Денсаулық

Жүрегіңді сақтайтын орталық

Елімізде жүректі емдеу мен сақтауда медицина саласындағы кардиология орталықтарының алатын орны ерекше. Соңғы 10 жылдықта отандастарымыз дертіне дауа берер білікті дәрігерді алыстан сабылып іздемейтін болған. Әсіресе ағза алмастыру соның ішінде жүрек ағзасын ауыстыру сияқты күрделі операция­ларды жасауда Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы көш басында тұр. Орта Азиядағы жетекші клиникалардың бірі әрі бірегейі саналатын орталықтың ашылғанына биыл 11 жыл толып отыр. 

2011 жылдың 12 қазанда ашылған орталықта өз ісінің кәсіби шеберлері, білікті мамандар қызмет атқарады. Орталықтың алғашқы басшысы, халықаралық деңгейдегі үздік кардиохирург, мықты кәсіби кадрларды дайындап, үлкен үлесін қосқан еселі еңбек иесі – жоғары санатты кардиохирург-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Юрий Владимирович Пя болатын. Білікті дәрігер туа біткен, жүре пайда болған жүрек ақауларын түзету, миокардты  реваскуляризациялау, біріктірілген операциялар бойын­ша ашық жүрекке ота жасап, талай жанның өміріне араша болды. Өзінің чехиялық әріптесі Ян Пиркпен бірге Қазақстанда 2012 жылдың тамыз айында созылмалы жүрек жетімсіздігі бар пациентке донорлық жүректі алғаш рет трансплантациялаған Юрий Пяның есімі сол кезден бастап-ақ, Қазақстаннан тыс жерлерде де үлкен беделге ие болды.

Адам жүрегін емдеуге арналған маңызы зор орталықты бүгінгі таңда ҚР ДСМ штаттан тыс бас кардиолог-дәрігері, медицина ғылымдарының докторы ­Махаббат Бекбосынова басқарып отыр. Ол – И.М.Сеченов атындағы бірінші Мәскеу Мемлекеттік медицина инс­титутының түлегі. Кардиология мәселелері бойынша 100-астам ғылыми мақалалардың авторы. 2007 жылы «Ерен еңбегі үшін», 2010 жылы ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағымен, 2016 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған өз ісінің майталман маманы. Юрий Пя және ­Махаббат Сансызбайқызы – аталмыш орталықтың негізін қалаған өз ісінің майталман мамандары. ҚР Денсаулық сақтау саласының жарық жұлдыздары деп айтсам артық емес.

Орталық миссиясы – жүрек-­қантамыр аурулары бар пациент­тердің денсаулығын жақсарта отырып, халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығын арттыруға ықпал ету. Инновациялық тәсілдерді, ғылым, білім және тәжірибені интеграциялау негізінде өз қызметін пациенттер қауіпсіздігі және халықаралық сапа стандарттарына сәйкес жүзеге асыратын орталық Орта Азиядағы жетекші орталық болып саналады. Орталықта жыл сайын 11000-ға жуық науқастың жүрегіне ашық ота жасалады. Дертіне дауа іздеген 7 мыңнан астам пациент ем алып, 25 мыңнан астамы амбулаториялық тексерілуден өтеді. Клиникада жыл сайынғы есеп бойынша 367 мың LVAD құрылғысын имплантациялау, 86 жүрек трансплантациясы және 15 өкпе трансплантациясы жасалынды.

Жүректің тума ақауы бар нау­қастар саны бізде жиі кездесіп жатады. Жүректің ишемиялық ауруы бар науқастарға жабық түрдегі ем қолданылады. 2021-2022 оқу жылында 91 резидент оқуға қабылданды. Оның ішінде 49 резидент грант негізінде, 19 резидент ақылы негізде білім алады. 2013 жылдан бері орталықтан 200-ге жуық резидент жоғарыда аталған бағдарлама бойынша оқуды аяқтады.

Медициналық қызмет көрсету, сервистің сапасы мен деңгейі бойынша әлемдік стандарттарға сәйкес келетін, ғылым мен білім беру қызметінде отандық және халықаралық танымға ие, қуат­ты кадрлық әлеуеті бар Орта Азиядағы жетекші кардиохирургиялық орталықта дәрігерлер ТМД, Еуропа және АҚШ-тың жетекші клиникаларында тәжірибе алмасып, біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Кардиологиялық бейіндегі науқастарды диагностикалау мен емдеудің жаңа әрі тиімді тәсілдерін енгізу бойынша лекциялар және практикалық сабақтар клиниканың жетекші қызметкерлерімен үнемі жүргізіліп тұрады. Ұйымның бәсекеге қабілеттілігінің негізі – жоғары білікті персонал. Біліктілікті арттыру үшін мүмкіндіктер беру және басқа әріптестермен тәжірибе мен білім алмасу адами ресурстар әлеуетін дамыту тиімді стратегиялардың бірі болып саналады.

Бүгінгі таңда орталық халық­аралық деңгейде, өзге елдің үздік кардиохирургия орталықтарымен терезесін тең ұстай алатын дәрежеде ұлт денсаулығы үшін қызмет жасайды. Орталықта дерттiң алдын алуға, емдеп жазуға септiгiн тигiзiп отырған білікті мамандар әлемдегі үздік техникалық жабдықтармен ем жүргізеді. Жұдырықтай жүрегiмiздi ауыртпай, салмақ түсiрiп, күйзелiспен ағзамыздың қан тамырына салмақ салмасақ, адам жүрегiнiң 100 жылға дейiн тоқтамай соғуына мүмкiндiгi бар екенін ұмытпауымыз шарт. Елімізде халық денсаулығын жақсарту жолында сапалы қызмет көрсететін және ұлт саулығын қоғам байлығы санайтын осындай мықты кардиохирургиялық орталықтың бары көңіл қуантады.

Азиза ИСА,

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы озық білім орталығының бас маманы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button