Жолдарды жөндеу жайы қалай?
Биыл бас қаланың 50 көшесінің жолдарын орташа ағымдағы жөндеуге қаржы бөлінді. Бұл жолдардың жалпы ұзындығы – 60 шақырым. Сондай-ақ осы жылы 8 жоба бойынша 6 тұрғын алаптың жолдары жөнделуде. Оның барысы мен жұмыс сапасы туралы Астана қаласы мәслихатының құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында баяндалды.
31 көше реттелді
Қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшиннің айтуынша, қазірге дейін қаладағы 31 көшеде орташа ағымдағы жөндеу аяқталып, 10 көшенің жолдары жөнделіп жатыр. 9 көшеде тиісті жұмыстар әлі басталмаған. Бұл жұмыстар 30-70 метр аумақта, атап айтқанда, Алматы ауданында 4 көшеде, Binom мектебіне апаратын жолда, «Журналистер үйі» аумағында жасалуы керек.
– Тиісті жұмыстарды қыркүйек айының аяғына дейін бітіреміз. Бүгінге дейін 300-ден астам көшеде шұңқырлар бітеліп, 50 көшеде маршруттық жөндеу жасалды. Биыл жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайтын 15 көшеде тротуарлар салынды. Бұған қоса, 5 аялдама «қалтасы», 5 көлік қаңтару орны реттелді. Коммуналдық қызметтердің апаттық-қалпына келтіру жұмыстарынан кейін 18 учаскеде асфальт-бетонды жабын қайта төселді. 120 көшеге инертті материал себілді. Атап айтқанда, бұл көшелердің 60-ы – Байқоңыр ауданында, 30-ы – Сарыарқа ауданында, 20-сы – Алматы ауданында, 4 көше – Есіл ауданында және 6 көше Нұра ауданында орын тепкен. 36 учаскеге жол таңбасы салынды. «Балалар қауіпсіздігі» бағдарламасы толығымен орындалды. Бұл бағдарлама мектептер маңайында бағдаршамдарды, көлік қою орындарын орнатуды, басқа да жұмыстарды көздейді. Осы жылы көпірлерді жөндеу қолға алынып, тиісті жұмыстар аяқталуға жақын қалды, – деді Асхат Қарағойшин.
Тұрғын алаптар мәселелері
Оның айтуынша, қазір қала құрылысы аудандарының кеңеюіне байланысты жүк көліктерінің көбеюі мәселесі туындады. 60-100 тонналық көліктер жолдарды шыдатпай отыр. Сол себептен жөнделген жолдарды қайта жөндеуге тура келеді.
– Кейбір тұрғын алаптардың жолдарын жөндеуде де мәселелер шықты. Атап айтқанда, Железнодорожный тұрғын алабында жөндеу жобасы түзетуді қажет етеді. Сондықтан биыл жөндеуді үлгермейтін болғандықтан бөлінген қаржы қайтарылады. Оңтүстік-шығыс тұрғын алабында жөндеу жұмыстарының І және ІІ кезеңі, Тельман тұрғын алабындағы жұмыс қалыпты жүргізілуде. Интернациональный кентіндегі жоба мен Комсомольский тұрғын алабының ІV кезеңі түзетіліп жатыр. Көктал-1 тұрғын алабындағы жұмыстардың ІІ кезеңіне бөлінген қаржы жетпей қалды. Оған қосымша қаржы керек. Интернациональный, Мичурино, Күйгенжар тұрғын алаптарында электрожелілер салынды. Бұл кенттерде 2 жоба жүзеге асырылуда, – деді Асхат Қарағойшин.
Басқарма басшысының сөзінше, Н.Тілендиев даңғылы-Ш.Бейсекова көшелерінің қиылысындағы айналма жолдың құрылысына қажет металл қазан айына дейін келуі керек. Бұл жобаны келесі жылдың қыркүйек-қазан айларында пайдалануға беру жоспарланған. Байқоңыр ауданындағы «бүкір» көпірде 1 қыркүйекке дейін көлік қатынасын қамтамасыз ету мақсаты қойылды.
Аудандардағы жұмыстар
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуіне орай және қала аудандары бойынша жолдарды жөндеу барысымен қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мерей Байырхан таныстырды.
Оның айтуынша, «Қазанат» ипподромы аумағындағы тиісті жұмыстарды 30 тамызға дейін толығымен аяқтау жоспарланған. Нұра ауданында Е251 көшесінде Қ.Мұхамедханов көшесінен Е32 көшеге дейінгі аумақта әлеуметтік нысандарға келу жолдары салынып жатыр. Е306 көшесінде Сарайшық көшесінен Сығанақ көшесіне дейін, №26 көшеде Тұран даңғылынан Е102 көшеге дейін, «Батығай» тұрғын үй кешені аумағындағы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша бой көтерген мектепке жолдар салынуда. Қ.Мұхамедханов көшесіндегі Ш.Айтматов көшесінен Қорғалжын тасжолы аралығында, Ш.Айтматов көшесіндегі Сығанақ көшесінен №27 көшеге дейін, Е51 көшедегі Р.Бағланова көшесінен Ұлы дала даңғылына дейін, №24 көшедегі Тұран даңғылынан Е102 көшеге дейін тиісті жұмыстар жалғасуда.
Есіл ауданында Жағалау-1 шағын ауданы, Е549 көше аумағындағы Есіл көпірі арқылы өтетін арнайы тасжол, Тәуелсіздік даңғылындағы көпір, Тәуелсіздік даңғылындағы И.Панфилов көшесінен №27 көшеге дейінгі аралық, Т.Рысқұлов көшесіндегі Мәңгілік ел даңғылынан Нұра көшесіне дейінгі аумақ биыл пайдалануға берілмек. Мәңгілік ел даңғылынан Ә.Бөкейхан көшесіне дейінгі жол аралығын жөндеу 10 қыркүйекке дейін аяқталмақ. «Бағыстан» тұрғын үй кешені аумағындағы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынған мектепке жол салынады.
Бұқар жырау көшесінде №37 көшеден Тәуелсіздік даңғылына дейінгі аралықта мәселе бар. Мұнда мердігер келісімшартты орындамағандықтан оны бұзу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл үдеріс аяқталғаннан кейін қалған жұмысты аяқтауға конкурс жарияланады.
Алматы ауданында А62 көшедегі Қордай көшесінен Астана-Қарағанды тасжолына дейінгі аралықта абаттандыру, көшені жарықтандыру жүргізіліп жатыр. Сондықтан жол салу жұмыстарын 30 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған. Сарыарқа ауданында Ә.Жангелдин көшесі Ш.Бейсекова көшесінен К.Күмісбеков көшесіне дейінгі жол аралығы салынуда.
Сапаға көңіл бөлген маңызды
Қала жолдарының құрылысы мен жөндеу сапасын қамтамасыз ету үшін қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы соңғы 4 жылда Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен келісімшарт жасады. Аталмыш орталықтың Астана қаласы бойынша атқарған жұмыстарымен бас директордың орынбасары Асхат Оқасов таныстырды. Оның айтуынша, жол құрылысына байланысты технологиялардың бұзылуына қатысты 15 жағдай тіркелді. Бүгінде бұл кемшіліктер түзетілді. Жол салуға қажет материалдардың сапасы тексеріліп, кейбірі нормаға сәйкес келмегені анықталды. Қазір қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы бұл кемшіліктерді жою жұмысын жүргізіп жатыр. Жалпы биыл алғаш рет 18 асфальт-бетон зауыты тексерілген. Соның ішінде 8-і ғана сапалы қоспаларды шығаруға дайын деген қорытынды шығарылды.
Баяндамашы жол құрылысы мен жөндеудегі кемшіліктердің бірі ретінде техникалық бақылауды өткізетін инженерлердің өз қызметін тиісті дәрежеде орындамауын атап өтті. Оның айтуынша, инженерлер тиісті нысанға келмейді. Яғни қорытындыны нысанды көрмей, сырттай шығара салады. 2023-2024 жылдары мұндай 21 жағдай анықталды. Сондай-ақ тиісті заң бұған тыйым салса да, инженерлердің бірнеше жерде жұмыс істеу жағдайы тіркелді.
Депутаттар дабылы
Қалалық мәслихат депутаты Азамат Айтхожин мектептердің маңайындағы жолдарды жөндеу маңызын атап өтіп, тұрғын алаптар жолдарының сапасына мұқият болу керегін айтты.
Жуырда қалалық мәслихат депутаттары жолдарды жөндеу сапасын тексерді. Депутат Бауыржан Смайылов Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті алдында және V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында істелген жөндеу жұмыстарына көңілдері толатынын айта келе, тұрғын алаптардағы жұмыстар көңіл көншітпейтінін жеткізді. Соның ішінде Абайдың 150 жылдығы көшесіндегі мәселені атап өтті. Оның айтуынша, аталған жолды жөндеу жылдарға созылып кетті.
«Келесі жылы ұлы Абайдың 180 жылдығын атап өтеміз. 30 жылда бұл көшені бір қалыпқа келтіре алмай отырмыз. Бұл бәріміз үшін үлкен сын» деген депутат Н.Тілендиев-Ш.Бейсекова көшесі қиылысындағы мәселеге тоқталды. Оның пікірінше, болашақта жол жөндеу жобаларына, атап айтқанда, көпір мен айналма жол салу кезінде отандық өндірушілерді қолдау мақсатында Қазақстан аумағында өндірілетін металл конструкцияларын сатып алу керек. Қазір, өкінішке қарай, қажет материалды басқа елдерден, сол елдердің қазынасын толтырып сатып алып жатырмыз.
Сондай-ақ депутат Көктал-1 және Көктал-2 тұрғын алаптарында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша қос жаңа мектеп пайдалануға берілейін деп жатқанын, сол маңайда жол қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз ету керегін, атап айтқанда, жаяу жүргіншілер белгілері мен бағдаршамдарды орнату қажеттігін айтты.
Басқа да мәслихат депутаттары жолдар құрылысы мен жөндеуге қатысты ескертулер мен ұсыныстарды жеткізді. Мәселен, Талғат Ерғалиев Агрогородок тұрғын алабындағы жолға сын айтты. Кендебай Адамбек жол жөндеуде жүйе керегін атап өтті.
М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназияға қазір 600 орындық қосымша ғимарат салынып жатыр. Сол себептен оқу ғимараты қоршалды. Оқу жылы басталғанда оқушылар мектепке айналып баруға мәжбүр болады. Осыған байланысты депутат Мәдина Әжікенова балалардың қауіпсіздігі мәселесін көтерді.
Отырысты жүргізген Астана қаласы мәслихатының құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Владислав Сергеев биыл бас қала жолдарын жөндеу өткен жылдарға қарағанда жақсы деңгейде екенін айта келе, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының қажеттілігіне қарай келесі жылы қаржы бөлу керегіне тоқталды. Мәслихат депутаттары өз тарапынан жағдайды зерттейтінін жеткізді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ