Руханият

Жолы болған жазушы

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің қайтыс болуына байланысты оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.

«Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқыр­ман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады» делінген жеделхатта.

Қазақ әдебиеті мен өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Классик жазушы, драматург, киносценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Франц Кафка медалінің иегері, Еңбек Ері Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында дүние­ден өтті.

Әу баста Әшімов тегін иеленген қаламгерді қалың оқырман қауым Тарази деп таныды. «Әдебиет шаһарының Әкімі» атанған жазушы қазақ прозасы мен драматургиясының, кино өнерінің өрлеуіне сүбелі үлес қосты. «Құйрықты жұлдыз» атты алғашқы кітабынан бастап соңында мол мұра қалдырды. «Етікші» аталатын тырнақалды туындысымен қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповті елең еткізді. Шығармалары еліміздің шекарасынан асып, орыс, венгр, чех, неміс тілдерінде жарық көрді. Тарази туындыларын Түркия мойындады. Бауырлас елдің ғалымдары шығармаларын зерттеу нысанына айналдыр­ды. Бұған осыдан екі жыл бұрын қаламгер тоқсан жастың төріне шыққанда көз жеткіздік.

Сол уақытта Астананың «Жастар» театры «Жолы болғыш жігіт» драмасын жаңғыртқан еді. Осыдан жарты ғасыр бұрын жазылған пьеса кезінде қарашаңырақ Мұхтар Әуезов театрында қойылып, онда қоғамның бар дерті батылдықпен айтылды. Жаңа заманда жаңаша жаңғырған туындыда көтерілетін мәселелер өзектілігін әлі күнге дейін жоймады. Сонда қоғамның немесе белгілі бір мекеме басшыларының жаңашылдықты қабылдамауы, бюрократия, бастықтардың «өзім білемдікке» салынып, белден басуы, таланттардың, еркін ойлы, өз еліңде теперіш көрген азаматтардың шетел асуы – бүгінгі күннің де шындығы.

Осы орайда Әкім Таразидің «Әлия» атты екі бөлімді трагедиясы барын айт­сақ, артық болмайды. Осыдан 41 жыл бұрын жазылған бұл туынды 1985 жылы «Герой и время» бәйгесінің жүлдесін иеленді. Шығарма Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма теа­трының қорында сақтаулы. Қазақтың ержүрек қызы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова туралы шығарманы жаңғыртса, Жеңістің 80 жылдығы мен батыр қыздың биылғы 100 жылдық мерейтойына тамаша тарту болар еді.

Әкім Үртайұлын жұрт кинодраматург ретінде де біледі. Оның қаламынан «Тұлпардың ізі», «Арман-атаман», «Қараш-қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» сынды алды қазақ кино өнерінің алтын қорына енген көркем фильмдердің сценарийлері туды. Қаламгер «Қазақфильм» киностудиясында сценарийлік редакциялық алқа мүшесі, бас редактор болды. Қазақстан Кинематографистер одағы басқармасының бірінші хатшысы қызметін атқарды. Оның тұсында қазақ кино өнері өрлеу кезеңін бастан кешірді.

Әкім Тарази еңбек жолын орта мектепте мұғалім болып бастады. «Ара» сатиралық журналында әдеби қызметкер, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жауапты хатшы, Мәскеуде шығатын «Литературная газета» басылымының Қазақстандағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметін атқарды. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы мен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде шәкірт тәрбиеледі.

Былтыр елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Әкім Тарази залының ашылу салтанаты мен қаламгердің ХІІІ томдық шығармалар жинағының таныстырылымы өтті. Ал 90 жылдық мерейтойы тұсында көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы газетімізге арнауын берген еді. Сол кезде белгілі себеппен жарияланбай қалған мына өлеңде жазушының болмысы жатыр:

Қадір тұтып сыйлайды жұрағатың,

Қыр соңыңнан қалмай жүр

қыран атың.

Әкімдер көп ай сайын ауысатын,

Мен білетін қазақта бір-ақ Әкім.

 

Мінезің бар өзіңе жарасатын,

Қаламгер жоқ сөзіңе таласатын.

Әкім деген әйгілі есімменен

Бірге жалғап келесің Тараз атын.

 

Аңыз болған ел-жұртқа осы күнде,

Туралық бар бұлтартпас кесіміңде.

Мың әкімнің атынан биік тұрған,

Бір қаланың аты бар есіміңде.

 

Жақсы кісі өзіңдей сірә, бар ма,

Сәлем айтып жатасың сұрағанға.

Тура жолдан тайқымай тайталасып,

Бетің қайтпас, беріксің

Бір адамға.

 

Жарық күннен

Үзбейсің үмітті алдан,

Соның бәрі –

Ширығып, шыныққаннан.

Мінезің бар,

Дәл сондай болмағанмен,

Бауыржан мен Шерханнан

Жұғып қалған.

 

Саясаттың қамалын бұзып тұрып,

Жеткізесің санаға сызып тұрып.

Халқың сенің соңыңнан еріп кетер,

Қалиханды айтқанда қызықтырып.

 

Бабалардан белгілі бата алғаның,

Спортта да,

Боксер боп атанғаның.

Күйреп кейде

Көңілсіз отырасың,

Сиреп бара жатқан соң қатарларың.

 

Прозаның өзінде бабы басым,

Драмада таға алмас тағы да сын.

Ақанды айтып,

Ай сайын есіңе алып,

Сағат сайын Сайынды сағынасың.

 

Дау жұқпайды ешқашан дарындыға,

Жау жоламас қашанда қарымдыға.

Жүре келе аңдадың қас пен досты,

Жүре келе таңдадың жарыңды да.

 

Кетіп қалмай құр дүрмек ағынменен.

Не болса да жүресің бабыңменен.

Талайлардан биік боп көрінеді,

Шымыр болып жаралған

Шағын денең.

 

Дақ түсірмей

Даңқыңа, атыңа да,

Аман-есен жүре бер, Әкім аға.

Өркен жайып өмірің ұрпағыңмен,

Ұзақ болсын ғұмырың сахнада.

P.S.   Қиын емес

Қия – шың,

Құз дегенің.

Қиналмай-ақ табылар іздегенің

Жамбыл атаң жүрген соң

Жүрегіңде –

Қолын созып тұр, міне,

100 дегенің!                                             

Серік Тұрғынбекұлы

Жазушы қазақ әдебиеті мен кино өнері тарихына атын өшпестей етіп жазып кетті. Жұмыр жердің бетінде өз миссиясын түгел атқарып кеткен, жолы болған бір жазушы болса, бұл Әкім ­Тарази шығар.

Қаламгердің отбасына, туған-туыс­қандары мен жақындарына «Elorda Aqparat» ұжымы, «Астана ақшамы» газеті редакциясы атынан көңіл айтамыз. Амал дәптері оң жағынан беріліп, жаны жәннаттан орын алғай.  

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button