#Жаңа Қазақстан

Жүйе жаңғырмай, жылжу жоқ

Тәуелсіздік таңы атқалы мәртебелі мінберден елге арналып талай Жолдау айтылды. Жолдаудан кейін іле-шала қолға алынған іргелі жобалар да, шала-пұла күйелеш күйінде жөргегінде тұншыққан бастамалар да баршылық еді. Өздері алдымен түйсініп-түсінбей тұрып, ел аралап, Жолдауды жалаулата жарнамалап, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін топтан да жұртшылық жалыға бастаған болатын. Дегенмен барша дүние жаңарып, жаңғыратын биылғы наурыз айында жұртшылық Ақорда жаққа алаңдап, жыл құсы келетіндей жаңалық күткені жасырын емес. Қаңтар ызғарынан соң алтын күректей жылылық, жылы леп күткені ақиқат. Қоғам бір өзгеріс, сілкініс күткен еді, орындала ма сол үміт?

[smartslider3 slider=2447]

 

Мемлекет басшысы бұл Жолдауда Жаңа Қазақстанды жаңару мен жаңғыру жолына бастайтын қағидаттарын халқына баяндапты. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзді «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік» деп бастапты. Текке тамсанып, сүйсіне бермей, енді бізге ой салған бастамаларға аз-кем тоқталайық.

Аудан, қала, облыс әкімдері біраздан бері жергілікті мәслихат депутаттары келісімінен кейін ғана тағайындалып жүр. Осының өзін демократияшыл қадамға баладық. Жасыратын несі бар, еліміздегі бірде-бір мәслихат ұсынылған үміткерге қарсылық білдірген емес. Тіпті таңдау жоқ. Себебі жалғыз ғана үміткер ұсынылады. Енді сол үміткер екеуден кем болмайды. Яғни таңдау, бағалау мүмкіндігі туып отыр.

Жергілікті әкімдер билік партиясын да қоса басқаратын. Ал мәслихат депутаттарының 90 пайыздан астамы сол партия өкілі. Сондықтан халық өкілі болса да, кемшілігін көріп-біліп отырса да, өз басшысын сынай алмай, аузына су толтырып алғандай күй кешетін. Артық-ауыс әңгіме айтса, партиялық тізімнен сызылады, сосын депутаттық мандаттан да айырылады. Билікке келген партия осы себептен жергілікті әкімдер жұмысына әділ баға бере алмайды, дұрыс жөн сілтей алмайды, өзара сынды өрістетпейді, мұның өзі қоғамды дағдарысқа әкеліп тіреді. Жұртшылықтың билікке, билік партиясына деген сенімі сетінеді.

Партиялық тізіммен депутат мандатын иеленгендердің көпшілігі әкім мен жергілікті партия көсемдерінің «өз адамдары», «керек кісілер», «қалталылар» екенін жұртшылық жақсы біледі. «Бөтендер» мен «өзге пікірге» мұнда жол жоқ. Сондықтан да халық билігінің мінбері – жергілікті мәслихаттардан басталған тоқырау  бүкіл елді шарпыды. Енді бәрі өзгереді. Әкім қаралар партия төрағасы бола алмайды, аудан, қала мәслихаттары сайлауы мажоритарлық жүйеге көшеді, облыстық деңгейде де аралас жүйе енгізіледі. Тіркеу жеңілдеген соң түрлі партия, қозғалыстарға да енді жан бітеді. Бүгінге дейін жергілікті әкім атқарушы билікті де, өкілді билікті де өз уысында ұстап отырса, енді олай болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен енді ол өкілді билікті халық өкілдеріне қайтарады. Әрі би, әрі қожа деген болмайды енді. «Әкім болсаң, халқыңа жақын бол!» деген нақылды жергілікті басшылар жыл сайынғы дәстүрлі, бірсарында өтетін, сценарийі таптаурын болған сырғытпа есеп беру жиналысында баяндамасына тамызық етіп қосып қана қоймай, өмірде де іске асыруына тура келеді. Себебі оның жұмысына тұрғындар атынан бәсекелестік негізде халық тікелей сайлаған депутаттар бақылау орнатады.

«Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыс­тарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек» дейді Мемлекет басшысы осы Жолдауда.

Халық көбіне өз өңір, аудан, ауылдағы билік буындарындағы келеңсіздікке, әділетсіздікке қарап жалпы саяси жүйеге, тұтас билікке баға береді. Жаңа Жолдаудағы бағалы бастамалар тезірек ел ішіндегі оң өзгеріс­терге негіз қаласа алға қарай қадам басарымыз сөзсіз…

Еркін ҚЫДЫР,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button