Қоғам

Жұмекеннің жұмбағы

Астана қаласы әкімдігі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Жұмекеннің жұмбағы» атты ашық әдеби лекция өтті. Дәрісті белгілі қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы оқыды.

          Биыл – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аса көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына 90 жыл. Ақынның мерейтойына орай Жұмекен шығармалары республика көлемінде дәріптеліп, насихатталып келеді.

Қаламгердің құрметіне арналған осы іс-шараның да кітапханада өтуінің өз ерекшелігі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек» деген еді. Бұл кітап пен кітапхананың қоғамдағы салмағын арттыра түскені рас. Оқу- ағарту министрлігі Президент сөзін іс жүзінде қолдап «Оқуға құштар колледж», «Оқуға құштар мектеп» жобаларын бірден жүзеге асыра бастады.

         Бұл бастамалар кітапхана мен мектеп және жоғары оқу орындарындағы кітапханалардың жұмысына серпін, шабытына жігер сыйлады. Оқушылар мен жастарды кітап оқуға бағыттайтын шараларға тартып, рухани кештер мен дәрістерді жиі-жиі өткізіп келеді. Іс- шараға қатысқан көпшілік те мектептер мен колледждерден келген ұстаздар мен кітапханашылар қауымы болды.

Дәріс басында лектор Амангелді Кеңшілікұлы кітапхана мен кітапханашылардың еңбегіне ерекше тоқталып, атқарып отырған істеріне береке тілеп, алғыс айтты. Әрі қарай тақырып бойынша дәрісін жалғастырып, Жұмекеннің жұмбағын ашуға тырысты. Жұмекен жырларын жатқа оқып, өлеңі мен өмірінен ерекше сыр шертті.

«Күйшілікті де терең меңгеріп, өлеңде де еш­кімге дес бермей, екі өнердің тізгінін қатар ұста­ған Жұмекен Нәжімеденов сегіз қырлы, бір сырлы таңғажайып талант. Ол суреткерлікті де, сыршыл­дықты да, биязылықты да, кеңдікті де, биік­тікті де, тереңдікті де, сұлулықты да шығармашы­лық шеберлігімен ұштастыра білген ұлы ақын. Қамшы­ның са­бындай қысқа ғұмырында күні-түні тынымсыз еңбек етіп, артына жеті том өлмес мұра қалдырған жыр сүлейінің қолына күрек пен қайла алып, тонна-тонна топырақты қазып, алтын іздегендей болған еңбекқорлығы мен өнерге берген адал сертінен айнымаған рухының қайсарлығына жыр жинақтарын парақтаған сайын, сүйсінген үстіне сүйсіне түсесің» дей келіп: «Әдеби сынымыздың «Жұмекен қандай ақын?» деген сұраққа мардымды жауап таппай «терең ақын» деген сөзге желімше жабысып қалғанына да, міне, отыз жылдың жүзіне тақап қалды» деп түйіндеді дәрісін.

Шара соңында тыңдаушылар дәріскерге сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті. Жұмекеннің қаламынан туған поэзия да, проза да бүгінде халқымыздың қажетіне жарап, ұлтымыздың ұлағатына айналып отырғанына тағы бір рет куә болдық.

Қабиден Қуанышбай

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button