Басты ақпарат

Жолаушы тасымалы көңіл көншітпейді

Қазір отандық жолаушы тасымалы көптеген қиындыққа тап болып отыр. Осы төңіректегі шешімін таппаған түйінді мәселелердің түйіні тарқатылудың орнына жылдан-жылға күрделеніп бара жатқан сияқты. Тіпті өзі еңсесін көтере алмай жатқан салаға «ковид» індеті келіп қосылып, одан сайын жығылғанға жұдырық болғанға ұқсайды.

[smartslider3 slider=3534]

Әуежайдағы жағдай

Дегенмен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиеваның айтуынша, кейінгі кезде тасымал нарығындағы жағдай біршама тұрақталған.

Бес авиакомпания 57 авиабағдар бойынша аптасына 600-ден аса рейс жасайтын көрінеді. Соның 20 авиабағдары әлеуметтік маңызы бар бағыттарды қамтамасыз етіп, тұрақты ұшып тұру үшін республикалық бюджеттен қаржыландырылса, коммерциялық тұрғыдағы рейс тасымалдаушылары шығынын жаба алмай келеді екен.

Бір қуанарлығы, індеттен кейін қазір халықаралық әуе қатынасының жұмысы толық қалпына келтірілді. Кейінгі кезде осы негізде 27 мемлекетке 102 бағытта аптасына 476 авиарейс ұшады. Жолаушы тасымалының қарқыны жоғары. Жыл басынан бері еліміздің әуежайлары 6,84 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға көп екен. Алайда бір «әттеген-айы» жолаушылардың саны артқан сайын авиарейстің кешігуі жиілеп кеткен. Бұл тұрғыда министрліктегілердің де айтар өз уәжі бар.

«Асыққан – шайтанның ісі». Сондықтан бірінші кезекке жолаушылардың қауіпсіздігін қоямыз. Сосын әуе кемесін нақты тексерістен өткізбей, ауа райының ұшып-қонуға қолайлылығына көз жеткізбей, ұшуға рұқсат берілмейді. Кейде осы үдерістің өзі біраз уақыт алып кететін жайлар болады. Ал кешігу бұдан басқа авиакомпанияның кінәсінен болатын болса, белгіленген заңнамаларға сәйкес, жолаушыларға қосымша өз қызметін ұсынуы тиіс. Егер ұшақ екі сағатқа кешіксе, екі рет телефон шалуға, салқын сусын және ана мен бала бөлмесін ұсынуы керек. Ал екі сағаттан артық кешігетін болса, ыстық тамақ ұйымдастырылып, жолаушыларды қонақүйге орналастыру мүмкіндігі қарастырылады. Олай болмаған жағдайда, жолаушылардан шағым түссе, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 200-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін» дейді олар.

Қазір халықаралық әуе қатынасының жұмысы толық қалпына келтірілді, 27 мемлекетке 102 бағытта аптасына 476 авиарейс ұшады. Жолаушы тасымалының қарқыны жоғары. Жыл басынан бері еліміздің әуежайлары 6,84 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл өткен жылмен са­лыс­тырғанда 13 пайызға көп екен

«Солайы солай ғой. Бірақ нақты іс барысында жетпіс желеу, сексен себеп айтылып, түптеп келгенде, ешкім де жауап бермейді» дейді елорда тұрғыны Ермекбай Сәлімов.

«Мәселен, 17 шілде күні Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына 11:30-да ұшуы тиіс әуе рейсі түнгі 4:30-да ұшты. Алайда жолдан бес сағатқа кешіккен жолаушыларға ыстық тамақ та, қонақүй де ұсынылған жоқ. Аэровокзалдың орындығында шошайып отырдық та қойдық» деп наразылық білдірді ол. Әрі мұндай жағдай кез келген рейсте жиі қайталанып отырғаны қынжылтады.

«Air Astana» компаниясының әуе қызметін жүзеге асыру жөніндегі вице-президенті Александра Небогидің айтуынша, ұшақтардың кідірісіне, негізінен, екі фактор әсер ететін көрінеді. Біріншісі – халықаралық рейстердің жүк тасымалы. Әсіресе бұл жұқпалы дертке салынған тыйымдар бірден алынып тасталғаннан кейін ірі аэропорттарда жүк тасымалына деген сұраныстың көбейгенінен болып отыр. Ал жүк тасымалына індет кезінде қойылған шектеулер алынған жоқ.

Екінші бір себеп – жүкшілердің жетіспеушілігі. Транзиттік жолаушылардың жүгін белгіленген уақытында түсіріп, жеткізетін жұмысшылар аз. Сондықтан екінші рейстің қонуына кедергі келеді. Міне, сөйтіп күні бойы авиарейстердің кешігуі орын алады.

Тағы бір себеп – Украинадағы қақтығыс. Осыған байланысты кейбір ұшақтардың бағдары тоқтап, көпшілігі Ресей Федерациясы кеңістігін айналып өтуге мәжбүр. Түптеп келгенде, мұның бәрі кешігу себептеріне алып келеді. Содан кейін ауа райының да құбылмалылығы, әуежайларға жасалатын жөндеу жұмыстары да әсер ететінін айтқан жөн.

«Расы керек, Қазақстан әуе компаниясындағы ұшақ рейстерінің кешігуі сол компания үшін де үлкен шығын. Сондықтан мұндай кідірістерге жол бермеу үшін барлық мүмкіндік қарастырылады. Алайда мойындау керек, осы сөз болып отырған келеңсіздіктер көбіне біздің еркімізден тыс болады» дейді SCAT пен Qazaq Air өкілдері. Оның үстіне авиакомпанияларда лайнерлердің де жетіспеушілігі бар көрінеді. Әр компанияның 2025 жылға дейін алып лайнерлер алу кестесі бекітілген. «Air Astana» мен «Fly Arystan» биылдың өзінде екі аэробус алып үлгерді. Жылдың аяғына дейін бес әуе кемесін алуға үміттеніп отыр. Ал «SCAT» жылдың аяғына дейін тоғыз ұшағын жаңартпақшы. Дегенмен жолау­шылар ұшақтардың кешігуіне бой үйрете бастады, енді тек билет бағасы қымбаттамасын деп тілеп отыр. Ал «біз бағаны үнемі бұлай ұстап тұра алмаймыз. Өйт­кені ішкі рейстерге тариф 2015 жылдан бері көтерілген жоқ» дейді SCAT АҚ коммерциялық кешені директоры Николай Буряков.

Пойыздардың кешігуі көп

Әуе қатынасы тасымалындағы авиарейстердің кешігуінен темір жолдағы жолаушы тасымалы пойыздарының кешігуі одан да сорақы болып шықты. Мәселен, 10 маусым күнгі Алматы-Орал бағытында жүретін «Тальго» жүрдек пойызы елордаға 1 сағат 10 минут кешігіп келсе, Ақтөбе қаласына 40 минут, Орал қаласына 30 минут кешігіп барған. Ал Нұр-Сұлтан-Орал бағытында жүретін жолаушылар пойызы 12 маусымда Ақтөбе қаласына 3 сағат, Оралға 1 сағат 10 минут кідіріспен барған. Жолаушылар пойызы неге үнемі кешігіп жүреді? Бұған да бірнеше уәж айтылады. Ең бастысы, жүктеме көп болғаннан кейін рельс қызып кетіп, суығанша күтуге тура келетін сәттер болады екен. Екіншіден, кей жағдайда жолаушы пойызына жол беруге тура келеді. Кейде жол-жөнекей электровоздар мен тепловоздар да істен шығып қалып, оларды басқасымен алмастыруға тура келіп жатады. Айта берсе, пойыздардың кешігуіне себеп те, желеу де жетерлік екен.

ҚР Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қасым Тілеповтің айтуынша, бүгінде республика аумағында 130 жолаушы пойызы қатынайды. Ал жылжымалы құрам паркіндегі 2,6 мың жолаушы вагонының 46 пайызы тозған. Соңғы он жылда тек қана 1100 жаңа вагон сатып алыныпты. Биыл тағы 73 жаңа вагон келеді деп күтілуде.

«Иә, біздің салаға, атап айтқанда, жолаушылар тасымалына байланысты көңіл толмастық пен наразылықтың бар екенін жақсы білеміз. Біз оны барынша жоюға күш салып жатырмыз. Жыл басынан бері бізге мыңның үстінде арыз-шағым түсті. Әрқайсысын жеке-жеке қарап, тиісті шара қолдандық. Осы негізде 200-ден аса вагон тексеріліп, 431 тәртіп бұзушылық анықталды. Оларға 32 миллион теңгенің үстінде айыппұл салынды».

Ал «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Жәнібек Тайжанов бұл бағытта көпшілікті қуантарлықтай мәлімет келтірді. Оның айтуынша, пойыздардың кешігуі – жаз мезгілінде болып тұратын жағдай. Өйткені жаз – демалыстың, қыдырып-серуендеудің айы. Адамдар легі шамадан тыс көп болады. Билет табылмай, вагондар жетпей жатады. Дегенмен бұл қиындықты мекеме жоспарлы түрде еңсеріп келеді. Осы жылғы жазғы жолаушылар тасымалына 138 бағытқа 104 пойыз шығарды. Жекеменшік компаниялар да өз үлесін қосып жатыр.

Рас, вагондардың ескіргенін жасыруға болмайды. Қазір қолданыстағы 800-дей вагонның алды 28 жыл, соңы 44 жыл үзбей пайдаланылып келеді. Олардың 700-інде ауабаптағыш жоқ. Сондықтан жолаушылар, әсіресе, Түркістан, Маңғыстау облыстарына қатынайтын пойыздардағы адамдар «қалбырдың ішінде күнге шыжып келеміз» деп талай шағым түсірді.

«Дегенмен кейінгі жылдары қол жеткен бір жетістігіміз – пойыз билетінің алыпсатарларын жойдық. «Mobius» электронды броньдау арқылы билет тапшылығын қолдан туғызушылардың жолы кесілді» дейді ол.

Қазір еліміздің алты облысына «Тальго» жүрдек пойызы қатынайды. Ішінде жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Жаз кезінде ауабаптағыш, қыста жылыту пеші үздіксіз жұмыс істейді. Он бір халықаралық рейс қатынайды. Әрине, кем-кетік болуы мүмкін.

«Көш жүре келе түзеледі» демекші, біз оны бара-бара жоямыз. Тағы бір атап өтерлігі, билет бағасында тұрақтылықты ұстап тұруға тырысудамыз. Билетті 45 күн бұрын сатып алған адамға 25 пайыз жеңілдік те бар» деді төраға.

Міне, еліміздің жолаушылар тасымалындағы ахуалдың кейбір жай-күйі осындай. Тиісті органдар алдағы уақытта жоғарыда сөз болған кемшіліктерді жояды, сөйтіп халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттырып, мүмкіндігін жетілдіре береді деген сенім мол.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button