ЖаңалықтарМәдениет

«ЖҰЛДЫЗАЙ ТАЛАНТТАРДЫ ЖҰПТАЙДЫ

Ертең кембағал балалардың арасынан тума таланттарын тауып, буырқанған бұлақтардың көзін ашатын «Жұлдызай» байқауының гала концерті өтеді. Бұл іс-шара биыл тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отыр.

Байқау барысында ұйымдас­ты­ру­шы­лар Қазақстанның он алты қаласына барып, өнерлі өрендерді іріктеп алған болатын. Сайысқа қаты­суға бес мыңға жуық үміткер ниет білдірді. Олардың 300-і ғана ақтық сынға жолдама алды. Жарымжан болып жаратылса да, бәрінің бойында тас жаратын таланты бар. Бірі би билеп, ән салса, енді бірі музы­ка­лық аспапта ойнап, ыммен өлең айтады. Бұдан өзге қолөнерді жаны сүйетін жас шеберлер өз туындыларын көпшілікке көрсеткен болатын. Өнер байқауы мүгедек балалардың өмірге құштарлығын оятып қана қоймай, шығармашылықтарының шыңдалуына серпін береді.

«Бұл балалар кейде сау адамның қолынан келмейтін тірлікті істейді. Іс-қимылмен көрсетілетін әндерді тамаша орындайды. Өйткені әннің мағынасын тыңдау бір бөлек нәрсе, көріп қабылдау мүлде басқа. Олар ән айтып тұрғанда көзіне жас алмайтын адам жоқ шығар. Өмірге деген­ құш-тарлығын көрген кезде, сүйсі­не­сің» дейді фестиваль­дің қою­шы­-ре­жис­сері Бақытжан Тәжинов.

Ертең болатын концертте балалар елімізге танымал әншілермен бірге сахнаға шығады. Онда бәйгеге қатысу­шы жеткіншектердің өмірі баян­да­лып отырады. Оған қоса, Қытайдан Hand in Hand дуэті келеді екен. Топ құра­мын­да автокөлік апатында қолынан айырылған балерина Ма Ли, кішкентай кезінде трактордың механизміне түсіп аяғынан айырылған Чжай Сяовэй бар. Музыканттар балаларға өз өмір­лері және қиындықпен күресу тура­лы айтып береді. Сондай-ақ, бала­лар­ға шеберлік сабақтары өткізіледі. Сол арқылы оларды модерн-балет, вокал, операторлық жұмыс және мон­таж­дау­ға үйретпек. Іс-шара соңы саяхатқа ұласады. Дарынды жеткіншектер Астананы аралап, тамашалайды.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button