Жүректі сақтаудың заманауи ота әдісіне – 10 жыл
Осыдан он жыл бұрын Астанадағы UMC Жүрек орталығында LVAD HeartMate ІІІ жасанды құрылғысын имплантациялау отасы жасалған болатын. Соған орай аталған орталықтың басқарма төрағасы Юрий Пя бастаған білікті дәрігерлердің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиынға сондай-ақ UMC Басқарма төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынова, орталықтың кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Салтанат Андосова, LVAD қызметінің меңгерушісі Наиль Хисамутдинов те қатысты. Сол мамандардың айтуынша, аталған құрылғы қан айналымына механикалық қолдау көрсетіп, жүректің сол жақ қарыншасына көмекші қызмет атқарады. Құрылғы сорғы рөлін орындау үшін ашық ота жасау арқылы имплантацияланады, ол жүрекке қанды тиімді шығаруға және бүкіл денені оттегімен қанықтыруға көмектеседі. Құрылғы кабель арқылы сыртқы басқару жүйесіне және мезгіл-мезгіл зарядталатын батареяларға қосылады.
Орталық аталған ота бойынша клиникалық сынақтардан бірінші болып сәтті өтіп, тәжірибені жалғастырды. Бұл орталықтың жүрекке күрделі оталар жасайтын әлемдегі ең үздік 22 клиниканың қатарына кіруіне мүмкіндік берді. Содан бері бұл құрылғы біздің елімізде жүрек ауруының ауыр түрлерімен ауыратын 500-ден астам науқасқа жасалды.
-Статистикаға сәйкес, жүрек-қан тамырлары аурулары – әлемдегі өлімнің ең көп тараған себебі. Қазақстанда жүрек ауруларын уақытылы диагностикалау және алдын алу мәселесі бүгінге дейін өзекті болып отыр. Жүрек жеткіліксіздігінің өршіген түрлерінде пациенттерге донорлық органды трансплантациялау қажет болуы мүмкін. Алайда, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық пен халықтың оған дайындығының төмен деңгейі пациенттерді аман алып қалу үшін басқа шешім іздеуді қажет етеді, – дейді М. Бекбосынова.
Осындай шешімдердің бірі – LVAD HeartMate 3 құрылғысы, ол көбіне «трансплантацияға көпір» деп аталады, өйткені ол пациенттердің өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға көмектеседі.
-Созылмалы жүрек жетіспеушілігі қазіргі таңда ең қауіпті ауру болып саналады. Оған шалдыққан науқастардың 50 пайызы 5 жылға дейінгі аралықта қайтыс болып кетуде. Жүрек трансплатациясына бізде донор табу қиын, сондықтан жүректің қызметін толық атқаратын қосалқы помпа орнату арқылы жасалатын ота өте тиімді болды, оның сапасы да жоғары. Он жылдан бері осындай ота жасалған науқастар әрі қарай қалыпты өмірін сүріп, жұмысын істеп кетті. Сондықтан жүрек ауруы бойынша дәрімен емдеуге келмейтін науқастарды осындай хирургиялық емдеу жолы әлемдегі таңдаулы әдістердің бірі саналады, негізі оның құны қымбат тұрады, 60 млн теңгеден асады, алайда біздің елімізде мұндай науқастарға ота мемлекеттік квота есебімен тегін жасалады,- дейді С. Андосова.
Қазақстанда қазіргі таңда осындай ота жасайтын 4 орталық бар. UMC технологиясы Шымкент Жүрек орталығында, Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында және Тараз трансплантация орталығында сәтті қолданылуда. Соның ішінде осы елордадағы Жүрек орталығында жылына аталған әдіспен шамамен 40-45 ота жасалады. Бүгінгі таңда біздің орталықта жүрек трансплатациясын жасауға еліміз бойынша 149 науқас кезекте тұр. Соның ішінде 10 адам- 18 жасқа дейінгі балалар. Ота жасалған 94 науқастың 46 пайызы жүрек имплантациясының арқасында донор тапқанға дейін өмірін ұзартып, сосын жүрегін ауыстырып аман қалған жандар. Аталған елордалық клиникада сонымен қатар жергілікті және шетелдік әріптестерге тәжірибе алмасу, білім беру және қолжетімді медициналық көмекті дамыту үшін шеберлік сабақтары мен тренингтер өткізіледі.