МәдениетТағзым

ЖҰБАНОВ ЖҰЛДЫЗЫ ЖОҒАРЫ

Түркі академиясы халықаралық мәртебені алғалы бері жұмысын жаңа сапаға шығарды. Тұтас түркі дүниесіне ортақ тұлғалар еңбектерін жан-жақты зерттеп, зерделеуді мақсат еткен ұйым өтіп бара жатқан күздің өзінде-ақ түркология ғылымына қатысты бес-алты жиын өткізіп тастады. Олардың соңғысы – қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, көрнекті ғалым Құдайберген Жұбановқа арналды.

Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Құдайберген Жұбанов мұрасы және түркітанудың өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел мәжілісіне Қазақстан, Түркия, Қырғыз елдерінің ғалымдары, Қ.Жұбановтың ұрпақтары қатысып, салиқалы пікірлерін білдірді. Отырыс соңында қарар қабыл­данып, онда Құдайберген Жұбанов мұра­ларын жалпы түркі руханиятының даму контексінде кешенді тұрғыдан зерделеу, терминология саласындағы еңбектерінің теориялық тұжырымдары мен қолданбалы маңызын қазіргі лингвистиканың аясында жан-жақты қарастыру, Түркі академия­сының ғылыми жобалары шеңберінде оның түркі халықтарының тілдеріне қа­тысты зерттеулерін ұдайы назарда ұстау, латын әліпбиіне көшу үдерісінде ға­лым­ның фонетика және жазу емлесіне қа­тысты ұстанымдарын ескеру және ғалым еңбектерін басқа түркі халықтарының  тілдеріне, сондай-ақ, ағылшын тіліне аудару ісін қолға алу мәселелері атап көрсетілді.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Халықаралық Түркі академиясының президенті:

– Биыл қазақтың ғана емес, жалпы түркінің ортақ мақтанышы – Құдайберген Жұбановтың 115 жыл­дығы. Жалпы, Жұбанов қазақ та­ри­хындағы алғашқы профессор ретінде термин жасауға үлкен еңбек сіңіргенін жақсы білеміз. Ол – ең алғашқы болып шағатай әдебиеті, Яссауи мұрасы, Абай туралы пікір білдірген көп қырлы ғалым. Санаулы ғұмырында осындай үлкен істер тындырған Жұбановқа арналған шара өткізуді біз өзімізге парыз санадық.

Жиырмасыншы ғасырдың басында Ғаспыралы бастаған түркі тектес елдерден шыққан ғалымдар, оқымыстылар тізе қосып үлкен шаруалар атқарды. Баку конгресін өткізді, ортақ әліпби, ортақ тіл, жазу мәселелерін көтерді. Алайда, Кеңес өкіметі оларды қыспаққа алып, үлкен армандар орындалмай қалды. Репрессия жылдары түркілерден шыққан дарынды тұлғалардың барлығы дерлік жапа шекті. Оның ішінде, әрине, біз сөз етіп отырған Құдайберген Жұбанов та бар.

Жалпы Жұбановтар әулеті қазақ мәдениетіне, тіліне, өнеріне үлкен үлес қосты. Сол мұраларды бүгінгі заманға жеткізгені үшін осы әулетке үлкен алғысымды білдіремін.

Қызғалдақ ЖҰБАНОВА:

Әкеміз 1938 жылы жазықсыз атылып кетті. Бірақ, тәуелсіз қазақ ұлдары ардақты тұлғаны ақтап, оның артында қалдырып кет­кен мұрасын зерттеп, міне, бүгін осындай шара өткізіп жатқандары мені шын қуантады. Бүгінде әкеміздің туған жерінде оның атында жоғары оқу орны бар. Жыл сайын Жұбанов та­ғы­лымы, жұбановтану атты дәстүрлі оқулар, жиындар өткізіліп тұрады.

Жалпы, әкеміз туралы қазақ халқы жақсы біледі ғой деп ойлаймын. Менің айтайын дегенім, Қазақстанның жас астанасы – Астана қала­сынан Құдайберген Жұбановтың атына бір көше берілсе деген тілек.

Ташполат САДЫҚОВ, Бишкек гуманитарлық университетінің профессоры:

Қырғыз халқы қазақтың Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбанов сынды дарынды ұлдарын жақсы біледі. Біз Жұбановты қазақ тіл білімінің негізін қалаған үлкен дарын иесі, жазушы, журналист, аудармашы, жалпы биік деңгейдегі маман деп танимыз. Бүгінгі жиында оның мұралары жөнінде сөз болып жатыр. Бізді қызықтыратыны – тіл білімі мәселелерінің ішіндегі фонетика, грамматика, сосын лексикология мәселелері. 

Жұбанов – тек қана қазақ тіл білімі үшін ғана емес, қырғыз тілінің дамуы үшін де еңбек сіңірген ғалым. Сондықтан, бүгінгі жиынның біз үшін де маңызы зор.

Асқар ЖҰБАНОВ, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының профессоры:

– Менің әкем небәрі 38 жыл өмір сүрді. Өмірден ерте кетті. Соның өзінде табиғаттың берген дарынының арқасында артында өшпес мол мұра қалдырды. Қазақ тілінің барлық саласына еңбек сіңірді. Бір таңқаларлығы, ол он алты тіл білген екен. Еуропа, түрік тілдерін салыстырмалы зерттеу арқылы қазақ тілінің грамматикасын жасады. Сөйтіп, қазақ тілінің теориялық негізін қалады.

Бүгінгі жастар оның жазған еңбектерін зерттеп, ізін жалғастырып жүр. Ең бастысы, әкеміздің еңбектері жаңа көзқарас тұрғысынан қарала бастады.

Бүгінгі шараны өткізіп отырған Халықаралық Түркі академиясына үлкен рахметімді айтамын. Бұл – биылғы жылы басталып отырған ең бірінші мерейтойлық шара.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТ, белгілі ғалым, профессор:

– Мен бір нәрсеге ғана назар аударам. Бізде Абайтану ілімі өте күрделі мәселеге айналып отыр. Абайдың өзі – дүниетанымы жағынан күрделі адам. Қазақ тұлғаларының ішінде ең көп зерттелгені Абай болса да, оны онша маңдыта зерттей алмаған жағдайларымыз бар. Оның да себептері бар: 1934 жылдары Абай мұрасы терістеле бастады. Абайды зерттеуді алып тастау керек деген пікірлер болды. Абайды еңбегіне қарап емес, тегіне қарап бағалай бастады. Қоғамның пікірі осылай теріс қарай бағыт алып бара жатқанда оны оңға бұрып, дұрыс жолға салған екі адам болды. Бірі – Мұхтар Әуезов  те, екіншісі – Құдайберген Жұбанов. 1934 жылы «Әдебиет майданы» деген журнал шыға бастады. Онда Абайға қатысты 12 мақала шықты. Бірақ, оның барлығы тұншығудан аса алмады. Сол тұншығудан шығып кеткен екі еңбек болды. Оның бірі – Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі»  мақаласы. Бұл мақаланың бірінші ерекшелігі, онда ғалым «Абай кім?» деген сұраққа жауап береді. Екінші көтерілген мәселе – Абайдағы жан-тән өлімі мәселесі. Қазіргі ғалымдар осыны ескерулері керек. Құдайберген Жұбановтың осы еңбегін оқыған философтар Абайды зерттеуде дұрыс жолға түседі. Жалпы, Мұхтар Әуезов пен Құдайберген Жұбановтың Абайға қатысты зерттеулері ұлы ақынды түсінуімізге мүмкіндік ашады. 

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button