Басты ақпаратЖаңалықтарҚала тіршілігіҚоғам

Жолаушыларға жайлы жағдай

zah_3201

Миллион халқы бар Астанада көліктер легі артқан сайын қаланың тынысы тарыла түседі. Шаһардағы толғақты мә­селелердің көбі осы жол тақырыбында тоғы­сады. Бүгінгі таңда бұл жағдайды реттеудің бір жолы – тұрғындардың автобустармен қатынауына қолайлы жағдай жасау. Көлік кешенін дамыту мақ­сатында атқарылған жұ­мыстар біраз мәселенің түйінін тарқатпақ.

Келер жылы жаңа автобустар келеді
Тұрғындарды күнделікті барыс-келіс үшін қоғамдық көлікті пайдалануды насихат­таған істердің бірі – автобус­тарды жаңалау. Осы бағытта былтыр 358 су жаңа автобус сатып алынды. Бұлардың сапасы Астананың қақаған қысында сыналып, сенімді көлік екендеріне әбден көз жеткен.
Бұл игі іс жалғасын тауып, келер жылы Астананың автобус парктері IVECO маркалы 210 заманауи автобуспен толығады. Жаңа көліктерді Еуропа қайта құру және даму банкінің ин­вестициялық қолдауының ар­қасында алдыртпақ. Автобус­тар ақпараттандыру, ауа баптау, жылыту, бейнебақылау жүйелерімен, сондай-ақ, мүм­кіндігі шектеулі жандарға және балалар арбасымен жүрген ата-аналар үшін арнайы пандус­тармен жабдықталады.
Қоғамдық көліктермен қатар, автобус парктерін жаңарту және ескі машиналарды қолданыстан шығару мәселелері де қолға алынуда. Қазір күн сайын елордада 700-ден аса қоғамдық көлік жолға шығады. Олар шамамен 850 мыңнан аса адамды тасымалдайды.

Жол жүріс өнімді болады
Діттеген жерге қоғамдық көліктермен дер кезінде жеткізу үшін бірқатар маршруттардың қозғалыс сызбасы өзгертіледі. Қазірдің өзінде тұрғындардың өтінішімен бірнеше мар­шрут­тардың қозғалысына жартылай өзгеріс енгізілді.
Атап айтсақ, №73 бағдардың кестесі Алматы ауданының Көкарал, Бәйшешек көшелері тұрғындарының сұрауы бойынша және қала шеті тұрғындарын қоғамдық көлік қызметімен қамтуды жақсарту мақсатында ішінара өзгерді. Бұл бағдардың «Бал бала» балабақшасынан бастап «Көкжиек көшесі» аял­дамасына дейінгі жолы бұрынғыдай қалды. Ал одан әрі қарайғы жолы: Төлебаев көшесі – Көкарал көшесі – Бәй­шешек көшесі – Шалкөде көшесі – соңғы аялдама «Промышленный» тұрғын жайы. Кері бағыттағы қозғалыс өзге­ріссіз қалды.
Сонымен қатар, қала маңына қатынайтын автобустардың арақашықтығы қысқарды. Мәсе­лен, №306 автобус қарбалас кезде Талапкерден бастап 15 минуттық аралықпен жүреді. Қоянды ауылына қатынайтын №307 маршруттың арасы 8 ми­нутты құрайды. Бұрын бұл 10 минуттан асып кететін. Ал Қабанбай батыр ауылына жүретін №308 автобус енді Қызыл­жарға да соғатын болады.

Жаңа аялдамалар жобалануда
Арқаның бет қаритын аязында елордада орнатылған жылы аялдамалар автобус күт­кен ағайынға жақсы пана болды. Басында бағасына қатысты ши шыққанымен, қазір тұрғындардың бәрі риза­шылығын білдіруде.
Енді елордалықтардың пікірін ескере отырып, алдағы уақытта жайлы жаңа аялдамалар орнату көзделуде. Бұл кешендер мемлекеттік-жеке меншік әріптестік есебінен салынатын болады. Ал жоба 2017 жылдың бірінші жартысында жүзеге асырылмақ.
Жобаланып жатқан жабық түрдегі жаңа аялдамалар жолаушылар жиі жиналатын тығыз жерлерде орнатылмақ. Биыл жылдың соңына дейін Астанада 45 жаңа шыны және перфорацияланған аялдама абаттандырылады. Сондай-ақ, көлемді жабық сауда және техникалық орынжайлардан, ашық алаңнан тұратын автостансалар жасалады. Автостанса аумағында тез тамақтану пункті, қоғамдық дәретханалар, төлемдер қабылдау пункті, лайт-бокстар сияқты нысандар болады.
Астанадағы аялдамалардың тағы бір жаңалығы – ақпараттық таблолармен жабдықталуы. Мұны бүгінде көпшіліктен оң бағасын алып үлгерген «Astra bus» мобильді қосымшасының балама түрі десек, қателес­пейміз. Бұл таблолардан жолаушылар автобустардың қай маңайда және қанша уақытта келетінінен хабардар болады. Қазір көшелерде орнатылған 110 ақпараттық табло тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Сондықтан жұрт ондағы уақыт­тардың айырмашылығына түсіністікпен қарауы тиіс. Жос­пар бойынша алдағы жылы аялдамаларда тағы да 72 ақпа­раттық табло орнатылмақ.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button