Құқық

Жүгенсіз болма, жүргізуші!

Көлік жүргізушілерге балалардың да айтары бар. Елордалық жеткіншектер өздерінің жүрекжарды ұсыныс-тілектерін суреттер арқылы бейнелепті. Мұндай айрықша шараны Астана қаласының ІІД Жергілікті полиция қызметі ұйымдастырды.

Жаяу жүргіншілердің ішінде ең бейқамы – балалар. Олар апат аяқ астында деп ойламайды. Алды-артына қарамай, жолға да жүгіріп шығуы мүмкін. Психологтардың айтуынша, балалар көзінің алдындағын ғана көреді екен. Сондықтан оларды жол апатынан сақтандыру – ата-ананың ғана емес, жол полициялардың да міндеті. Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі балалар арасындағы жол-көлік оқиғаларынан жарақат алуды азайту мақсатында «Жүргізуші, жол тәртібін сақта!» атты сурет салудан сайыс өткізді. Балақайлардың салған суреттері адам аяғы көп жүретін аялдамаларда, мектептердің маңайына, қоғамдық орындарға ілінді.
Конкурсқа елордалық 95 мектептің бастауыш сынып оқушылары қатысты. Сайысқа қатысушылар өзін жолда қалай ұстау керектігін, жүргізушілер ең алдымен неге мән беру керектігін шағын туындыларында көрсеткен. Қиялмен бейнеленген суреттердің ішінде №70 мектеп-гимназиясының 4 «ә» сынып оқушысы Еламан Шүлембайдың суреті үздік деп танылып, ол бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын №32 мектеп-гимназиясының 3 «е» сынып оқушысы Руслан Кардашқа берілсе, үшінші орын №82 мамандандырылған «Дарын» лицейін 3 «ә» сынып оқушысы Асылай Жеңісбекке бұйырды.
Сонымен қатар, «Жүргізушіге арналған ең жақсы өтініш!» номинациясында №54 мектеп-лицейінің 4 «б» сынып оқушысы Мансұр Мадетханұлы, «Маңызды жол белгілері» номинациясында №41 орта мектебінің 2-сынып оқушысы Әйгерім Серікбаева, «Ерекшелігі үшін» атты номинациясында №67 мектеп-гимназиясының 4 «е» сынып оқушысы Диляра Жеңісқызы жеңімпаз атанды.
Сайыстағы «Ең жас қатысушы» номинациясы №33 мектеп-балабақшасының «0» сынып оқушысы Денис Цибильскийге бұйырды.
Енді бұл суреттер Астана аялдамаларында ілінетін болады.
Кішкентай суретшілерді құттықтаған Астана қаласының ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Малыбаев «жұртшылықтың бәрі жүргізуші емес, бірақ әрбір адам – жаяу жүргінші. Сондықтан жол жүру ережелерін балалардың санасына жастайынан сіңіре беру қажет. Бұл оларды жолда болатын әртүрлі апаттардан сақтайды» дей келе, жүргізушілерді жолда абай болуға шақырды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button