Жосығы бөлек құрылтай

– Сұлу Көкшенің төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында қозғалған өзекті мәселелерді, ортаға салынған өткір ойларды ыждаһаттылықпен тыңдай келе, қоғамды толғандырып жүрген маңызды жайттар туралы қаншама салмақты ұсыныстар мен бастамалардың алға тартылғанына куә болдық. Мұндай алқалы жиын мінберінен кім-кімнің де жағымды жаңалық, болашаққа бағыт-бағдар боларлық жарық сәуле іздейтіні белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, бұл құрылтайдың біз үшін жөн-жосығы бөлектеу сезілді.
Қазір – көп нәрсе күнде өзгеріске ұшырап жатқан заман. Бүгінгі жаңа дегеніңіз ертеңнің көшіне ілесе алмай, шаң қауып қалып жататын кездер аз емес. Өркениетке ілессеңіз – ірісіз, тірісіз, ал ілбіп артта қалып қойсаңыз – жаяу-жалпы көптің бірісіз. Ал енді қазіргідей заманда алпауыт елдер арпалысы арасынан жарық күннің көзін тауып, кемеңізді кеңістікке алып шыға алуыңыздың өзі ақыл мен парасаттың қазығына ат байлаған елдің әрекетіне ғана тән айқын қасиет дер едік.
Бурабай баурайындағы басқосу өзінің қадір-қасиеті жағынан бізге осындай ой түйгізеді. Мұнда Мемлекет басшысы маңызды 9 бастаманы алға тартты. Соның бірі – ұлттық цифрлық архив құру мәселесі. Президент алдыңғы қатарға бұл мәселені не үшін шығарып отыр? Цифрлық архив дегеніміз не? Бұл бізге несімен құнды? Архив тарихтың қайнар көзі іспетті. Жаңа технологияны меңгеру көбіне осы сала мамандарына міндеттеліп жатады. Тарихи көне құжаттарды сақтау, келешек ұрпаққа жеткізу бүгінгі буынның жауапкершілігіндегі міндет саналады. Өте кең тараған бір қағида бар «Құжатсыз архив жоқ, архивсіз тарих жоқ, тарихсыз халық жоқ» деген. Біздің халық болып жер бетінде өмір сүрмегіміздің өзі архивке байланысты екенін мегзеп тұрған осы тұжырымға, демек, елдік тұрғыдан мән беріле бастағаны ғой. Бұл қуанышты жаңалықты естігенде қалай қуанбассың, қалай толқымассың?!
Көкшетауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Цифрландыру – заман талабы. Мемлекеттік басқарудағы тиімділікті арттыру үшін барлық ақпараттық жүйелердің бірігуі мен автоматтандырылуы қажет» деп мәлімдеді. Бұл сөздер тек экономика мен өнеркәсіпке ғана емес, сонымен қатар архив саласы үшін де үлкен маңызға ие деп білеміз. Цифрландыру арқылы қоғамның барлық саласы жаңарып, жаңа мүмкіндіктер есігі ашылатынын түсінетін кез келді.
Біздің пайымымызда, цифрландыру дегеніміз бұл тек технологиялық жетістік емес, ол – қоғамның тиімді жұмыс істеуі үшін өте-мөте қажет құрал. Ал елордалық архив ақпаратты сақтау мен басқарудағы маңызды орынға ие мекеме екенін ескерсек, бұл мәселе кұрылтайда дер кезінде көтеріліп отыр деуге толық негіз бар. Өйткені қазір архивтік құжаттардың сақталуы мен қолжетімділігі өте маңызды саналады. Мұның көпшілік біле бермейтін көптеген қиындығы тағы бар. Мысалы, көп жағдайда кей құжаттармен жұмыс істеу ұзақ уақыт алады, ал оларды сақтау оңай іс деп айта алмаймыз. Цифрландыру осы мәселелердің барлығын шешуге мүмкіндік береді: архивтік құжаттар электронды форматқа көшіріліп, интернет арқылы кез келген уақытта қолжетімді болады, құжаттарды жоғалту немесе бүлдіру қаупі азаяды.
Президенттің сөзі сала қызметкерлерін жігерлендіріп, жұмысқа жаңаша серпін береді деген ойдамыз. Біз өз саламызда «Цифрландыру – заман талабы» деген сөздің нақты іс жүзіндегі үлгісіне айналғымыз келеді. Қазіргі уақытта архивте құжаттарды цифрландыруға арналған жобалар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл тек архив саласындағы жұмысымызды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жангелді БИМОЛДИН,
Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры