Мәдениет

Жүлде алған роман талқыға түсті

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы-публицист Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романы таныстырылды.

Осы күнге дейін публицис­тика жанрында 9 кітап жазған кәсіби журналист әдебиеттегі алғашқы көркем туындысын пандемия кезінде жазып шыққан екен. Өмір бойы көкіректе қатталып, бір жыл ішінде кітап болып жарыққа шыққан романда отансүйгіштік, қазақ әйелінің адалдығы, тіл мен діл секілді құндылықтар дәріптеледі. Кеңес заманынан бастап үш буынның өмірін қамтитын туындыда қазақ әдебиетіндегі тым тосын тақырыптар көтерілген.

– Бұл оқиға әдебиетке жаңалық әкеліп тұр. «Күлпет» романы әлеуметтік-философиялық роман сыпатына келеді. Бұл – жаңа уақыттың жаңа кітабы. Перспективасы кең. Романды басынан аяғына дейін үйіріп алып келгені, кейіпкерді осындай талай соқталаңдарға салып, сонау мұхиттың ар жағына дейін апарып, бүкіл әлемге биіктен қарауға мүмкіндік беретіндей жағдай жасауы, соның бәрін тарқатып әкеліп, айналып келгенде, қазақтың қадір-қасиетін арттыратын түйінмен аяқтауы – Шарханның үлкен артықшылығы деп ойлаймын, – деді жиынды жүргізген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сыншы Сауытбек Абдрахманов.

Автор роман атауы интрига, жұмбақ боп тұруы үшін  оған өзгеше ат ойлап тапқысы келіп, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» ақтарған. Ақырында ол «жан азабы» мағынасын беретін «Күлпет» сөзі романның лейтмотивіне сәйкес келгенін айтады.

Қаламгер Роза Мұқанова роман жазудың жауапкершілігі үлкен екенін, тіпті әңгіме, повесть жазып жүргендердің өзі романға келе алмайтын кезі болатынын айта келе «Күлпет» романы – қазақ қоғамындағы айтулы оқиғаның бірегейі деп баға берді.

Әдетте журналистер прозаға келгенде публицистикалық дүние­лерді өздерімен бірге алып келіп жатады. Осы ретте әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы бұл шығармада ондай нәрсе байқалмағанына ризашылығын білдірді.

Роман елімізде бірінші рет өткізілген «Меценат» әдеби байқауында тұңғыш лауреат атанды. Бәйгеде топ жарған дәл осы романы үшін автор өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллары мөлшерінде сыйақы алып отырады. Қаламгерлер мен журналистердің ой талқысынан соң жаңа романның тұсауы кесілді. Туындының алғашқы даналары Ұлттық академиялық кітапханаға табыс етілді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button