Sport

ЖҰДЫРЫҚ ТИГЕН ЖЫМ БОЛУШЫ ЕДІ…

Шыны керек, бұл күндері Генаның жеңісіне таңданбайтындай күйге жеттік. Қарсыласын мерзімінен бұрын сұлататынына бойымыз әбден үйреніп алған. Әуелгідей емес, «әрі кетсе, 3-4 раундқа созылар, оған бола ұйқымды қимаймын» деп сенім білдірушілердің де саны артуда. Осындай жағдайға қазақстандық боксшының соңғы жекпе-жегінде тағы куә болдық.

Марко Антонио Рубио. Мексикалық шебер. Бірақ, оның дәрмені Генаның пәрменіне төзе алмады. Екі-ақ раундқа шыдаған ол есеңгіреген күйде аузына келгенін айтып үлгеріпті.

«Геннадий – нағыз кәсіпқой, мықты боксшы. Өз басым жекпе-жекті аяғына дейін созатындай хәлде едім. Алайда бас төрешінің шешімі басқаша болды да, менің өз мүмкіндігімді көрсетуіме кенеттен тосқауыл қойылды» деген Марко Рубио жеңілген себебін төрешілерге аудара салды. Дегенмен «жығылған күреске тоймайды» деп қадым заманда айтқан қазақ үшін оның сөздері көк тиынға пара-пар екені даусыз.

АҚШ-тың Карсон қаласындағы «StubHub Center» аренасында өткен соңғы жұдырықтасуында Геннадий Головкин қарсыласынан WBC чемпиондық белдігін тартып алған болатын. Бұдан бөлек, біздің боксшының еншісінде WBA, IBO дәрежелерінің чемпионы деген атақ бар.

Он мыңға жуық жанкүйердің алдында өткен кездесу Гена үшін кәсіпқой бокстағы 31-інші жекпе-жек және 31-інші жеңіс болатын. Оның 28-ін нокаутпен аяқтаған еді. Бұдан кейін Геннадий жеңістерінің 90 пайызын мезгілінен бұрын аяқтап, дәл қазіргі уақыттағы кәсіпқой бокстың басқа чемпиондарынан оқ бойы алда келеді.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button