Жаңалықтар

«Жұлдызайдың» жұлдыздары анықталды

IMG_2097

Кеше «Қазақстан» орталық концерт залында «Жұлдызай» Х респуб­лика­лық балалар фестивалінің гала-концерті өтті.

Айтулы шараға қатысқан ҚР Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Елбасының арнайы құттықтау хатын оқып берді.
– Менің жас достарым! Сіздерге және тәуелсіз Қазақстанның барлық балаларына шынайы көңіл мен ыстық ықыласымды білдіремін. Балалар – еліміздің басты бай­лығы. Сіздердің болашақтарыңыз қандай болатыны біздерге, үлкендерге байланыс­ты. Біз сіздердің денсаулықтарыңыздың мықты болғанын, жақсы білім алып, үш тілді білгендеріңізді, аға буынға қамқор, еліміздің нағыз патриоты болып өскендеріңізді қалаймыз, – делінген Елбасы құттықтауында.
Шара барысында биылғы оныншы байқаудан өз топтары бойынша үздік шық­қан өнерпаздар марапатталды. Дәлірек айт­қанда, «Би» номинация бойынша бірінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының жас өрендері Ахмет Асхат пен Жайна Шыршықбаева жеңіп алды. Ал «ыммен ән салу» аталымында қызылордалық Теңізбай Алмат бас жүлде иегері атанып, жас әнші Серік Ибрагимовпен бірге ән шырқады. Нақ осы аталым бойынша үздіктердің қатарында елордалық Ерхан Төлеубек те болды. Ол Қайрат Нұртаспен «Ана» әнін қосыла айтты. Отандық өнерпаздардан
бөлек балаларды ізгілікті мерекемен құт­тықтап келген ресейлік әнші Диана Гурцкая сахна төрінде Шымкенттік «Самғау» тобымен бірге өнер көрсетті. Әсіресе, Назима Исаханова мен Ырысдаулет Орынбектің өнеріне жоғары баға берген Диана оларды биылғы қазан айында Ресейде өтетін «Белая трось» фестиваліне қонақ ретінде қатысуға шақырды.

Фархат ҚАНАЛЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 1-курс студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button