Ел тынысы

ЖОО-ларды қаржыландырудың жаңа моделі әзірленіп жатыр

Биыл жоғары оқу орындарының цифрлық ұлттық рейтингі енгізіледі. Бұл туралы Сенатта өтіп жатқан парламенттік тыңдауда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

– Maqsut Narikbayev University жанындағы «Құқық» бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестігімен бірге Заң білімін дамытудың арнайы үлкен тұжырымдамасы әзірленді. 7 үлкен бағыты бар құжат дайындалды. Комитеттің (Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті) былтырғы ұсыныстары осы тұжырымдамада ескерілген, нақты шаралар көзделген. Министрлік 2024 жылы мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген Заң білімін дамыту жөніндегі жол картасын бекітті, – деді Саясат Нұрбек.

Оның атап өтуінше, министрлік бүгінде жоғары білімнің сапасын арттыру, жоғары оқу орындарының сапалы білім берудегі жауапкершілігін арттыру және жоғары сапаны қамтамасыз ететін университеттерді қолдау мақсатында қаржыландырудың жаңа моделін әзірлеп жатыр.

Сапаны қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі ретінде – жоғары оқу орындарының цифрлық ұлттық рейтингі әзірленеді. Еліміздегі барлық 121 жоғары оқу орны аталған рейтингке кіреді.

Рейтинг әдіснамасы халықаралық академиялық рейтингтердің негізінде жасалды.

– Осы рейтингтің арқасында мемлекеттік тапсырыстың да форматы өзгереді. Бірден бастамаймыз. Рейтинг биыл енгізіледі, – деді министр.

Айта кетейік, Сенатта өтіп жатқан сот және құқық қорғау жүйелерінің, сондай-ақ нормашығармашылық қызметтің сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің кадрлық әлеуетін нығайту аясында заң білімін дамыту мәселелері бойынша парламенттік тыңдау барысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев заң саласындағы мамандардың саны бар да сапасы жоқ екенін айтқан болатын.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button