ӘлеуметҚала тіршілігі

«ЖҰЛДЫЗДАР АЛЛЕЯСЫ» ЖАСАЛҒАНЫ ЖӨН  

dsc0036

«Қалалық алаңның қандай болғанын қалайсыз?» деген сауалдама жүргізіп жатқанымызды газетіміздің көзіқарақты оқырмандары білер. Содан байқағанымыздай, алаңның қазіргі кейіпіне респондеттердің көбісінің көңілі толмайды екен. Алған жауаптарымыздан ат шаптырым аумақтың бос жатқанын халықтың құп көрмейтінін аңғардық. Біз сұрау жүргізген адамдардың біразы бұл жерден субұрқақты көргісі келеді. Алаң бойына орындықтар орнатылып, маңай жасыл желекке көмкерілсе дейтіндердің де қарасы аз емес. Алаңның бұдан бұрынғы келбеті қалпына келсе деп тілек білдіріп жатқандар да бар.

Өзіміз осыдан екі жарым жыл бұрын елордаға келген кезде қалалық алаңда қыста – коньки, жазда – ролик тебуге лайықталған, жан-жағы қоршалған орын бар-тын. Тұрған үйіміз қашық болмағаннан кейін кешкілік уақытта ол жерге елордаға қонақтап келген жиендерді ертіп баратынбыз. Ортада орнатылған үлкен экраннан әншілердің бейнебаяндары беріліп тұратын. Жарымызға асыр салып ойнаған балаларға бас-көз болуын тапсырып, өзіміз көбінесе сол экранға көз тігетінбіз. Шыны керек, балалар осындай демалысқа мәз болатын. Өзіміздің де көңіліміз көтеріліп қалатын. Ал бұл күндері алаң жақтан балдырғандардың шат күлкісі естілмейді. Қалалық алаңдағы тіршілік маңызды мерекелер немесе күзгі жәрменкелер кезінде ғана жанданатын болып жүр…

Ойды ой түртеді. Жалпы, қаланы абаттандыру жайына келгенде бар назар сол жағалауға ауып кеткендей көрінеді бізге. Жұмысымыз сол жақта болғандықтан мұнда келгенде Еуропада жүргендей сезінеміз. Сулы-нулы жасыл желекжолдағы көрініс көз тойдырады. Әрине, сол жағалау жаңа аудан болғандықтан бұлай болуы да заңды шығар. Десек те, оң жағалау да ұмыт қалмаса екен деген тілегіміз бар.

Әлемде тарихын тереңнен алатын талай қалалар бар. Сол ескі шаһарлардың көркі барып келген адамдарды тамсандырғанын жиі естіп, сол жөнінде оқып жүрміз. Өзіміз елімізден тысқары шығып көрмедік. Сондықтан ғаламторды шарладық. Онда да қозғап отырған тақырыбымызға сай сол қалалардағы алаңдарға ойша барып келдік. Бірден шетелге шығып кету жөн болмас деп, сапарымызды Алматыдан бастадық.

Белгілі әнде айтылатындай, гүл – Алматы мен нұр – Алматыда Республика алаңы бар. Жан-жағын еңселі ғимараттар қоршаған алаң ортасында екі субұрқақ орналасқан. Негізгі орын Тәуелсіздік монументіне берілген. Оны айнала бірнеше шағын мүсіндер орнатылған. Ол тастардың кейбірінде ұлы тұлғаларымыздың қанатты сөздері қашалып жазылған. Серуендеп жүрген адам демалып қана қоймай, рухани азық алып қалады. Өте жақсы үлгі екені анық нәрсе.

Осыған ұқсас жағдай Қарағанды қаласында да бар. Ондағы Кеншілердің мәдениет сарайының қарсы алдындағы алаңда «Жұлдыздар аллеясы» орын тепкен. Әрине, Голливудқа еліктеуден туған дүние екені белгілі. Бірақ, ұрпақ тәрбиесіне керектігі дау туғызбайды. Бүгінгі халық аспандағы мен жердегі жұлдыздарды ажырата алмай қалған заманда нағыз өнер иесін анықтайтын осындай белгілер қажет-ақ. Астанамен іргелес жатқан Қарағанды сондай үлгіні көрсетіп отыр. Қазіргі таңда «Жұлдыздар аллеясында» Бибігүл Төлегенованың, Роза Рымбаеваның, «Дос-Мұқасан» тобының және Қайрат Байбосыновтың есімдері жарқырап тұр. Жұлдыз деуге тұрарлық нағыз лайық тұлғалар. Елордадағы қалалық алаңда да осыған ұқсас аллея жасалса, халық қолдайтын еді деп ойлаймыз. Ұлт тәрбиесіне осындай үлес қосатын нәрселер сөзсіз қажет. Сондай-ақ, қалыптасқан жағдай талабын да ескерген жөн.

Астанадағы қалалық алаңда көптеген көліктердің қаңтарылып тұрғанын көреміз. Сауалдама жүргізгенімізде сол жерде паркинг болса екен деп жауап бергендер болды.

Мұндай үлгі Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласындағы Тәуелсіздік алаңында бар екен. Алаңның жер асты бөлігінде 500 көлікке арналған паркинг жұмыс істеп тұр. Бұған қоса сол жерде үш қабатты сауда орталығы да ашылған. Айта кетер жайт, 2002-2006 жылдары алаңды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жер асты сауда орталығы мен паркинг сол уақытта салынды. Ал оның жоғары жағында халық демалатын орын жасалды. Ол жерде жан-жағына жарық шашып тұратын әуенді субұрқақ та бар екен.

Мәскеудегі Воробьев тауларындағы Университет алаңы да айтуға тұрарлық жер. Жасыл желекке көмкерілген алаң ортасында «Лалагүл» аталатын субұрқақ орналасқан. Тағы бізді қызықтарған жайт – ол жерде Ресей өнері мен әдебиеті, ғылымына үлес қосқан тұлғалардың он шақты ескерткіші бой көтерген. Атап айтсақ, Михайло Ломоносовтың, Дмитрий Менделеевтің, Николай Чернышевскийдің, Александр Герценнің т.б. мүсіндері қасқайып тұр.

Францияның Бордо қаласындағы Квоенсес алаңында шахмат тәртібінде жартылай ағаштар егілген. Сондықтан бұл жерді Шахмат алаңы деп те атайды. Ол жерде де көп елдердегі алаңдарға сияқты ескерткіш бар. Мүсін Жирондистер (Сәттілікке ескерткіш) монументі деп аталады. Алаң көбінесе мерекелік шараларды және жәрмеңкелерді өткізуге пайдаланады. Осы тұрғыдан алғанда, мұның елордадағы қалалық алаңнан бәлендей айырмашылығы жоқ.

«Қалалық алаңның қандай болғанын қалайсыз?» деген өзіміздің сауалдамамызға оралсақ, ол жөнінде елордалықтардан сан алуан пікір естідік. Әрине, арасында құлақ асарлық пікірлер де жеткілікті. Басты мақсат – қала халқы жақсылап демалатын жер жасау. Бұл мәселеге келгенде он ойланып, мың толғануға да тура келетін шығар. Дегенмен, бұған өз ісінің нағыз мамандары – сәулетшілер мен дизайнерлер атсалысқаны жөн. Қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы үздік жобаға байқау жарияласа да артықтық етпейді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button