Таным

Жоқ іздеген «жолықсын» Жұмекенге

Сыршыл едік қой. Сезімге бай едік. Бәлкім, қазір де сондай шығармыз, бірақ, сол сезімімізді бұрынғыдай сұлу да сүйкімді түрде жеткізіп жүр­міз дей алар ма екенбіз? Десек, «сәлем, жан, қалайсың?» немесе «жү­регім, сағындым сені мен» деп шектелетін хаттарымыздың несі сүйкімді, қай жері жүректі селт ет­кізеді? Хат дейміз-ау, баяғыдай ақ қағазға тебірене отырып жазсақ, не дерсің, бүгінгінікі «смс» қой.

Бұрынғы ғашықтық хаттар қалай жазылатын? Оңашада бар ыждаһатты салып, тұла бойын сезім билеп, жүрек түкпіріндегі махаббат «сиясына» қаламұшты малып алып, бар сырын, бар құштарлығын алақандай қағазға сыйғызып жіберетін-ді. Тіпті, біреу­лер ақын болып кетуге шақ қалатын (Ақыл-есінен адасып қала жаздайтындар қаншама?!). Оны жазу үшін бәлен күн дайындалатыны өз алдына, беру үшін мың сан оқталатыны тағы бар. Осынша тебіреністен кейін сүйгенінің қолына жететін үшбу хат көбінде қыз жүрегін еріксіз баурап алатын. Сонда да ұятқа берік ол біразға дейін үн қатпай, ақ қанат хат­тардың төрт-бесеуі бірінің артынан бірі жеткенде ғана жауап жазатын… Қандай керемет сезім, қандай пәк махаббат!

О заманды көзімізбен көрмесек те, үлкендерден естіген сайын өт­кенге сүйсіне қарайтынбыз.

Бүгін қайтеді? Бір қызға көңілі ауса, агентте «әңгіме» айтып, сол күні-ақ жауабын алып жатады. Ертесіне «өліп-өшіп сүйген» бикешіне авто­бустың ішінде кетіп бара жатып та, саунада отырып та, жұмыс істеп жүріп те екі-үш сөйлеммен «смс» жолдай салады. Оп-оңай! Онысын жүрекпен емес, «саусақтың ұшымен» ғана жа­затыны жасырын емес. Біздіңше, сезім мәселесіне қатысты іске сезімсіз араласқан – өзін де өзгені де алдау!

Ақыл айтудан аулақпыз, біздің ниет – жүрегіне осынау ұлы сезім ұя салған жандарға сезімін әдемі жеткізе білуді айту. Айтқанның жөні осы деп, «былай істе» деуге өмірлік тәжірибеміз де жеткіліксіз, хақымыз да жоқ шығар. Сондықтан, ақын Жұмекен Нәжімеденов ағамыздың Нәсіп жеңгемізге жолдаған бір хатын ұсынғанды жөн көрдік.

 

Ғайып болған ғашықтар хаты

Сүйерім!

Аруым! Сізге деген махаббат жалыны күннен күнге өршуде… Абай айтады: «Махаббатсыз дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар» дейді. Қысқасы, махаббатсыз, сүйіспеншілігі жоқ және ешқандай жылы жүректілік жоқ адамды адам деп қараудан гөрі айуан қа­та­­рына қосу орындырақ екенін қазақ халқының кемеңгері Абай көре білді, өсиет етіп айта білді. Олай болса, біздің жүректерге кінә артуға болмайды. Аздап ертерек тыпырлағаны үшін шамалап өкпел­еуге болар да еді…

«Игіліктің ерте-кеші жоқ» дейді қазақ. Бұған қарағанда, жақ­сылыққа, бақытқа, өмірге талпынған адамды ешкім айыптамайтын тәрізді. (Оқушылық тұрғыдан қарағанда: «Сүйіспенші­лікті оқып жүрген кезден бастап қамдауға болады» деп айтпайды).

Сүйіктім! Сіздің көрген түстеріңіз мен туралы өзіңіздің ой қоры­тындыңыздан шұғыл ғажап емес. Үйткені, түс – адамның көңіл-күйінен аулақ кетпек емес. Мысалы: біз қайғыланып жат­қан­да жаман түс, ал шаттанып жатсаң, жақсы түс көріп, оны келешегімізге жорып, оңып қаламыз. Бірақ, Сіздің түсіңізге мән
бер­меуге, «әншейін ой ғой» деп қарауға болмайды. Мүмкін, менің ба­қытты, қызғылықты өмір сүруіме кім шек қоя алады?!

Бұдан былай кейбір туысқандарыңа, шын дос-құрбы, құрдас жең­гелеріңе білдіре беруіңе менің қарсылығым жоқ. (Менің алдамшы емес екенімді таныған шығарсың). Осы сырды А. Бақыт біле ме? Қа­шықтан хабарласу туралы не ойлайсыз?

Сіздің хаттарыңызды мен алғашында сақтықпен жыртып жүр едім, соңғы кезде өзім сақтауға ұйғардым (Көпшілігі қолымда).

Басқа айтар сыр болса, айтарсыз.

Сіз маған «Жазылған хаттың керегі болады, ойлан!» депсіз ғой. Мен оның керегін білмеймін.

Ескерткіш ретінде хатты тұтасымен, өлеңдерді блокнотқа жазып сақтап жүрмін. Керегі туралы өзің айт.

Ж.К. 27/V.53 ж.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button