Жұмекен мен Тәкенді оқу жылы
Ұлттық академиялық кітапханада дәстүрлі «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының қорытындысы және 2025 жылы іс-шара аясында оқитын кітапты таңдау отырысы өтті.
Отырысты ҰҒА академигі, профессор, алаштанушы Амантай Шәріп жүргізді. Сондай-ақ іс-шараға акцияның тұрақты комиссия мүшелері ҚР ҰАК басшысы Ғазиза Құдайбергенқызы, жазушы Асқар Алтай, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы қатысты. Бұдан бөлек ZOOM платформасы арқылы да басқа қалада тұратын қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері мен қатар облыстық кітапхана басшылары да қосылды.
– Бұл жобаның басты парызы – Қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге мүмкіндік туғызу, өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуы мен ана тіліне деген құрметін көтеру. Сондықтан да жоба аясында осы жылдар ішінде мыңдаған түрлі форматта кездесулер, көрмелер, жаңа технологиялық ақпарат арқылы виртуальды көрмелер, сайттар, челлендждер, байқаулар ұйымдастырылып, оған миллиондаған аудитория тартылды. Құрамында елімізге белгілі ақын-жазушылар мен журналистер, кітапханашылары бар акцияның ұйымдастыру комитеті жылда отырыс өткізіп, өңір кітапханаларынан келген ұсыныстар мен оқырмандардың талғамын ескеріп, қазақ әдебиетінде есімі ұмытылып бара жатқан немесе мерейтойы тұспа-тұс келетін қаламгер шығармасын жыл бойы ел болып оқуды таңдайды, – деп атап өтті Ғ.Құдайбергенқызы.
Отырыс аясында былтырғы акция қорытындыланып, облыстық, аудандық, қалалық және ауылдық кітапханалар түрлі инновациялық форматта көрнекті жазушы Б.Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау үшін 10021 мәдени-рухани шара ұйымдастырылғаны, 234 922 аудитория қатысқаны жөнінде арнайы презентация ұсынылды.
Осылайшы биылғы ел болып оқитын кітапты таңдау барысында комиссия мүшелерінің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды, облыстық кітапханалар, оқырмандар және зиялы қауым өкілдері ұсынған шығармалар мен авторлар ескерілді. Оның ішінде биылғы Жеңістің 80 жылдығына орай майдан тақырыбына қалам тербеген авторлардың шығармалары, мерейтойлары аталып өтетін қазақ қаламгерлерінің туындылары және барлық жастағы оқырманның сұранысын қанағаттандыратын кітаптар мен кітап авторлары ұсынылды.
Іс-шараны қорытындылай келе, комиссия мүшелері қазақ әдебиетінің поэзия және проза жанрынан екі авторды оқуға шешім қабылдады. Проза жанры бойынша көпшілік дауыспен ұлтымыздың көрнекті жазушысы, ақын, сыншы, аудармашы, суреткер Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын оқу ұсынылды. Поэзия жанры бойынша мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтетін Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары таңдалды. Енді жыл бойы ел болып оқуға таңдалған екі автордың шығармалары көпшілік кітапханаларда түрлі форматтарда жан-жақты насихатталады.
Еске салайық, акция 2007 жылы Ұлы Абайдың қарасөзін оқудан басталған. Содан бері бүгінгі күнге дейін қазақ әдебиетінің ең таңдаулы 51 классик ақын-жазушысының үздік шығармаларын оқырман қауымға ұсынып, насихаттап келді. 2024 жылы көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын ел болып оқыдық. Көпшілік кітапханалар жыл бойы жоспарға сай түрлі инновациялық іс-шараларды ұйымдастырып, елге автордың шығармасын насихаттады.
Шапағат ӘБДІР