ӘлеуметМәдениет

Жүйесiз сөз жүйкеге тиер

Бiткен iске айтылар сын көп.  «Хабар» арнасында «Чемпион» атты жаңа жобаның басталғанына бiр айға жуықтады. Жүргiзушiлерi оны «спорттық-сауықтыру думаны» деп атайды. Жаңалығы – шаршы алаңға танымал әншiлер, театр және кино актерлары, цирк әртiстерi мен тележүргiзушiлер шығып, қолғап түйiстiредi. Қарап тұрсақ, қазақ телевизиясында бұрын-соңды болмаған тың жоба. Бiздiң айтайын дегенiмiз ол емес. Комментаторлардың «шешендiгi»…
Жүргiзушi әрi бас комментаторлар – арнаның бiр бағдарламасын «құр жiбермейтiн» Арман Дүйсенов пен Айгүл Иманбаева. «Фигаро анда, Фи­гаро мында» деп әр жерден атын бiр шығарып жүрген қос «жұлдызға» бә­рiн қойып, осы бағдарламаға қатысуы ғана қалғандай. Тiптi, осы екеуi жүр­гiзбесе, шоудың чемпионы анықтал­май қалатындай. Сахнада бiрде әртiс, бiрде әншi, бiрде жүргiзушi болып жүрген Айгүлдiң әмбебаптығына тап осы «комментатор» деген «атақ» же­тiс­­пей қалыпты. Арман Дүйсеновтiң жағдайы әу бастан белгiлi. Бұл екеуi­не неге шүйлiге қалды деп отырған шығарсыз?
Әншейiнде «өнер адамы болу, ән айтып, рөлдерде ойнау оңай емес» деп көсiлетiн бұлар комментатор болу оңай деп ойлайды-ау деймiн. Арман Дүйсеновтiң «комментировать етiп», Айгүл Иманбаеваның «ой, туууу» деп қосарлана сөйлеуi сау адамның жүй­кесiн жұқартады. Тiптi, өткен жек­сенбiдегi (15.04.2012 жыл) Айқын Төлепберген мен Ринат Баситовтың ұрысын көрiп отырып, Айгүлдiң жан­ашырлығына қайран қалдым. «Тууу, Айқыыынн, жеңiлмешi…» деп жалы­нып тұр. Құдды, Айқын рингте әрiп­тесiмен емес, жаудың батырымен со­ғы­сып тұрғандай. Жүргiзушi бүй­регiн бiреуге бұрмай, бейтарап болуы тиiс.
Бұдан бөлек тағы екi қосалқы ком­ментаторлар  – Сабина Саяқова мен Нұрлан Еспанов бар. Сабина – бұған дейiн талай шоудың ортасында жүрiп тәжiрибе жинақтаған, тiсқаққан жүргiзушi. Орыс тiлiнде дегенi бол­ма­са, сұрақтары да, сөзi де жып-жинақы. Ал, Нұрлан Еспанов болса, «Чемпионды» студияға келген әр әншiнi «менiң досым» деп мақтанып отыратын «Жұлдызбен жүздесу» атты авторлық бағдарламасымен шатасты­рып алса керек. Өткендегi бағдарла­мада  «Мұнарлан» тобының әншiсi Бағлан  Жолдасовты таныстырып тұ­рып «бұған дейiнгi екi ойында да же­ңiске ұшырады» деп қазақтың сөздiк қорына жаңа тiркес қосты. Жеңiске жететiнiн, ал жеңiлiске ұшырайты­нын Нұрлан көкемiз бiлмесе керек…
Олардың салдыр-салақ сөздерiн миллиондаған адам тыңдап отыр. Егер қолдан келмесе, жебе жетпеске семсер сiлтеудiң қажетi қанша?! Елдiң пiкiрiне құлақ аспаса да, тым болмаса «көтере алмайтын шоқпарды белiңе байлама» деген халық даналығын естен шығармаған абзал.
Жалпы, бағдарламаның қызықты өтуi тiзгiншiге тiкелей байланысты. Мысалы, «Опра Уинфридiң шоуы» бағдарламасы әлемнiң 170 елiнде 70 миллионға жуық көрермен жинаған екен. Яғни, Опраның қарым-қабi­ле­тiнiң арқасында бағдарлама осынша көрерменнiң ықыласына ие болған. Бұл – өзгенiң жылтырағына қызық­қанымыз емес, талантын мойында­ға­нымыз. Бiздiң елiмiзде де ақылына көркi сай, журналистiк таланты жо­ғары жүргiзушiлер аз емес. Бiрақ, неге екенi белгiсiз бiздiң арналардың «тұрақты» жүргiзушiлерi бар. Қазiр  мемлекеттiк арналарда көңiлашар бағдарламаларды әншiлер немесе актерлер жүргiзедi. Заман ыңғайы солай шығар, дегенмен қай салада болсын өз маманы алдыңғы қатарда жүргенi жөн емес пе?
Қасқырға қой бақтырмайтыны тәрiздi, тележүргiзушiлiктiң қыр-сырын, сөз өнерi мен мәнерiн ұғын­байтын жанға дүйiм жұрт тамаша­лайтын бағдарламадан орын берiлiп жататынын түсiну қиын. Бұл ендi ұйымдастырушыларға сын. Шiркiн-ай, дейсiң осындайда, әр өнерпаз өз өрiсiнде «адаспай», сан-саққа сұғына бермесе, бәрi-бәрi орын-ор­нында болар едi-ау…

Еркежан КӨПТIЛЕУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button