Мәслихат

ЖОЛАУШЫҒА ҚЫЗМЕТ САПАЛЫ ЖОЛДАН БАСТАЛАДЫ

905d8c0dbaa430947f6398e7897f9bc2

Қалалық мәслихаттың мәжіліс залында өткен дөңгелек үстел барысында елордадағы көше-жол желісін дамыту және қоғамдық көлік қызметін жақсарту туралы мәселе талқыланды.

Мәслихат хатшысы С.Есілов бүгінгі басқосудың алдында бір топ депутаттар елордадағы көлік кәсіпорындарында болып, автобус бағыттарының жұмысымен жа­қынырақ танысып-зерттеп, өзде­рі­нің ұсыныстарын Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасына жолдағанын жеткізді.

Бүгінде қала тұрғындарының жыл­дам әрі ыңғайлы жүріп-тұруын қам­тамасыз ету басты проблемалардың біріне айналып отыр. Бұл ретте қа­лалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Рашид Аманжолов депутаттарды осы салада атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

«Елорда жолдарындағы жүктеменің жоғарылығы өздеріңізге мәлім» деп бастаған басқарма бастығы одан әрі Астанада жалпы ұзындығы 946 ша­қы­рымды құрайтын 952 көше ба­рын, солардың жетпіс пайызға жуы­ғы ас­фальтталғанымен, қалған 287 ша­қы­рым жолға тас төселмегенін айтты.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Сергей БОГАТЫРЕВ, «№1 автобус паркі» АҚ басқармасының төрағасы: – Біздегі автобустардың әрқайсысы күн сайын 105 шақырым жолды жүріп өтеді. Демек, бүгінгі таңда автомобиль жолдарының проблемасы өте өзекті. Осыған орай, қалада жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып жатыр. Дегенмен, бір көшенің, мәселен, Б.Майлин көшесінің бойына адым сайын осындай жол салудың қажеті қанша? Меніңше, жерасты өтпе жолдарынан гөрі жер үсті жолдарын салу анағұрлым тиімді. Соңғы аялдамалардың мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Күн сайын 1,5 мыңға жуық адам қо­ғамдық көлікпен халық­қа қызмет көрсетеді. Олардың қолдарын жуып, дәретханаға баратын, тамақтанатын орындарын оңтайлы ойластыруымыз керек. Қаланың өсуімен бірге соңғы аялдамалар да алыстай береді. Сондықтан, оларды бір орыннан екінші жерге неғұрлым оңай кө­шірудің мүмкіндігін қарас­тырғанымыз жөн.
Жол жөндеу және салу жұмыс­тарын әңгімелей келе, Р.Аманжолов магистралды көше­лердегі жүктемені төмендету мәсе­лесіне, сондай-ақ, жаңа күре жолдар салу, тұйық жолдарды ашу, электронды билет беруге көшу, қаланың шет аймақтарын жол инфрақұрылымымен қамтамасыз ету де назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

автоҚоғамдық көліктер туралы айтар болсақ, Астанада тәулік бойы 669 мың жолаушыны тасымалдайтын 8 автопарк, 941 автобус жұмыс істейді екен. Дегенмен, қоғамдық көлік қызметіне көңілі толмайтындар қатары азаймай отыр. Мәселен, 2012 жылы тұрғындардан 1914, ал өткен жылы 2524 өтініш-шағым түссе, былтыр Астанада 254 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Соңғы алты жылда бас қалада 406 автобус сатып алыныпты. Соған қарамастан, қолданыстағы көліктердің 17 пайызы тозған, 14 жылдан бері пайдаланылып жүрген ескі көліктер көрінеді.

авто-1– Жүргізушілердің тұрақтамауы да бұл саладағы басты проблемалардың бірінен саналады. Қазіргі таңда қала­дағы көлік кәсіпорындарына әлі де 700 адам жетіспейді. Осыған орай, біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Соның нәтижесінде, алдағы уақытта көлік жүргізушілерін оқыту және біліктіліктерін арттыру жөніндегі жаңа орталық құрылады, – деді Рашид Аманжолов. – Ол негізінен психологиялық тренингтерден тұрады. Яғни, жүргізуші симуляторға жіберілмес бұрын тестілеуден өтеді. Симуляторлар сатып алынады. Оқыту бағдарламасы 80 сағатты құрайды. Оның басым бөлігі нақ осы психологиялық ахуалға арналады. Адам өзін қалай ұстайды? Оған автобусқа отыруға бола ма, әлде, ол механик болуға ғана жарай ма? Осының бәрі тексеріледі. Аталған орталық сәуір айында өз жұмысын бастайды.

Үстіміздегі жылы ай сайын 80 адамды оқыту көзделіп отыр.

Сонымен бірге қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы сол жағалаудағы Есіл өзені бойында орналасқан әкімшілік орталық пен Қосшы тұрғын алабына жылдам жету туралы елордалықтардың өтінішінен кейін үстіміздегі жылдың 5 наурызынан бастап №52 жүрдек маршруты ұйымдастырылғанын, оның «Ай­мақаралық аурухана» – «Лесная поляна» тұрғын алабы арасында қаты­­найтынын, дей тұрғанмен алдағы уа­қытта автобус бағыттары қала тұр­ғын­дарына қолайлы болуы үшін қоз­ғалыс кестесі жүйеленіп, тәуліктің әртүрлі уақытындағы көліктік жүктеме көр­сеткіштерін және тағы басқаларды ескере отырып, заманауи көлік моделін енгізу қолға алынатынын айтты. Демек, бұған дейін отыз шақырымға дейінгі аралыққа қатынайтын автобустардың бағыты енді екіге бөлініп, әр автобустың 15 шақырымға қатынауы көзделуде. Осы­ның нәтижесінде енді бір ғана қоғам­дық көлікке мініп алып, қаланы түгел аралап шығу мүмкін болмайтын сияқты.

Биыл 350 жаңа автобус сатып алынады. Сондай-ақ, «IVECO» компаниясымен жасалынған келісімшарт негізінде үстіміздегі жылдың мамыр айынан бас­тап біртіндеп су жаңа автобустар келе бастайды, ал 2017 жылға дейін жалпы саны 850 автобус сатып алынады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button