#Жаңа Қазақстан

Жолдаудағы ұсыныстар – демократияға жетелейтін қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 16 наурыздағы Жолдауында елімізге түбегейлі реформалар қажет екенін айтып, бірқатар ұсыныстарын жария етті. Сол ұсыныстар 2022 жылдың 5 маусымында өткен референдум негізінде заң жүзінде қабылданды. Соның ішіндегі негізгісі – Мемлекет басшысының және өзге де республикалық деңгейдегі лауазымды қызметкерлердің партия мүшелігінде болуына тыйым салынуы туралы ұсыныс.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр­ғы Жолдауында Amanat партиясының төрағасы қызметінен кететінін, сонымен қатар партия қатарынан шығатынын мәлімдеді. Президент бұл шешім елдегі саяси бәсекелестіктің артуына және саясаттағы монополияның алдын алуға бағытталғанын атап өтті.

«Президенттің міндетін заңды түрде рәсімдеп, өкілеттігін атқару кезінде партиядағы мүшелігін тоқтатуды ұсынамын. Осы норма саяси бәскелестікті арттырады. Барлық партияға бірдей жағдай жасайды. Соның арқасында біз елдің болашақ көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өз ыңғайына жығуға деген қызығушылықтан құтқарамыз» деді Қ.-Ж.Тоқаев ­Қазақстан халқына Жолдауында.

Мемлекет басшысы партиялық құрылымдардың мемлекеттік аппаратпен бірлесуі дұрыс емес деп санайды. Өйт­кені саясаттағы монополия әлеуметтік наразылықтарға себеп болуы мүмкін. Сондықтан саяси үстемдікке тосқауыл қою мақсатында осылайша ұсыныс білдіріп, оны заң жүзінде бекітті.

Сонымен қатар Қасым-­Жомарт Тоқаев президенттен бөлек, бірқатар мемлекеттік орган қызметкерлері де партия қатарынан шығуға тиіс деп мәлімдеді. Олар: Конституциялық соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьялары, орталық сайлау комиссиясының, елдің жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Сондай-ақ әкімдер мен әкім орынбасарларына партия филиалдарын басқаруға ты­йым салынды. «Осы шешімдер көпполюсті партиялық жүйені құруға мүмкіндік береді. Бүгінде барлық қоғам саяси және экономикалық монополияның қаңтар оқиғасына түрткі болғанын түсініп отыр. Ал қайғылы қаңтардың басты сабағы сол, мемлекетте жоғары лауазымды тұлғаның қолындағы билік күшейсе, оған жақын адамдар мен олигархтардың ықпалы артады. Ал олар мемлекетті жеке иелік деп қабылдайды» деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Реформалар нақты іске асырылуда

Саясаттағы өзгеріс елдегі саяси реформалардың нақты практикалық түрде жүзеге асып жатқанының көрінісі деуге болады. Қазір елімізде саяси реформалардың нақты практикалық түрде жүзеге асып жатқан кезі. Оның бір ажырамас бөлігі – алдағы өтетін Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны. Бұған дейінгі президент өкілеттігін шектеу мен оның мерзімін қысқартуға қатысты, сондай-ақ Ата заңымызға өзгертулер енгізу бойынша республикалық референдум сынды процестер – осы саяси реформалардың бір айғағы. Соның ішінде қазіргі еліміздегі пікірлердің сан алуандығы, саяси плюрализм, саяси партиялардың бәсекелестігін арттыру әрекеттері – демократияландыру процесінің ажырамас бөлігі. Осы ретте ­Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  мемлекет басшысының, түрлі деңгейдегі соттардың, орталық сайлау комиссиясының, жоғары аудиторлық палата мүшелерінің, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің партия құрамынан шығуы туралы ұсыныс айтты. Бұл ұсыныстың басты мақсаты – еліміздегі жаңа саяси күштердің пайда болуына жағдай жасау және саяси күштердің тепе-теңдігін арттыру.

Ендігі жерде бұрынғыдай биліктің немесе президентттің партиясы деген түсінік болмайды. Ребрендингтен өткен Amanat партиясы бүгінде ішкі құрылымында қайта құрулар жасап жатыр. Өйткені шынайы бәсеке ортаға түсіп отыр. Сонымен қатар, «Сайлау туралы заңға» және «Саяси партиялар туралы заңға» өзгерістер енгізіліп, партия құру межесі 5 мың адамға дейін қысқартылғаны арқылы елде жаңа екі партия пайда болды. Сайлау жүйесіндегі мажоритарлық жүйе­нің енгізілуіне байланысты 10 мыңнан астам адамда Мәжіліс және мәслихат деңгейінде өзін-өзі депутаттыққа ұсыну мүмкіндігі пайда болды. Яғни, сайлану құқығы кеңейтілді.

Ал Мемлекет басшысының, түрлі деңгейдегі соттардың, ОСК, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің партия құрамында болмауы олардың спецификалық қызметіне де байланысты. Мысалы, ОСК мүшелері қандай да бір партия құрамында болса, сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне бір күмән пайда болады. Сондықтан ОСК тәуелсіз болуы керек. Ол барлық партияларға, бірмандатты округ арқылы шығып отырған өзін-өзі ұсынушыларға тең жағдай жасау­ға мүдделі болып, объективті көзқараста болуы қажет. Соттың да сайлау кезінде түрлі құқық бұзушылықтар болған жағдайда тәуелсіз болуы – заңдылық. Әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының партиядан тыс болуы да олардың жеке қыз­метіне байланысты. Олардың басты мақсаты – Қазақстан халқына қызмет ету. Қандай да бір саяси көзқарастары болғанының өзінде олар партияның өкілі ретінде емес, халыққа қызмет ететін қызметшілер ретінде өз-өзін көрсете білуі маңызды. Сондықтан бұл саяси реформаның түпкі мақсаты – бір жағынан елдегі саяси мәдениет пен саяси сауаттылықты арттыру, ал екінші жағынан, елдің демократия жолындағы нақты практикалық қадамы деуге болады.

Осылайша конституциялық реформа нәтижесінде қолданыс­тағы заңның 23-бабына өзгеріс енгізілді. 23-баптың 2-тармағының ескі нұсқасы: 2. Әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс.

23-баптың 2-тармағының жаңа нұсқасы: 2. Республика Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының және өзге де соттарының төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері саяси партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс.

Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,

саясаттанушы, Ұлттық құрылтай мүшесі 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button