Басты ақпаратМәселе

Жүрісінен жаңылған пойыздар

Астана қаласының тұрғыны Исламбек Ишанұлы он екі жасар мүгедек ұлымен бірге өткен жылдың желтоқсан айында Орал қаласына дейін «Тальго» пойызына билет алады. Әрі өздерінің жағдайын ойлап, бағасы қымбаттау болса да, барлық жағдайы бар ыңғайлылау купені таңдайды. Алайда сапарға аттанатын күні вокзалға ертерек келгенмен, пойыздың екі сағатқа кешігіп жатқанын біледі.

Кешігу жиілеп барады

«Жақсы, енді келіп қалдық қой, екі сағат күтейік» деп мүгедек баласын арбасымен күту залына жайғастырған кезде, пойыздың «ауа райының қолайсыздығына байланысты» тағы екі сағатқа кешігетіні хабарланады. Амал жоқ, сабыр сақтап, тағы күтуге тура келеді. Алайда осы төрт сағаттың ішінде күту залында отырған бұларға бірде-бір вокзал қызметкері келіп хал-жағдайын сұрамайды. «Пойыздың кешігуі екі сағаттан асса, жолаушыларға тегін сусын беріледі дегені қайда?!» деп ол ішінен ойлайды да қояды.

Сонымен, сағат күндізгі 11:15-те аттануы тиіс пойыз Астана вокзалынан 15:40-та әрең қозғалады. Қиындық мұнымен де бітпейді. «Тальго» келесі күні Ақтөбе қаласына келгенде, жолсеріктер: «Біз бұдан әрі бармаймыз, сіздер келесі пойызға отырасыздар» деп қарап тұр.

«Ау, шырағым-ау, қасымда мүгедек балам бар. Басқа пойыз­ға ауыстырылатынымды неге Астана қаласында айтпадыңдар?» дейді Исламбек. «Бұл пойыздың Ақтөбеден әрі бармайтынын біз де Астанадан шыққан соң білдік. Сіз қам жемеңіз, біз балаңызбен екеуіңізді өзіміз жақсы вагонға орналастырамыз» деп жұбатады олар.

Рас, жолсеріктер келесі пойыз­ға отыруға көмектескенмен, төрт кісіге арналған купе-вагонда сырқат баласы екеуіне Оралға барғанша кәдімгідей ыңғайсыз­дық туындайды.

«Сонда мен алдын ала жағдайым­ды ойлап, 40 мың теңгеге екі кісіге билет алып тұрып, келесі бір жолаушылар пойызына отыруыма себеп не? Билетімнің жарты ақшасын болса да қайтарыңдар» деп арыз-шағым түсіреді. Алайда оған мардымды жауап берген ешкім болмайды.

Өткен жылдың соңынан бері пойыздардың кешігуі жиілеп кетті. Әсіресе, бұл транзитпен бір пойыздан екінші пойызға немесе ұшаққа ауысып отыратын жолаушыларға қиындық туғызады. Осының кесірінен межелеген жеріне жете алмай, билеті жанып кетіп жатқан жолаушылардың әлеуметтік желілердегі арыз-шағымы қаншама…

– Пойыздың кешігуінен жоспарланған кездесуімнен қалып қойған жағдай менің басымнан да өтті. Алматы-Петропавл бағытындағы «Тальго» пойызы Астанаға 6 сағат кешігіп келді. Ал әрі қарай Петропавл-Омбы бағытына алған билетім күйіп кететін болған соң, билетімді жарты бағасына тапсырып, таксимен кетуіме тура келді. Пойыздардың неден кешігіп жатқанын жолаушыларға ешкім түсіндірген жоқ. Жолсеріктердің өзі хабарсыз. Сұрасаң, бәрі «білмейміз» деп иығын көтереді, – дейді Асқар Өтепов.

Ал қоғам белсендісі Еркінбек Жайлаубаевтың айтуынша, бұл мәселені «Жолаушылар тасымалындағылар» жақсы біледі. «Неге кейінгі кезде пойыздар жиі кешігіп, наразылық көбейіп кетті?» деп телефон шалып едім. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-тың ресми өкілі Мәди Мұхамедқали: «Жасырмаймыз, арыз-шағым бар. Бұл жөнінде жолаушылармен түсінік жұмыстары жүргізілуде. Негізінен, бұл келеңсіздіктер ауа райының қолайсыздығына және теміржол бойындағы жөндеу жұмысына байланысты туындап отыр. Таяу мезгілде мұның бәрі қалыпқа келеді. Ал кешіккен жолаушыларға өтемақы төленеді» деп жауап берді» дейді.

Вагондар ескі, орындар жайсыз

Жаңа жылдан бастап пойыз билеттері 7 пайызға қымбаттаған. Бұл – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының ресми мәліметі. Ал «Энергопром» мониторинг агенттігі былтыр қазан айында теміржол билеттерінің бағасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскенін жазды. Сонда екі жылда пойызбен жол жүру құны 27 пайызға өсіп отыр.

– Ең тиімді көлік – пойыз дейміз, қазір сол пойызбен жол жүру де қиындап барады. Атырау қаласына бұрын «Тальго» пойызымен 12-13 мың теңгеге баратын едім, енді ол 22 мың теңге болып кетіпті. Оның үстіне іссапарға шыққан жалғызілікті кісілерге болмаса, купенің іші тар, айналымға келмейді. Тез жүреді деп билетін қымбаттатқанмен, барар жеріңе екі-үш сағат кешігіп барған соң оның қандай пайдасы бар? – дейді Астана қаласының тұрғыны Қымбат Сәдуақасова.

Ал жай пойыздың билеті арзандау болғанмен, жағдайы нашар. Вагондары ескі, қыста көп жылытылмайды, көмір аз деген желеумен жолсеріктер қатты қыздырып жақпайды. Қатты аяздарда тіпті кей вагондарда терезеге мұз қатып қалатын кезі болады.

Вагондардың ескіргенін темір жолдың жауапты адамдары да мойындайды. Мәселен, елімізде 101 бағытта 139 жолаушылар пойызы қатынайды екен. Соларда 2530 вагон болса, соның 40 пайызы ескірген. Рас, кейінгі жылдары көнерген вагондардың орнына «Тальго» вагондары алына бастады. Бірақ коммерциялық негізде жұмыс істеген соң, оның тиімсіз, шығыны көп екені анық көріне бастады.

Ал Үкіметтен субсидия берілетін жолаушы вагондарын жаңартуға толық мүмкіндік болмай жатыр. Оның үстіне бұған дейін 700 «Тальго» вагоны сатып алынып қойыпты. Сондықтан 90-жылдары шығарылған жолау­шы вагонын «жамап-жасқап» пайдалануға тура келіп тұр.

– Мен бір нәрсені түсінбеймін! Теміржолдың ең тиімді қатынас құралы екенін бәрі біледі. Оған деген халықтың сұранысы жоғары. Ресми статис­тика бойынша тек былтыр ғана пойызбен елімізде 13 миллионға жуық адам сапарлапты. Бұл деген қыруар қаржы ғой. Неге вагондар жаңартылмайды? Неге пойыздарда қызмет көрсету сапасы төмен? Мен осы сұрақты «Жолаушылар тасымалы» АҚ жауапты қызметкеріне қойдым. Сонда оның берген жауабы: «Рас, қазір бізде 300-ге тарта жолаушылар вагоны жетіспейді. Бірақ бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл – 61, келесі жылы 257 вагон сатып аламыз» деді. Вагон сатып алу үшін Үкімет 2022 жылы 14 миллиард теңге қаржы бөлген көрінеді. Сондықтан алдағы уақытта жағдайымыз жақсарады деген үміттеміз, – дейді экономист Асланбек Хамзин.

Билет ақшасын қайтару да оңай емес

Астана қаласының тұрғыны Ермек Тұрсынов Тараз қаласына баруға билет алған. Жүретін күні вокзалға келгенде, пойыздың алты сағатқа кешігетінін бір-ақ білген. Жоспарлаған іс-шарасына үлгеру үшін ұшақпен ұшқысы келіп: «билетімнің ақшасын қайтарыңыз» деп кассаға келсе, ондағылар «қайтара алмаймыз, ақшаны тек пойыз келгеннен кейін ғана қайтарамыз» деп бет бақтырмапты.

– Сонда қалай, пойыз кешігіп жатса, мен оны билетімнің ақшасын қайтару үшін де тағы алты сағат күтіп отыруым керек пе? – деп наразылық білдіреді Ермек.

Екінші бір жолаушыға билетін электронды түрде алғаны үшін «картаңызға бір аптаның ішінде түседі» деп қайтарып жіберіпті.

«Пойыз 1 сағаттан астам уақыт кешіксе, әр сағат үшін билет құнының 3 пайызы қайтарылады. 3 сағаттан артық уақыт кешіксе, смс-хабарлама жіберіледі. Егер пойыз 6 сағаттан астам уақыт кешіксе, мейрамхана вагонында тегін тамақ беріледі» деген ресми өкілдің сөзін біз сұраған жолаушылардың бірде-біреуі растамады. Соған қарағанда, бұл да «заң жүзінде осылай болуы тиіс» деп айтыла салған сөз бе деп қалдық.

Қорыта айтқанда, кейінгі жарты жылдан бері пойыздардың жүйелі түрде кешігуі жолау­шылардың ығырын шығарып болды. Діттеген жеріне жете алмай, соның кесірінен алдын ала жасаған жоспарлары бұзылып жатса, кім-кімде де реніш туары сөзсіз. Міне, осы жайды «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшылығы біліп қана қоймай, таяу уақытта істі реттейтін шұғыл шешімдер қабылдаса дейміз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button