданыстан шығарып, жаңа автобустарды сатып алу. 2014 жылдан бері бас қалаға 838 жаңа автобус сатып алынды. Соның 100-і – электробустар. Ал 14 жыл бойы желіде жүрген 400-ден аса автобус қолданыстан шығарылды. Алайда қалаға тағы жаңа 404 автобус қажет.

[smartslider3 slider=2559]

 «Bus Lane» жылдамдықты арттырды

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыруға арналған көпшілік тыңдауларында осыны баяндаған «City transportation systems» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов өткен жылы бұл бағытта атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, биылғы жоспарларға тоқталды. Сала түйткілдерін де атап өтті.

Оның айтуынша, елорда құрылысының қарқыны және маршруттық желіні кеңейтуге байланысты 2026 жылы қалада 819 автобустың тапшылығы туындайды деп болжанып отыр. Кейбір соңғы аялдамаларда автобустарды қаңтаратын «қалталар» жетіспей, автобус айналатын алаңдар жасалмаған. Санитарлық аймақтардың, тамақтану орындарының жоқтығы автобус жүргізушілеріне қолайсыздықтарды тудырып отыр.

– «Bus Lane» бар жолдарда автобустар аялдамаларға орташа есеппен алғанда 12,5 минутқа жылдам жетеді. Автобус жолақтарымен өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктеріне жүру де рұқсат. Бұл қызметтердің де шақыруларға жету жылдамдығы артты. Бүгіндері осындай жолақтар 26 учаскеде енгізілді. Оның жалпы ұзындығы 73,6 шақырымды құрайды. Amanat партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасына сәйкес өткен жылы «Bus Lane» 8 учаскеде іске қосылды. Бұл – Тұран, Қабанбай батыр, Ұлы дала, Абылай хан даңғылдары мен Байтұрсынұлы, Нәжімеденов, Түркістан, Мұхамедханов көшелері. Автобус жолақтарын енгізу жұмысы жалғасады. Алда осындай жолақтарды Жеңіс, Абылай хан, Тұран, ­Момышұлы, Тәуелсіздік, Мәңгілік ел, ­Қошқарбаев даңғылдары мен Байтұрсынұлы, Нәжімеденов, Түркістан көшелерінде енгізу жоспарланып отыр, – деді Бекмырза Игенбердинов.

186 электронды тақта орнатылды

Бас қалада интеллектуалды көлік жүйесі жобасын дамыту жалғасып жатыр. Осыған тоқталған баяндамашы оны дамыту үшін бұл жүйеге шаһардағы 630 бағдаршамның 264-і қосылғанын, жолаушыларды ақпараттандырудың 186 электронды тақтасы орнатылғанын атап өтті. 2020 жылы бұл жобаның үшінші кезегін іске асыру туралы оң шешім шығарылды. Соның аясында жүйеге тағы 257 бағдаршам қосылып, жолаушылар ақпаратына арналған 100 электронды тақта орнатылады.

Нұр-Сұлтан қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметі:

– Елорданың қоғамдық көлік жүйесін 6 автопарк қамтамасыз етеді. Соның 5-еуі – жекеменшік, 1-еуі – коммуналдық,

– Маршруттық желінің саны – 95. Соның 70-і – қалалық, 25-і қала маңына қатынайды. Автобустар саны – 1109. Күн сайын желіге 886 автобус шығады.

– Өткен жылы жаңа 6 бағдар іске қосылды. Бұл – 26, 30, 45, 69, 323, 43 бағдарлар. Биыл жаңа 3 бағдарды іске қосу жоспарланып отыр.

«City transportation systems» ЖШС мәліметі:

– Елордада қазір 1400 аялдама павильоны бар

Көлік қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмысы туралы айтқан Б.Игенбердинов бұл бағыттағы нақты жұмыстарға тоқталды. Оның сөзінше, оқыту бағдарламасы жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелерін, жолау­шылар мен жүкті тасымалдау­дың нормативті талаптарын, соның ішінде қызмет көрсету мәдениетін, мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуді, алғашқы көмекті қамтиды. 2014 жылдан бері 18 мыңнан астам көлік қызметкері, соның ішінде былтыр 1200-ден аса адам оқытылды.

700 автобус жүргізуші жетіспейді

Қалада автобус жүргізу­шілерінің де тапшылығы бар. «City transportation systems» ЖШС басшысының мәлімдеуінше, қазір 700-ге жуық жүргізуші жетіспейді.

– Тасымалдаушы жүргізушілерді ынталандыру мақсатында жалақыны өсіру, еңбек өтілі үшін үстеме беру сияқты шараларды қолданып жатыр. Ал жүргізушілердің жалақысы айына – 300-600 мың теңге аралығында. Жастар осы жұмысқа аз келіп жатыр. Мәселен, 25-30 жасар жүргізушілер пайызға шаққанда 2-2,2 пайызды ғана құрайды. Оның бір себебі, «D» және «DE» категориялары бар жүргізушілер кем дегенде 25 жаста болып, олардың еңбек өтілі 5 жылдан аз болмау керек. Ал оның алдында 3 жыл «Газель» жүргізіп, содан соң ғана автобус жүргізе алады. «Жол қозғалысы туралы» заңда осындай бап бар. Сол себептен бұл заңнан осы бапты алып тастау керек. Ол үшін тиісті ұсынысты Ішкі істер министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жібердік, – деген Б.Игенбердинов «Мосгортранс» атты Мәскеудің автобус жүргізушілерін оқыту комбинаты тәжірибесін енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Жолақыны қанша адам төлемеген?

Ол тасымалдаушыларды жұмысын дұрыс атқармағаны, жол ережелерін бұзғаны, жолаушылардың жолақыны төлемегені үшін жауапқа тарту статистикасын келтірді. Өткен жылы 222 415 адам жолақыны төлемесе, соның 9 900-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Автобус жүргізушілері 799 жол-көлік оқиғасын жасаған.

– Жолаушылардың жолақыны төлемегені үшін тасымалдау­шының қоржынына жылына 2 миллиард теңгеге кем түседі. Әсіресе, қарбалас кезеңдерде төлемеу жағдайлары жиі орын алады. Осындай кезеңде әр автобуста кем дегенде 20 жолау­шы төлемей кетеді. Шығынды қала әкімдігі бөлген субсидия­мен жабуға мәжбүрміз. Бірақ субсидиялар бойынша шешімін күтіп жатқан мәселелер бар. Жолаушыға айыппұл салу қоғамдық көлікті бақылаушы қызметкердің құзырында емес. Ол үшін полиция қызметкерін шақыру керек. Ал оны күту біраз уақытты алады. Сондықтан заңдық тұрғыда, бақылаушыға тиісті құзыретті беру үшін мәслихат депутаттарынан көмек сұраймыз. Ресей мен Беларусьте мұндай тәжірибе бар, – деді Б.Игенбердинов.

Жолақыны төлеудің электронды жүйесі аясында серіктестік жыл басынан 80 мыңнан астам көлік картасын шығарып, жаңартқанын айтқан ол соның 50 мыңы жалпы жолаушыларға, ал 30 мыңы жеңілдігі барларға арналғанын баяндады. Оның сөзінше, оқушылардың көлік картасы мектепке кіруге, мектеп асханаларында төлем жасау­ға да қолданылып жатыр. Қазір электронды жүйені жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, банк карталары мен телефонды аппаратқа тосуды іске қосу жоспарланып отыр. 24 наурыз күні бұл жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңі басталды. Алдымен ең жақсы аппарат пен қызметті жеткізуші анықталып жатыр. Бұл жұмыс сәуір айында аяқталады. Осының бәрі жеке инвестициялар есебінен жүргізіледі.

«Астана байк» жобасы 2020 жылы «City transportation systems» ЖШС басқаруына берілді. Серіктестік басшысы бұл жұмысқа да тоқталды. Оның айтуынша, бұл жоба 155 велостанса мен 1078 велосипедті құрайды.

 Тағы 100 электробус сатып алынады

Жиында қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев та қысқаша баяндама жасады. Мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі мәселе бойынша көптеген сұрақтарды қойып, ұсыныстарын айтты.

Депутат Азамат Айтхожин автобустар тапшылығын қалай шешу жоспарланып отырғанын сұрады. Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, субсидиялар есебінен Алматыдағы компания осы жылдың аяғына дейін 100 электробусты жеткізуді мойнына алған. А.Айтхожин жаңа автобустарды сатып алуды мектептер мен ауруханаларды салу тәжірибесімен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асыруды, соңғы аялдамалардағы санитарлық аймақтар мен тамақтану орындарын ұйымдастыруды кәсіпкерлердің қолына беруді қарастыруды ұсынды.

Жекеменшік автопарктер автобустарды жаңартпайды

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың пікірінше, соңғы аялдамалардағы жағдайды реттеу үшін кешенді жоспар әзірлеу керек.

– Автопарктер басшыларымен кездескенімізде жақын үш жылға даму жоспарын әзірлеуді ұсынған едік. Алайда бұл жоспарды әлі берген жоқсыздар. Ескі автобустардың көбісі – жекеменшік автопарктердің иелігінде. Коммуналдық №1 автопаркте мұндай автобустар тек 20 пайызды құрайды. Өткен жылдан бері әлеуметтік маршруттар тізімін бересіздер ме деп күтіп отырмыз. Бұл да әлі жоқ. Қала маңындағы елді мекендерге тек №1 автопарктің автобустары қатынайды. Жекеменшік автопарктер бұл елді мекендерге қызмет көрсетпейді. Оның өзіндік себептері бар. Соның бірі – дұрыс жолдардың жоқтығы, – деді Е.Каналимов.

Жылы аялдамалар қымбатқа түсіп отыр

Мәслихат хатшысының айтуынша, бір жылы аялдамаға шамамен алғанда 15 млн теңге бөлінеді. Бұл – тым қымбат. Өткен жылы 40 осындай аялдамаға, биыл тағы осыншама жылы павильонға қаржы бөлінген. Ал басқа қалаларда жылы аялдамаға 5-7 млн теңгеге орнатылады.

– Жылы аялдамаға бөлінетін қаржыны азайту үшін оларға қойылатын талаптарды өзгертуіміз керек шығар. Сонда бір аялдамаға бөлінетін қаржыға болашақта екі аялдама орнатуға болады. Жылы аялдамаларға инфрақұрылымдық желілерді қосу ісі де әлі дұрысталмады, – деді Е.Каналимов.

iKomek 109 қызметіне қоғамдық көлікке қатысты келіп түскен статистиканы сөйлеткен ол осы жылдың екі айында, 1 қаңтардан 1 наурызға дейін 44 мың өтініш түскенін айтты. Соның 60 пайызы – шағымдар, 1 пайызы ғана алғыс.

Жолаушылардың жолақыны төлемегені үшін тасымалдау­шы көп зиян шегіп, бюджетке де әжептәуір салмақ түсіп жатқанын айтқан мәслихат хатшысы бір шешім ретінде кондукторларды қайтаруды ұсынды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button