Жолдың жағдайын жүрген біледі
Астанада жыл сайын жолдар мен көшелер жөнделеді. Бірақ олардың көбі көктем шыға ойылып жатады. Биыл да бір жылға шыдамай көптеген жолдың астаң-кестеңі шықты. Қомақты қаражатқа төселген асфальттың сапасыздығы қала әкімінің де назарына ілігіп, ол тиісті мекемеге бір айдың ішінде барлық көшені ретке келтіруді қатаң тапсырды.
Астанада жолдар мен көшелердің сапасы өзекті мәселенің бірі болып тұр. Күн жылына қарбаласа жұмыс істейтін мердігер компаниялардың өз міндеттерін қаншалықты адал атқарғаны келесі жылы көрініп қалады. Биыл да қар ери салысымен жөнделген жолдардың шикілігі білінді. Мысалы, өзіміз күнде жүретін Асан қайғы көшесі былтыр ғана жөнделген еді. Ойдым-ойдым болып жататын көшемізге асфальт төселіп, қуанып қалған едік. Бірақ әлгі әдемі көрінген жолымыз көп ұзамай ойылды да қалды. Тура бұрынғы «таз қалпына» түсті. «Керемет-ақ жөндепті» деген кекесінмен, ойлы-шұңқырлардан қашып, жолы тәуірлеу қарсы бағытпен жүруге мәжбүрміз.
Әлбетте, бір жолды екінші рет жөндеу тұрғындарға да, билікке де тиімді емес. Сондықтан қала әкімі жолдардың сапасына айрықша мән беруді тапсырды. Енді елорданың ойдым-ойдым көшелері бір айдың ішінде қалыпқа келуі тиіс. Ал жұмысына немқұрайлы қараған мердігер компаниялар кем-кетікті қайтадан түзетуге міндетті.
Астана қаласы Автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Асқар Исаковтың мәліметінше, бүгінде 117 көшенің жағдайына барлау жүргізілген.Соның 93-інде ойлы-шұңқырларды тегістеу, 23-інде – орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды. Бұл шаруалардың бәрі әкім айтқан мерзімде орындалмақ. Алайда, ауа райы жаңбырлы болса, бұл уақыт созылуы мүмкін.
Асқар Исаковтың айтуынша, жөндеу жұмыстарына жегілікті бюджеттен 5 млрд теңге бөлініп отыр. Негізінен ойлы-шұңқыры көп көшелерге көбірек көңіл бөлінбек.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ