Жаңалықтар

ЖҰМАНЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМIН

Серiк АҚШОЛАҚОВ, Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының директоры:

Қарапайым халықтың мүддесi жолындағы ұсынысым тиiстi орындардан қолдау тауып, қуанып отырмын.
Денсаулық сақтау министрлiгi Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, Онкологиялық аурулардың алдын алу жөнiндегi бағдарламаның жобасын жасап жатыр.
Үш күн бүрын, профессор Кен Әлiбектiң жетекшiлiгiмен бағдарламаның жобасын қарайтын жұмыс тобының отырысына қатысқанмын. Алдағы уақытта Астанада Ұлттық онкология орталығы құрылмақшы. Менiң ойымша, нейроонкология саласы қандай жағдайда да нейрохирургия ор-талығының құрамында қалдырылуы тиiс.
Қазiргi кезде әлемнiң жетекшi елдерiнiң медицинасында «гайма найф» деп аталатын аппарат бар. Онкологиядағы кейбiр көлемi кiшкентай iсiктердi операция жасамай-ақ, осы аппарат сәулесiнiң көмегiмен 40 минут бойы күйдiрiп, көзiн жоюға болады. Бiздiң отандық медицинамыз үшiн таптырмас тәсiл бұл. Менiң ұсынысыммен жаңа бағдарлама аясында осы құрылғының бiреуi сатып алынатын болды. Бiр аппараттың мүмкiндiгi бiздiң 16 миллион халқымызға толығымен жеткiлiктi.
Аптадағы жұмыс күндерiм әдеттегiдей «операция, операция, тағы да операциямен» өттi. Күнiне кем дегенде әртүрлi диагнозбен 2-3 операция жасаппын. Бiрақ, бұл мен үшiн қалыпты жағдай. Тек бiр есiмде қалғаны, бiр күн iшiнде ми iсiгiне шалдыққан үш балаға қатар операция жасадым.
Осы аптадан бастап орталығымызда қызметкерлерiмiзге арналған үлкен жаттығу залы ашылды. Кейде күнi бойы операция бөлмесiнен шығуға уақыт таппайтын дәрiгерлерiмiз үшiн ендi жұмыстан кейiн бiр сәт спортпен айналысып, сергуiне зор мүмкiндiктер туды.
Аптаның жұма күнiн жақсы көремiн. Себебi, бiздiң отбасымызда дәл осы күнi кешкiсiн асықпай, жайланып отырып, Алматыдағы немерелермен телефон арқылы сөйлесетiн дәстүрiмiз бар…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button