Басты ақпаратЕлорда тынысы

Жүз жыл бұрын құрылған музей қайда?

Астана қаласы тақыр жерге пайда болған жоқ, Нұра-Есіл өзендерінің аралығында адамдар ертеден қоныстанған. Қаланың бай тарихы сонау ортағасырлық қыпшақ билеушісінің ордасы болған Бозоқ қаласының пайда болуынан бастау алады. Тәуке ханның жаз жайлауы болған, Кенесары бабамыздың қазақ елінің азаттығы үшін күрескен шежірелі өлкенің Жібек жолы бойындағы сауда орталығына айналуынан бүгінгі Қазақстанның астанасына дейінгі тарихы терең. Астананың әр дәуірдегі дамуын куәландыратын құжаттар қалалық, облыстық, республикалық архивтерде, алыс-жақын шетел архивтері мен ғылыми мекемелерінде жеткілікті.

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш–Баян сұлуды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахметті, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген екен.

Ақмола өңірінің тарихынан сыр шертетін Ақмола облыстық өлкетану музейі 1923 жылы 1 мамырдан жұмыс істей бастағанын Астана қаласының мемлекеттік архив дерегінен білеміз. Биыл оған 100 жыл толып отыр. Бұл музей қоры кезінде 1928 жылы байларды кәмпескелеу кезінде де едәуір толыққан.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы – мәдени-ағарту мекемесі. 1923 жылы 1 мамырда құрылған. Мұражайдың алғашқы экспозициясы түрлі мекеме сыйға тартқан жан-жануарлардың қаңқасы, қару-жарақ, сауыт-сайман, тағы басқа бұйымдардан құралды. 1927 жылы мұражай өзінің алғашқы экспедициясын ұйымдастырып, өлкенің табиғаты, тарихы жөнінде құнды мәлімет жинады. 1928-1929 жылдары мұражай қорында өлкенің өнеркәсібі, ауылшаруашылық Успен кен орны туралы материалдар мен этнографиялық бұйымдардан тұратын 1000-нан астам экспонат болды. 1970-1995 жылдары мұражай қоры палеолит, неолит, қола дәуіріндегі Вишневка, Жанбөбек-4, Ақ қошқар, Батпақ, Мизар, Ангерсор, т. б. жерлерден табылған археологиялық ескерткіштер, ХХ ғасыр басындағы қала тұрғындарының киім үлгілері мен кеңес дәуірін қамтитын құнды материалдармен толықты.

1998 жылы Қазақстан Рес­публикасы орталығының Астана қаласына көшірілгендіктен, мұражайда тарихи-этнография­лық жаңа экспозиция ашылды. Экспозицияда қазақтың дәстүрлі қолөнері, соның ішінде зергерлік бұйымдар, күмістен әшекейленген ер-тұрмандар, әйелдер мен ерлер киімінің көне үлгілері, республикадағы басқа да ұлттардың этнографиялық бұйымдары көрсетілген. Мұражайда барлығы 142406 материалдық және рухани ескерткіш бар (1998 ж.).

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне уақытша сақтауға берілген жәдігерлердің басым бөлігі жазба деректер: Ақмола облысындағы коммунистік партия, комсомол, пионер ұйымдары, кәсіпорындар мен мекемелер тарихы, фотосуреттер, өлке табиғаты мен кеңестік дәуір, тың игеру кезеңіндегі құжаттар, плакаттар мен афишалар, пластин­калар, сондай-ақ кілем-киіз бұйымдар, гербарийлер мен муляждар, саз балшықтан жасалған ойыншықтар, минералдық-геология­лық тастар, археология­лық коллекциялар

Мына деректер 2000 жылы ашылған Қазақстан Республикасы Президенті мәдениет орталығы аталмыш өлкетану музейі мен С.Сейфуллин атындағы кітапхананың бірігуі арқылы құрылды. Кейін бұл жәдігерлердің басым бөлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне, екінші бөлігі Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне (2009 ж.) уақытша сақтауға берілген еді.

Ақмола облыстық тарихи-ө­лкетану музейіне уақытша сақтауға берілген жәдігерлердің басым бөлігі жазба деректер: Ақмола облысындағы коммунис­тік партия, комсомол, пионер ұйымдары, кәсіпорындар мен мекемелер тарихы, фотосуреттер, өлке табиғаты мен кеңестік дәуір, тың игеру кезеңіндегі құжаттар, плакаттар мен афишалар, пластин­калар, сондай-ақ кілем-киіз бұйымдар, гербарийлер мен муляждар, саз балшықтан жасалған ойыншықтар, минералдық-геологиялық тастар, археологиялық коллекциялар.

Бұл жәдігерлер ғылыми көмекші құрал ретінде өлке тарихын, қала тарихын зерттеуде, генеалогиялық зерттеулер жүргізгенде маңызды. Сондықтан 2019 жылы тарихи-өлкетанымдық экспозиция құру мақсатында Астана қаласының мемлекеттік архиві Көкшетау музейінің қоймасында жатқан жәдігерлерді қайтаруға бастамашы болған еді. Тиісті мекемелерге хаттар жазылып, келісім алынды (пандемия кезінде келісу шаралары созылып кетті). 16747 жәдігер Астана қаласы мемлекеттік архивінің қоймасына уақытша қойылды.

Музей жәдігерлерін қабылдау архивтің штат кестесіне іздес­тіру-өлкетану, ғылыми-зерттеу, әдістемелік, тәрбиелік жұмыс­тармен айналысатын қосымша қызметкерлер енгізу, талапқа сай ғимарат пен заманауи көрме витриналарын, арнайы музей қондырғыларын жасауды талап етеді. Сол себепті Астана қаласының мемлекеттік архиві өз кезегінде республикалық меншіктен Астана қаласының коммуналдық меншігіне берілген тек қана 8237 дана жазба дерек қорын қабылдауға мүдделілік танытты.

Тарихи құндылығы маңыз­ды 8510 дана музей жәдігері ерекше күтімді (температураны, жарықты, ылғалды сақтау) қажет ететіндіктен, Астана қаласының бірлескен мұражайлар дирекция­сы мұражай жәдігерлерін тиісті жағдайда ұстайтын орындар мен сақтау мүмкіндігінің жоғына байла­нысты теңгерімге алу мүмкін емес екенін хабарлады (26.07.2022 ж.). Сөйтіп, бұл мәселе әлі шешімін таппай келеді, заңды түрде жәдігерлерді қабылдай алмай отырмыз.

Егер басқа елдер астаналарының тарихына зер салсақ, соншама бай тарихы бар Астана қаласының музейін құру қажет екеніне көз жеткіземіз.

Ақмола өңірінің тарихынан сыр шертетін өлкетану музейін құру игілікті іс болмақ.

Ғазиза ИСАХАН,

архив ісінің үздігі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button