Сұхбат

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖАЛҒАСАДЫ

 Қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтау – әрбір азаматтың парызы. Жалпы, табиғат-ана біздің еншімізге талай­ды тамсандыратын, пішіні бөлек ерекше әсем нулы, сулы жерді сыйға тартты. Оның қойнауындағы аң мен құстың да алтынға айыр­басталмайтын бағасы бар. Ал, осылар мемлекеттік деңгейде қалай қорғалып жатыр? Бұл жөніндегі әңгімені бізге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев тарқатып айтып берді.

– Ерлан Нұралыұлы, Қазақстандағы әрбір қорықтың өзіндік ерекшелігі бар. Соның ішінде Қорғалжын мен Барсакелместе нендей жұмыстар атқарылуда?

– Алдымен Қорғалжын тура­лы сөз қозғайын. Бұл қорық 1968 жылы құрылған. Оның аумағын ащы және тұщы су айдындары алып жатыр. Мұнда өсімдіктің 3381 түрі бар. Соның ішінен Қызыл кітапқа енгізілген шренк қызғалдағы мен аққугүлді бөле-жара айтуға болады. Тағы бір ерекшелігі, Қорғалжын көлдер жүйесі халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқап ретінде Рамсар тізіміне енгізілген. Сирек кездесетін қызыл бірқазанның өзі 1994 жылы осы маңға әкелінді және лапланд шиқылдақ қаздың саны 5 мыңға дейін жетті. Ал, Бар­сакелмеске келсек, аумағы бұрын 144031гектар болған. Қазір ол 160826 гектарға ұлғайтылды. Осында қос мекенділердің 2 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 12 түрі, сүтқоректілердің 28 түрі мекендейді. Біз сирек кездесетін аң- құстардың санын көбейту үшін 2013 жылға қарай осы қорық аумағын кеңейтуді мақсат тұттық. Он-он бес жылда бұл жер адам танымастай өзгеріске енеді деп нық сеніммен айта аламын. Яғни, кіші Арал теңізін мемлекеттік дәрежеде қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар нәтиже бере бастады. Бұрынғыға қарағанда бұл өңірде су мөлшері бірқалыпты реттелді. Иен даланы жортқан тіршілік иелеріне осы өзгерістер оң әсерін тигізіп жатыр.

– Жөн делік. Табиғаттың ажырамас бір бөлігі сексеуілді қорғауға, өсіруге қандай маңыз берілген?

Қай нәрседе де ыждаһаттылық болмаса, олқылықтың орын алаты­ны шүбәсіз. Сіз де осал тұсымызды дөп басып отырсыз. Жалғыз табиғат қорғаушылардың әрекетінен ешнәрсе өнбейді. Сексеуілді қорғау ісіне жалпы жұртшылық араласуы керек. Жасыратыны жоқ, жекелеген адамдардың немқұрайдылығынан Жамбыл облысы төңірегінде сексеуілді отаудың 790 фактісі тіркелді. Тиісті құрылымға ұсыныс жасаудың нәтижесінде биыл бірқатар заңға өзгертулер енгізілді. Сондықтан, сексеуіл кесуге қатысты қылмыстық әрекеттер бәсеңдейтін болады. Ал, оны өсіру бағытында Арал теңізі төңірегінде кешенді жұмыстар қолға алынды. Ауданда сексеуілді өсіретін арнайы тоғандар бар. Жергілікті билік жыл сайын сортаң тартқан жерлерге оны егу ісін жүйелі ұйымдастырып келеді. Осындай өнегелі жұмыстар басқа өңірлерде де жалғасын тапса дейсің. Табиғатты қолдан келгенше аялап келе жатқан аралдықтардың ерен еңбегін қалай мақтасақ та жарасым­ды. Мұнан өзге биыл күзде оңтүстік өңірінің 21мың гектарына сексеуіл көшеттері отырғызылмақ.

Киіктің жүретін жолын бағдарлап, арнайы тізім жасалғанынан хабардармыз. Ендігі жерде алаңсыз өсіп-жетілуіне негіз қалана ма?

Киіктің киесін мен айтпасам да білесіз. 90-жылдың аяқ шенінде 1 миллионнан астам киіктен көз жазып қалдық. Оның жоғалып кетуіне түрлі факторлар әсер етті. Жыртқыш аңдардың шабуылы, браконьерлік әрекет пен індет қоздыратын аурулар. Мәселен, па­стерллезден 1984 жылы Орал облы­сында 250 мың бас, ал Торғай облы­сында 434 мың бас өлген. Киіктерді ату ісі де орасан залал тигізуде. Осы жартыжылдықтың өзінде ол бойынша 130 дерек тіркелді. Ал қылмыстық әрекетке байланысты қозғалған іс кей жағдайда сөзбұйдаға салынады. Ойластыра келе, мына тұжырымға келдік. Әрбір жергілікті жердегі қару-жарақ пен көлік есепке алынуы тиіс. Бұл міндеттеме барлық жерлерге жөнелтілді. Сондай- ақ, 2009 жылдан бері киіктерге қарғыбау тағу жұмысы жүзеге асы­рылып келеді. Соның негізінде олардың жүрген бағытын есепке алуға мүмкіндік жасалды.

Халықаралық грант шеңберінде киіктерді сақтап қалу мақсатымен «Қазақ даласының кереметі» де­ген атаумен мектеп оқушыларына арналған оқу құралы қазақ және орыс тілдерінде басылып шығарылды. Бұның барлығы жас өскіннің жанашырлығын оятып, табиғат- ананы аялауға жетелері хақ. Негізі, киік туралы таңға дейін әңгіме айтсақ та тауыса алмаймыз. Сондықтан, бүгін мен атқарылған жұмыстардың негізгілеріне тоқталып өтемін. 2007 жылы Ақтөбе облысында 765,03 мың гектар алқапты құрайтын Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Оның негізгі міндетіне киіктің өсу көрсеткішін қалыптастыру жатады. Атап өткен жөн, резерват жұмыс істей бастаған кезден осы аумақта браконьерлікке қатысты факті тіркелген жоқ.

Бұрынғыдай емес, орман және аң шаруашылығы құрылымы жаңа техникалармен толықты. Жұмысты жүйелі жүргізу үшін тікұшақтармен барлау ісі қолға алынып, киіктің қай жерде жүргенін білуге жол ашылды. Біріккен Араб Әмірлігі қаражаты есебінен де бірқатар көлік сатып алынды. Демек, біздің мүмкіншілігіміз өте мол.

Міне, аз уақыттың ішінде атқарылған тірлікті осылай сабақтауға болады. Бастысы, қолданыстағы заң қатайып, 2020 жылдың желтоқсанына дейін киіктер атуға тыйым салынды. Ал «Жасыл белдеу» бағдарламасы негізінде 2014 жылға дейін киелі аңның жүретін аумағы тиісінше ұлғайтылмақ.

–Біздегі ұлттық парктерді да­мыту мәселесі қай деңгейде?

Жыл өткен сайын ұлттық паркімізді тамашалауға келетіндер қатары артып келеді. Былтырғы көрсеткішке назар аударсақ, ерекше қорғалатын аумағымызды көруге 770 мың адам ат басын бұрған екен. Бұл аз емес, әрине. Жалпы, туристік жұмысты дамыту мақсатын көздеген 51 құжаттама әзірленіп, бекітілді.

Әлем елдері бүгінде экотуризм ісіне айрықша көңіл аударып отыр. Табиғат сыйлаған байлықты сол қалпында сақтау үшін олар бар шара­ны осы іске бағыттайды. Өз елімізде бұл тараптағы істер ойдағыдай іске асырылу үстінде. Қазақстан жері жарнамасыз-ақ әлемнің көптеген елдеріне танылып үлгерді. Әсіресе, тәуелсіздік алған жылдары барлық саланың дамуына ерекше екпін берілді. Соның бірі – экотуризм. Бұл өркенді жұмыстың өрісін кеңейтуге еліміздегі қонақүйлердің де үлкен үлес салмағы бар. Шетелден келген меймандар осы қызметтің озығына айрықша мән береді. Тіпті, кейбіреулері киіз үйде қымыз бен шұбат ішкенді қалайды. Міне, экотуризмнің алғышарттарын осы­лай қалыптастыруға болады..

– Ойды ой қозғап отырғаны. Орманды алқап неге жиі отқа оранады?

Сөздің астарын түсіндім. Біз кешенді жұмыс жүргізуден қалыс қалған емеспіз. От құшағына оранудың бірнеше факторы бар. Жа­сын ойнатқан найзағайдың сіріңке құрлы қауқары бар шығар. Бұл – бір. Ал көпе-көрнеу қолдан жасалғаны – бір бөлек мәселе. Білмей ме, білсе де мойын бұрмай ма, егіс алқабындағы қалдықтарды өртеу салдарынан Көкшетау өңірі мен Қостанай облысы едәуір шығынға батты. Осы тақырыпқа қатысты Үкіметтік деңгейде селекторлық кеңес өткізіліп, қателікті қайталамау жөнінде тиісті құрылымдарға нақты міндеттер жүктелді. Бұдан былай орманды қасақана өртегендерге қолданылар шара қатаң болады.

Тұрған жерің – туған үйің. Олай болса, біз қоршаған ортамызды алақанымызбен аялап, жүрегімізбен мәпелеуіміз керек. Жұмыс бары­сында мен шетел азаматтарымен жиі пікірлесемін. Сонда олар біздің қолдан орманды алқап жасаған тірлігімізге таң қалады. Жалпы, әлем тәжірибесінде мұндай оралымды істің жүзеге асырылуы некен-саяқ. Қазір сол маңға аңдарды өсіру қолға алынды. Келер ұрпақ осы жасыл- желектің жемісін көрері даусыз.

– Әңгімеңізге рахмет. Қолға алған істерін баянды болып, жетістікке жете беріңіздер.

Әңгімелескен Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button