Басты ақпарат

Жолың болсын, жас түлек!

Астана әкімі Иманғали  Тасмағамбетов «Қазақ елі» монументі алаңында ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша өз білімдерін дәлелдеп шыққан 75 елордалық жас түлекке «Алтын белгі» табыс етті.

Биылғы оқу жылын астаналық 4 049 оқушы тәмамдады. 87,65 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары, жақын және алыс шетелдің жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірген 497 оқушы жалпы білім беретін пәндер бойынша қорытынды емтихан тапсырды. Осылайша 75 түлек жоғарғы көрсеткішке жетіп, тұғырдан көріне білді.

«Бүгін баршамыз үшін ерекше күн. Ата-ана үшін бауыр еті – балапанының қанат қаққан, ұстаз үшін маңдай тері – шәкіртінің үкі таққан тамаша сәті. Ал, бүкіл ел үшін – азаматқа үміт артқан тарихи мезет. Қуаныштарыңыз құтты болсын, қадірлі ағайын!»,– деп атап өтті түлектерді марапаттау салтанатында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов.

Жарқын болашаққа ұмтылған жас түлектердің мектеп қабырғасындағы соңғы салтанатты жиынына ата-аналар мен ұстаздар, астаналық барлық мектептің бітіруші ұл-қыздары жиналды. «Алтын белгі» иегерлерінің аты-жөндері аталып, халық алдында кеңінен таныстырылды.

Қала әкімінің қолынан марапат алған оқушылардың қуанышында шек жоқ.

«Сіздердің – жас түлектердің арманы – берекелі де баянды бақ, мазмұнды да мағыналы болашақ. Оның өзі – тұзы жеңілге емес, тұғыры биік, талабы кеңге, білімі терең, еңбегі көпке ғана бұйыратын дүние. Ол үшін ілім мен білім жолындағы тынымсыз талпыныс пен үздіксіз ізденіс қажет. Бұл біздің бүгінгідей жаңалығы жел- мен жарысқан, ой-өрісі ғарышпен таласқан заңғар заманның басты әрі бірегей талабы», – дей келе қала басшысы түлектерге бұл талаптар- ды әрқашан есте ұстау керектігін айтып өтті.

«Алтын белгіге» қол жеткізген оқушылардың қатарында ең жоғарғы 125 ұпайды қазақ-түрік лицейінің шәкірті Әсел Қысықова жинаған. 91 мен 125 балл аралығындағы нәтижені 874 түлек иеленген. Ең жоғары көрсеткішке дарын- ды балаларға арналған «Зерде» мектебінің түлектері қол жеткізсе, одан кейінгі межеде қыз балаларға арналған және ұл балаларға арналған қазақ-түрік лицейлерін ерекше атап өткен жөн.

«Сіздер бүгін өмірдің алғашқы межесінен өттіңіздер. Ендігі тағдыр өз қолдарыңызда. Өз басым бұл мақсат-міндеттің де үдесінен шығып, табыс биігіне ту тігетіндеріңізге кәміл сенімдімін. Олай болса, осынау қуанышты күні, өмірлеріңізге тек сәттілік тілеймін. Жолдарыңыз жарық, аспандарыңыз ашық, жұлдыздарыңыз биік тұрғай», – деп сөзін аяқтаған қала әкімі барша мек- теп бітірушілерді шын жүректен құттықтады.

Салтанатты шарада жас түлектер соңғы рет «Мектеп вальсін» билеп, соңы мерекелік концертке ұласты.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button