«Жолы болғыш жігіт» жаңаша жаңғырды
![](https://www.astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2025/02/a0cdfe54-a004-4f1a-bbb0-a9cae213ef9f-780x470.jpg)
Көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің «Жолы болғыш жігіт» пьесасының жазылғанына жарты ғасыр болды. Алайда туындының айтар ойы осы заманда да өзекті. Атап айтқанда, қоғамның немесе белгілі бір мекеме басшыларының жаңашылдықты қабылдамауы, бюрократия, бастықтардың «өзім білемдікке» салынып, белден басуы, таланттардың, еркін ойлы, өз еліңде теперіш көрген азаматтардың шетел асуы қазір жиі кездеседі. Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры аталмыш шығарманы сахналап, бүгінгі күннің шындығын алдымызға жайып салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Қойылым Президент ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына да жауап береді.
Спектакльдің қоюшы режиссері – Мәдениет саласының үздігі Нұрфат Вахитов. Оның айтуынша, елу жылдан астам уақыт бұрын жазылған туындының түпнұсқадағы тілі, айтар ойы, құрылымы сақталып, тек қазіргі заманға сай өзгерістер енгізілген. Жаңаша сипатта жаңғырған қойылымда елгезектігі мен пысықтығының арқасында ел ішінде Асау Бөкен атанып кеткен жалынды жастардың бірі Танаш Ысқақов ауылда бұрын соңды болмаған жаңа тәжірибе жасайды. Еңбек өнімділігін арттырып, ауылдың жағдайын жақсарту үшін жаңалық енгізбек. Алайда ауыл шарушылығы департаментінің басшысы, министрліктің өкілі Кірпішбай Көкеновтің қарсылығына жолығады. Асау Бөкеннің бастамасын, экспериментін жоғары жақ қолдамайды. Содан бас кейіпкер басын тауға да, тасқа да ұрады.
«Асау Бөкен Астананың жанындағы үлгілі Родина ауылы сияқты елдімекенді көркейтіп, өндіріс ашып, асфальт төсетіп, әр үйге ауыз су кіргізуді мақсат етеді. Бірақ ойын іске асыра алмайды. Спектакльдің негізгі айтар ойы да – қазіргі жастардың қолдау таппай, жаңашыл идеяларының құрдымға кетуі. Содан олар шетелге кетуге мәжбүр болады. Мұндай жағдайды қазір жиі естиміз. Бүгінде елден кетіп жатқан жаңашыл жастар бар. Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болғандықтан, спектакльде жұмыскерлерді де алға шығарып отырмыз. Ауыл шаруашылығын қалай дамытуға болады деген сауалға да жауап іздейміз» дейді Нұрфат Вахитов.
Спектакльді автордың жары, көрнекті жазушы-драматург Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова тамашалап, оң бағасын берді.
«Жастар» театры осы шығарманы толыққанды түсіне ала ма, подтекстердің бәрін шығара ала ма, Кірпішбай мен Асау Бөкеннің бейнелері қалай шығады деген күмәнмен келген едім. Менде бұл күмән қазір бүтіндей жойылды. Театр туындыны алып шыға алды. Бұл шығарма кезінде жабылып қалған. Қойылуына, сахнада жүруіне тыйым салынып, репертуардан алынып тасталған. Бәлкім Кірпішбайларға ұнамаған болар. Мұндай шығарманы Кірпішбайлар, Алтын тістер қойғыза ма?! Қойғызса көрермен ақиқатты танып, біліп қоймай ма?! Бірақ ұлы шығарма ешқашан да ескірмейді. Толстойдың да, Чеховтың да, Достоевскийдің де ескірмейтіні – ұлы туындыларды жазып кеткендігінде. «Жолы болған жігіт» пьесасы да бүгін ғана жазылғандай. Қазіргі ХХІ ғасырда тағы Кірпішбаймен кездесіп отырмыз. Қоғам өзгермеді. Бірақ соны өзгертетін күш – реформатор Асау Бөкендер. «Жаңа Қазақстан», «Әділетті қоғам», «Еститін мемлекет» – бұл Асау Бөкен. Бізге осындай кейіпкерлер керек. Спектакль жастарға рух беретіндей сахналанды» деді Роза Мұқанова.
Кезінде «Жолы болғыш жігіт» Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында сахналанды. Сонда бас кейіпкер Асау Бөкенді талантты актер Әнуар Молдабеков сомдады. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұловтың «Актердің шеберлігі де шығарманың салмағына сай келген еді. Спектакльдің соңына қарай кейіпкер әбден қыспаққа тірелген кезде Әнуар Молдабековтің бадана көзінен жас шығып, образды шынайы алып шықты. Дәл бір автордың жан азабын терең түсініп, жазған адамдай қиналғаны бар» деген пікірі де бар.
Ал «Жастар» театрында Асау Бөкенді актер Ербол Тілеукенов сомдайды. Әртіс бас кейіпкерді өз дәрежесінде шығара алды.
Аманғали Қалжанов