Жұбайынан неге жәбір көреді?
Соңғы кездері құлағымыз үйрене бастаған «абьюз» адамның аюуандығын білдіретін, қысқаша айтқанда кісінің кісіге тілімен де, білектің күшімен де, қаржымен де қысып, қысым көрсететін әлімжеттігін білдіреді. Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда бұл көрініс көбіне ерінің әйеліне көрсеткен қорлығы болып саналады. Алайда әйелдің ер-азаматына көрсеткен «қорлығын», яғни «абьюздік» әрекетін көбіне айта бермейміз.
Момынды «түтіп жейтіндер» нәзік жандылар арасында да жетіп артылады. Ол әйелдерге қатысты болғаннан кейін қара күшке салмаса да шөміштен қысып, тілінің уытымен жер-жебіріне жетіп, одан қалды баласын көлденең тартып ойлағанын істеп, қалағанына қол жеткізеді. Негізгі айырмашылық – жәбірленушіге зиян келтіру және зорлық-зомбылық көрсетудің құйтырқы әдістерінде жатыр.
Әдетте қазақ мұндай жағдайды «беті ашылған» деп айтады. Күйеуін тұқырту үшін алдымен балаларын тек нағашыларымен ғана араластырып, күйеуінің туыстарын кекетіп-мұқатып отырады. Осы арқылы күйеуін өз жақындарынан алыстатып тынады. Арқасында тіреп тұрған ағайын-туыстары болмаған соң, біртіндеп әйелінің ығына жығылып, илеуіне көне береді. Күйеуін «жеңген» әйел осыдан кейінгі қысымын тоқтатса жақсы. Зерттеушілер «абьюз», яғни қатыгез әйелдер жиі қолданатын келесі әдістерді былайша топтастырған екен. Құдай қосқан қосағын менсінбей, төсегінен жериді, төсек жақындығынан бас тартып, оның табиғи қажеттігін келемеждеуі қалыпты нәрсеге айналады. Бұл басты белгісі. «Қатын ашуланса қазан қайнатады» деген заман өткен. Әбден әдістенген, қулығына құрық бойламайтындар енді күйеуінің өзіне емес, оған тиесілі және ол жақсы көретін заттарды бүлдіріп, жүйкесін құртады. Күйеуінің қалтасын қағып, қол телефонын тексеріп, басқан ізін аңдып, кіммен болып, кіммен қойдың деп жора-жолдастарын жамандап, олардан да бездіре бастайды. Достарының көзінше тұқыртып, ағайынның алдында балаша жұмсап абыройын тағы төгеді. Осылайша еркек басымен жалмауыз әйелдің жезтырнағына түскенін байқамайды. Бұған да еті үйреніп, не болмаса балаларын қимай жүре береді.
Дәл осындай көрініс әйелдің басында болуы мүмкін. Сол себепті мұндай қатігез қарым-қатынасты талдағанда ерлі-зайыпты екеуінің де мінез-құлқы мен әрекеттерінен, олардың ортасымен байланысын да қамтып тексерген жөн. Еркек-әйел дейтін ештеңесі жоқ. Адами тұрғыда алып, адам баласының басындағы жағдайда деп алып қорытындыға келу керек.
Әйелдердің ерлеріне қатысты зорлық-зомбылығы – өте кең таралған, сонда да көпке жария етпейміз, ағайындары әйелдің «көкбеттігіне» балап, көп талқыланбайтын, жасырын құбылыс.
Әйел зәбір көрсе, қолұшын беретін полицияға әйелдің еріне көрсеткен зорлығын мұндай отбасылық әрекеттерін заңнама аясына сыйдыру қиын. Егер әйелі күйеуін өлтіріп жатса жағдай басқаша. Мұндайда олардың құзіреті шегін қайта қарап, әйелінің озбырлығынан жапа шеккен көмекке мұқтаж ер адамдарды анықтауға, сондай-ақ оларға мамандарға жүгінудің орындылығы туралы ақпаратты жеткізуге бағытталуы керек.
Онсыз да ерлі-зайыптылардың арасына есі ауған түседі деп, ала тонын ала қашатын бізге бұл мәселені жабулы қазан күйінде қалдырған тиімді. Өйткені әйелдердің отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі әлеуметтік нормалар мен стереотиптерге, ерлер мен әйелдердің келбетіне «сәйкес келмейді». Бұл нақты жұмысты бастауға, үкіметтік емес ұйымдардың белсене араласуына, отбасы профилактикасы, алдын алу шараларын қолдану мүмкіндігін қиындатады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, зорлық-зомбылық, ерлі-зайыптылық жеке шаруа болғанымен, қайта қарауды талап етеді. Себебі анасына қарап, қызын ал дейтіндей, мұны көрген қыз өсе келе, анасы сияқты адам сыйламастардың қатарында болуы мүмкін.
Отбасы институты мықты болуы үшін оның мүшелерінің эмоционалдық-психологиялық жағына, әйелдері тарапынан болатын зорлық-зомбылықты да жоққа шығармай, тиісті бағасын алуы тиіс.
Айгүл УАЙС