Руханият

«Жошы хан» – тарих сахнасында

Соңғы жылдары хандардың ханы Жошы ханның тұлғасына көп көңіл бөлініп келеді. Күллі қазақ хандарының атасы болған бұл тарихи тұлғаның орны ерекше. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай шақырып, ата дәстүріміз бойынша күллі қазақтың жақсы-жайсаңдарын Ұлытау төріне – Жошы хан жатқан киелі өңірде бастауы тегін нәрсе емес. Халық тағдырына бетбұрыс жасаған, тарихты өзгерткен үлкен тұлғаның біреуі – Жошы екені даусыз ақиқат. Демек Жошы туралы жаңа шығармалар жазылып, көркем фильмдер түсіріліп, қазақ халқының мемлекеттілік тарихының тереңде жатқанын білдіру – ұрпақ парызы болмақ.

Ұлы ханның айрықша болмысын, дара қабілетін суреттеген кесек шығарма – жазушы-драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» драмасы. Бұл туындыны 2024 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығына үміткер шығармалардың арасындағы салмағы жағынан, құндылығы жағынан және маңыздылығы жағынан шын бәсекеге лайықты һәм жеңіс тұғырынан көрінуге тиіс шығарма деп есептейміз.

«Жошы хан» драмасының идеясы қазақ даласындағы түркі тайпаларын бір ұлысқа біріктіріп, Ұлытауда ордасын тіккен, Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы – Жошы ханның образын ашуға арналған.  Десе де тарихтан белгілі болғандай, шығармада қан шеңгелдеп туса да, туған бауырын оққа қиса да, жарты әлемді қаһарымен жасқаса да, Шыңғыс ханның алдымен қаталдығы мен қайырымы астасқан әке, кешегі мен бүгінін, ертеңін де кеңінен ойлар тұлға, қаһармандық пен сатқындықты безбендеп парасатты пайымға салар билеуші екенін ұқтырады.

Ұлттық мемлекеттігіміздің алтын дәуірі болған Жошы ұлысының негізін қалау­шы, хандардың атасы Жошы тағдырына арналған драма тартысқа толы. Ол өз иелігіне берілген  Ертіс өзенінен Орал тауына, оңтүстіктен Каспий теңізі мен Арал теңізіне дейінгі жерлер, Сырдария аймағы, Қойлық пен Сақасыннан Бұлғардың шетіне дейінгі Қыпшақтың кең даласына өз әмірін жүргізеді. Сартауыл жорығы кезінде Үргенішті алу үшін көзқарастар қайшылығы Жошы тұлғасын даралай бастайды. Драмада жас болғанына қарамастан, Жошы ханзаданың бейнесі керемет айшықталған. Ол – ұлысын қайы­рым-мейіріммен, ақылмен басқарған, халқына пана, қорған бола алған айбынды қолбасшы, ел билеу ісіне келгенде, тіпті, әкесінің кей көзқарасымен келіспейтінін ашық айта алатын өткір мінезді қайсар, жаужүрек тұлға ретінде сомдалған.

– «Жошы хан» драмасында динамика бар екен, – деп жазады журналист Н.­Қабылбек, «динамика бар жерде шынайылық пен шеберлік ұштасары анық. Актерлердің шеберлігі де көзге бірден шалынады. Көрерменді баурап алып, бұлыңғыр ғасыр­дың бұралаң жолына жетелей жөнеледі. Әр актер өзіне бекітілген образды әдемі аша білген. Тартымды. Диалогтар көп сөзділіктен ада. Нақтылық бар. Талас-тартыс үстіндегі одағай сөйлемдер де жамырап кетпейді. Көрерменді жалықтырып жіберер монологтар мүлде жоқ. Аз сөзбен көп ой айтуға талпыныс байқалады. Бұл шиеленіске толы драманың ауа жайылып кетпеуіне, құрылымының құлдырамауына кәдімгідей көрік беріп  тұр».

Сарайдағы сан алуан интрига, астыртын ымдасулар мен күдік-күмәнге толы ойлардың қалқып шығуы драма тартысын күшейте түсті. Ақыл-парасаты мен күш-қайраты, ең бастысы гуманистік адамгершілігі тұрғысынан Шыңғыс қағанның өзге үш ұлынан Жошының алапаты асып тұр. Алайда оны әр қадам сайын «шақырылмаған қонақ» деп бетіне басып отыруы драманың өн бойында жүреді.

Әрбір сөз сөйленіп қана тұрған жоқ, ол сөз жүрек болып соғып, бойына қан жүгіріп, тіріліп тұрады. Әрбір қимыл шашаусыз, артығы жоқ, өз орнымен, өз уақытымен өтеді. Әрбір ойын әбден дайындалып, бабына келгенде басын жіберген бәйге аттарындай ытырылып, алма-кезек ауысып, визуализациямен астасып жүреді.

Драма авторы Думан Рамазанның шығармашылығын бақылап келе жатқан әдебиет сыншысы ретінде пьесаның ұлттық бұлқыныстан, таптаурын болған тақырыптардан қашып, өз бетінше ізденуінен, тың жол табуынан туындаған кеп екенін байқап отырмыз. Туған әкесі мен бауырларының сенімсіздігі арқасына аяздай батқан Жошының сезімталдығы, жалғыздығы бізді көп ойларға жетеледі. Әрқилы көзқарастардың тас-талқанын шығарып, тарихымызды жылжытып қана қойған жоқ, баяғы замандарда болып, біраз уақыттарда өшіп қалған ерлігімізді, рухымызды, өрлігімізді қайта тірілтіп отыр.

«Бұл шығарманы жазуда негізінен философия мен ойға құрдым. Көбінесе іс-әрекет пен қимылға емес, астарындағы ойға, көрерменнің санасына жететін ойға баса мән бердім. Сондықтан пьесаны сахналамас бұрын режиссермен келісіп алдым. Сахнада атыс-шабыс, соғыстан гөрі қазаққа, ұлтқа қажетті ой айтайық дедім. Болат Ұзақов та мені толық құптады. Халыққа рухани нәр беретін ерекше туынды жасағымыз келді. Енді шын бағасын көрермен берер» дейді Д.Рамазан.

Драматург пен режиссердің ортақ тіл табысуының арқасында «Кенесары – Күнімжан» драмасынан соң «Абылай ханның арманы» сахнаға шықса, Өскеменде марқұм Сахан Әкелеев басты рөлді сомдаған «Керей – Жәнібек хандар» спектаклі қойылған болатын. Өнер ортасы, көпшілік қауым, жалпы жұртшылық бұл қойылымдарды ыстық ықыласпен қарсы алғанына куә болған едік.

Сондықтан осы үштаған тандем (драматург-режиссер-театр) тарихи сананы қалыптастыруда, бүгінгі ұрпақ жадына көркем өнер арқылы дарытуда өлшеусіз еңбек сіңірді деп білемін. «Театр – күрделі интеллектуалдық гармониядан тұратын, үш жақтан бірдей қиыннан қиысқан сахналық өнер» деп жазған екен Сағат Әшімбаев. Қойылым кейіпкерлеріне айналған алыптардың есімінің өзі-ақ осы интеллектуалдық гармонияның қандай болғанын айтып тұр емес пе?

«Жошы хан» – «қазақ мемлекеттігі жоқ», «оның тарихы да болмаған» деген суық та жат көзқарастарға жауап. Соңғы жылдары елімізде үлкен мемлекеттік деңгейде Жошы тұлғасы ұлықталып жатыр. Президенттің Ұлытау облысын ашуы, алғашқы құрылтайды Ұлытау төрінде өткізуі сияқты ірі оқиғалардың қатарына оның осы «Жошы хан» спектакліне барып, көріп, қойылым туралы жылы пікірін білдіруін жатқызуға болады. Бұл – әлем қауымдастығына, әсіресе көршілес алпауыт елдерге берілген белгі. «Қазақтың тарихы тереңде», «Біздің бабаларымыз үлкен империя құрған», «Қазақ мемлекеттігі Жошы ұлысынан басталады» деген ұстаным.

Осылайша «Жошы хан» тарихи драмасы тақырып жаңашылдығымен, тәрбиелік мағынасымен, ұлттық рухты асқақтата көтеруімен көңіліміздің төрінен орын алды. Жаңа ізденіс, жаңаша пайым, жаңа  сапа десек те болады.

«Жошы хан» – әуелі біздің халыққа дәл қазір қажет рухты шығарма. Елдігіміздің іргесін бекемдеп, ұлы ұлыстардан қалған жерімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, тарихымызды танып, тілімізді құрметтеп, өнерімізді дәріптеуге шақырады бұл өнер! Олай болса, өнерді шырақ етіп ұстай алған халықтың арманы орындалғай!

Заңғар КӘРІМХАН,

әдебиеттанушы

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button