Сұхбат

Жомарт САБЫРЖАНОВ, асық ату федерациясының вице-президенті: АСЫҚ АТҚАН АЛҒЫРЛЫҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Асык

– Жомарт Сабыржанұлы, алдымен бірнеше жылдан бері Астана қала­сында ұйымдастырыла бастаған асық ату ойынының биылғы жайын әңгімелесеңіз...

– Ұлттық ойынымызды жандандыруға әу бастан күш салуымыз керек еді. Алайда, «ештен кеш жақсы» деген. Жыл санап, ахуал жақсарып келеді. Әсіресе, Астана әкімдігі мен Ұлттық спорт түрлері қауым­­дас­­тығы қамқорлығының арқа­сын­да ілгерілеу бар. Айталық, алғашқы жылдары бұл ойынға биылғыдай еліміздің барлық өңірі қатыса алған жоқ. Соңғы ойында он алты команда бақ сынап, отыз екі ойыншы өнер көрсетті. Сегіз төреші әділдігін бақылады. Он алты жасқа дейін­гі­лер арасында да, одан жоғары жаста­ғы­лар арасында да бірінші тұғырды маңғыс­тау­лықтар иеленді.

Жарыс барысында Жұматай Әлиев, Ермахан Ыбрайымов, Қыдырәлі Болманов, Қайрат Нұртас, Мұхамеджан Тазабеков сынды елімізге танымал азаматтар өнер көрсетіп, өзара сайысқанын да айту керек.

– Өзіңіз айтқан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдас­тыр­ған Наурыз мейрамында асық атуға арналған төсенішпен танысқан едік. Бұл игі жаңалықты осы ойында пай­да­лан­дыңыздар. Тағы қандай жақсы хабарды сүйіншілейсіз?

– Берлинде Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтеді жақында. Ұлттық бірегей ойынды сонда алып бара жатқан жайым бар. Өзге топырақтағы қан­дас­та­рымыздың арасында асық атуды насихаттамақпын. Ойын түрін халық­ара­лық деңгейге шығару басты арман­дарым­ның бірі екенін айтқым келеді.

Тынымсыз тірлігіміздің жемісі болар, бүгінге дейін еліміздің сегіз аймағында Асық ату федерациясының филиалдары ашылып үлгерді. Бұл іс әлі де қанат жаяды деген үміттемін. Еуразия ұлттық универ­си­тетінде өткен додаға асық жинау рекордының иесі Болат Тағабай келген. Ол Ұлттық спорт түрлері қауымдас­ты­ғы­на мың асық пен он сақа сыйлады. Болат Құдай­­бер­­ді­ұлының қоржынындағы асықтың саны бүгінде 38 мыңға жетіпті. Спорт жанашыры келер жылы Шығыс Қазақ­стан облысында асық атудан жарыс өткізе­тінін айтты.

– «Асық атқан – азар…» деген сөз бар еді. Алайда, бүгінгі буынды осы­ ой­ын түріне үйірсектете алмай келеміз…

– Иә, оның рас. Біз ұлттық ойынымызды дамытып, теледидар мен телефонға, интернетке телмірген балаларымызды ашық аспан астында ойнауға алып шық­сақ дейміз. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйесін шыңдап, оларды дәл­дік­ке, алғырлыққа, байсалдылыққа тәрбие­лейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік те, шыдамдылық та болмайды. Сондай-ақ, асық ату көз көрімін арттырады екен.

Тағы айта кетерлігі, біз ұйымдастырған жарыстар 4-5 сағаттан аспайды, яғни, асығыс өтеді. Жастарды құмарлары қан­ған­ша, екі-үш күн бойы ойнатып сайыс­тырсақ деймін. Құмардан шыға ойна­ма­ған­нан кейін, қадірін де жете білмейміз ғой асықтың.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button